Достығымыз әрқашан сақталады,
Ән-жырымыз жүректе жатталады.
Бірге жүрген сол күндер қандай ыстық,
Жастық шақтан жан сырды ақтарады, — деп жерлесіміз Шашубай Малбыдаев жырға қосқандай жалындаған жастық шақ — адам өмірінің ең тамаша кезеңі. Талай қызықты бірге өткізген достармен сағыныса қауышудың өзі бір бақыт екен ғой.
Жақында әсем қала Алматыда курстастармен әдемі кездесу өтті. Біздің оқу бітіргенімізге биыл 50 жыл толды. Қас-қағым сәттей болған қайран уақыт! Біз 1966 жылы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1971 жылы қолымызға диплом алған соң, әрқайсысымыз өзіміздің туған жерімізге аттанған болатынбыз. Міне, жарты ғасырдан кейін сол жастармен басымызды қосып, естен кетпес кездесудің куәсі болдық. Біздің курста Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігінен, шығысы мен батысынан арман қуып келген студенттер білім алды. Бір-бірімізбен қауышқанда студенттік күндерде өткізген қызықты кезеңдер көз алдымызға келіп, ерекше сезімге бөлендік.
Әлбетте, бізді білім нәрімен сусындатқан, жаңа өмірге нық қадам басуымызға игі ықпал еткен аяулы ұстаздарға мәңгі қарыздармыз. Оларды ұмыту мүмкін емес. Қасиетті қара шаңырақта біз Мәлік Ғабдуллин, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев, Мырзатай Серғалиев, тағы басқа өнегелі ұстаздардан тәлім алдық. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің де дәрісін тыңдағанымызды мақтанышпен еске аламыз.
“Елу жылда – ел жаңа” дегендей, осы уақытта әрқайсысымыздың өмірімізде елеулі өзгерістер орын алды. Ең бастысы, өмірде өз орнымызды тауып, бүгінде ата-әже атанып отырмыз. Өкінішке қарай, бірге оқыған курстастардың арасында жалған дүниемен ерте қош айтысқан жандар да жоқ емес. Оларды да еске алып, аруақтарына Құран бағыштадық. Осы кешті ұйымдастырған Фаузия Оразбаева мен Сатыбалды Досымбеков әр студенттің өмірі мен еңбек жолы, отбасы туралы мәлімет жинастырып, “Қайдасыңдар, достарым” атты кітап шығарды. Кітапты қолға алғандағы толғанысты сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Одан басқа ұйымдастырушылар Бағдат Тоқажанова, Сейсенгүл Егізбаеваға да біздің айтар алғысымыз шексіз. Осындай тамаша кездесудің өтуіне ұйытқы болған Шашубай Малдыбаевтың да есімін ерекше атап өткен жөн. Шашубайды білмейтін адам кемде-кем. Әсіресе өзінің туған жері Қызылжар өңірі оны ерекше құрметтейді. Ол қарт басылым “Soltüstık Qazaqstan” газетінің өміршең болуына әркез тілектестігін білдіріп, ана тіліміздің, айтыс өнерінің дамуына үлесін қосып келеді.
Жалпы бізбен оқыған студенттердің осалы жоқ. Мәселен, Уәлихан Қалижанов, Фаузия Оразбаева, Серік Негимов профессор, академик атанса, Мәнет Аманходжаева, Мүбәрак Үмбетаев – ғылым кандидаттары. Ризабек Адуов, Нүсіпхан Қыстаубаев Қазақстан Орталық Комитетінде, ал жерлестеріміз Ертөстік Балғарин, Бақтығали Сәдуақасов Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде жауапты қызметтер атқарды. Басқа да курстастарым журналист, радио-телевизия дикторы, ардагер ұстаз атаныпты.
Еліне елеулі, халқына қалаулы болған ұл-қыздардың балаң шағында бастау алып, өмірдің соңына дейін жалғасын тапқан осындай сыйластық, достық қарым-қатынасымыз мәңгілік болып, одан кейінгі ұрпақ үлгі алса екен деймін.
Зиягүл ТАСЫБАЕВА,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Мәркен Ахметбеков атындағы орта мектептің ардагер ұстазы, зейнеткер.