Халқымыздың сан ғасырлық тарихында қайғы-қасіретке толы оқиғалар аз болған жоқ. Соның барлығын тізе берсек, айтарымыз да, жазарымыз да аз болмас еді. Тереңге үңілмейік, ата-әжелеріміз кеңес өкіметінің орнауын ақ түйенің қарны жарылғандай қуана қарсы алып, өсіп-өркендеуіне бар күштерін салды, аянбай еңбек етті. Сол кездегі идеология жаңа қоғамның жақсы жағын дәріптеп, насихаттады. Ауылдың үлкендері “кемелденген социализмнің” жан түршігерлік мысалдарын сыбырласып қана айтатын. Меніңше, өз халқын еріксіз күштеу арқылы ауыр жұмыстарға тарту бүкілодақтық атқару комитеті президиумының 1919 жылы 11 сәуірдегі “Еңбек лагерьлері туралы” қаулысынан басталған сияқты. Оған сол кездегі көсемнің “егер сендіру әдісі қолданылмаса, онда пролетариатта керемет әдіс бар, ол – мәжбүрлеу” деген сөзі отқа май құйып жіберген тәрізді. Сол-ақ екен, КСРО аумағында зорлық-зомбылық жүргізетін орындар жаппай ашылып, фашистік концлагерлерден ешқандай айырмашылығы болмаған. Зерттеуші, тарихшы Игорь Кузнецовтың 2012 жылы жарық көрген “Концлагеря в 1920-х годах: они были первыми” атты мақаласында небір сорақы мысалдар келтірілген. Бұл нәубет Қазақстанды да айналып өткен жоқ.
Мен ауылдықтардың адам басына бермес қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерген зобалаң шақтарын, тіпті бертінде өзім куә болған, көзіммен көрген жайттар арқылы баяндауды жөн көрдім. Әкем Молдағали Қоңырбаев (ауылдастары ол кісіні дене бітіміне қарап “Жұқа” деп атап кеткен) екі ағасы Шегір және Жекенмен бір шаңырақта тұрған. Соғыс басталғанда әкем мен Шегір еңбек армиясында – бірі Балқашта, екіншісі Қарағанды шахтасында жұмыс істеген. Шамасы, қан майданға жіберуге екеуінің де денсаулықтары жарамаған болу керек. Ал Жекен 1942 жылы 8 наурыз күні Октябрь (бүгінгі Шал ақын) аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына алынған. Алғашқы ұрысқа Ростов на-Дону деген қала маңында қатысқан. 1943 жылдың жазында болған қиян-кескі шайқастың бірінде қатты жараланған. Есінен айырылып жатқан жерінен отын жинап жүрген бір қария тауып алып, үйіне алып келген. Ағамның айтуынша, жарақатын емдеп, бірге туған бауырындай күткен. Бір ғажабы, қазақша оп-оңай түсініп, тез тіл табысып кеткен. Сиырдың айранын мейірлене ішкенін жиі есіне алып отыратын. Әбден әлденіп алғаннан кейін әскери бөлімшесін іздеуге шыққан. Бірнеше күн жүріп, зорға дегенде қызыл армияның артиллерия бөліміне тап болған. Ағамның айтқанына қалтқысыз сенген иманжүзді батальон командирі: “Бізбен бірге қал, снаряд тасушы бол”, – деп өз шешімін айтқан. Басқа таңдау жоқтығынан лажсыз көнген. Соғысқа бастан-аяқ қатысып, Германия жерінде аяқтаған. Елге 1946 жыл күзгесалым оралған. Келе салысымен “Жалтыр” ұжымшарында еңбек еткен. Оның ізін ала әкем мен Шегір де аман-есен туған-туыстарымен қауышқан. Жекен ағам ұстаның көмекшісі – көрікші болып жұмыс істеді. Ұста – Қоспан Қожықов, темірден түйін түйген шебер. Сырнай тәрізді арнаулы қондырғыны көрікке орнатылған жіппен жоғары-төмен басқанда жел үрлеп, бықсып жанып жатқан от лаулап сала беретін. Содан имек темірлерді әбден балқытып, неше түрлі қалыпқа келтіретін. Анам Күлзипә да таң атқаннан кеш батқанға дейін егіс басында. Егіс даласында тігілген қоста колхозшыларға ас дайындайды. Қосты кейде “балаған” деп те атайтын. Жас босанған келіншектер сәбилерін қос басына қалдырып кететін. Ол кезде жұмыс тәртібі өте қатал. Сәл кешіксе не себепсіз шықпай қалса, еңбек күнінен қағылды дей бер. Шиеттей бала-шағаның қамы үшін отқа түсуге де даяр қайран аналардың жанкештілігі таңдандырмай қоймайтын.
Есім кіріп қалған кез, анам жанынан тастамай қырманға, шөп жинауға алып баратын. Буыны қатпаған алты-жеті баланы бақылауға бригадирдің рұқсатымен бір әйелді қалдыратын. Соғыстан кейін туған біздер тамаққа жарымай ашқұрсақ жүрсек те, анау-мынауға мойи қоймайтынбыз. Кейде көрікші ағам мені әке-шешемнен сұрап, қасына ертіп алатын. Бір шаңырақ астында тұрғандықтан әкемдей көретінмін, оның да мен дегенде шығар жаны басқа. Өте балажан, жұмыс арасында бауырына қысып, маңдайымнан құшырлана иіскейтін. Техника дегенің – жоқтың қасы, негізгі көлік – өгіз. Жүкті өгіз жегілген арбамен 25 шақырымда орналасқан аудан орталығы Марьевкаға таситын. Бір күні ағамды “үндеместер” жұмыс басынан алып кетіп, содан үшті-күйлі жоғалды. Әке-шешемнің ұнжырғасы түскен көңіл күйлерінен үйдің ішіне үлкен қасірет келгенін іштей сезетінмін. “Еңбек еткеннен басқа қандай кінәсі бар еді?” – деп еңірегенде, етектері жасқа толатын. Күнде басымнан аялай сипайтын ағамның ыстық алақанына зар болып қала бердім. Түр-түсі, сөз саптасы жағынан Жекенге ұқсас Бекен ақсақал көрші тұрғандықтан, сол шаңыраққа барғыштайтын болдым. Ол кісінің қолынан ұстап, соңынан еріп жүретін “өнер” шығарыппын. Атай да ағама деген сағыныш сезімімді түсінсе керек, келген сайын айналып-толғанатын. Өзімен бірге қонаққа, қыдырысқа ертіп баратын. Сосын үйге әкеліп тапсыратын. “Менің жанымда жүре берсін, көз боламын ғой. Ертең Бүркіт екеуі тете өсіп, бірге ойнайды”, – дейтін.
Ол кезде Жалтырдағы мектеп бастауыш-тұғын. Ерлі-зайыпты Мәжит пен Әзікен екеуі де – үлгілі мұғалімдер. Қолдарында Күлбәршін деген қызы, Талап, Талапкер деген ұлдары болды. Мәжит аға қолыма қалам ұстатып, әріп үйретті. Өте өнерлі адамдар еді. Әнді шырқата салып, ойын-тойдың ажарын, сәнін келтіретін. Әзікен апай өлеңді табанда суырып салатын. Соның бірі – Мойынты теміржолы ашылғанда табан астында шығарған “Паровоз” деген өлеңі есімде қалыпты. Бекен қария – Әзікеннің әкесі. Олардың білімдарлығын, өнерпаздығын жалтырлықтар әлі күнге дейін ауыздарынан тастамайды.
Не керек, елуінші жылдың тамыз айында Жекен ағамды он жылға соттап жіберді. Сөйтсек, бар “кінәсі” – соғыста ауыр жараланып өзінің әскери бөлімінен бірнеше күн ажырап қалғаны екен. Әскери бөлімдер жанынан құрылған “ішкі қауіпсіздік бөлімдері” соғыстан кейін кімдер өлді, кімдер тұтқынға түсті, бәрін тексеріп, тиісті басқармаға ақпаратын хабарлап тұрады екен. Қарапайым ауылда ем-дом алғаны өзіне сор болып жабысқан. “Үштіктің” мүшелері “Сен сол күндері немістердің қолына түсіпсің. Сені тыңшылыққа жіберген. 13 күн бойы қайда болдың?” – деп қарадай пәле жапқан. Қалай ақталса да дәлеліне құлақ аспаған күйі Омбы қаласындағы абақтыға тоғытқан. 1951 жылы зайыбы Мәриям шешеміз босанып, Мәдина деген қыз дүние есігін ашты. Арада екі жыл өткен соң Новосібір қаласындағы қазақ мектебінде мұғалім болып жұмыс істейтін Серікбай Ақанов деген туысымыз Мәриям шешеміз бен Мәдина қарындасымызды Омбыға апарып, ағамызбен көрістіріп келді. Бірде біздің үйге ұзын бойлы бір кісі келді. Өзін Хамза Әбдірешов деп таныстырды. Жүзі жылы, сөзі орнықты. Жазықсыз сотталғанға дейін Қостанай облысының бір ауданында аудандық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарыпты. Ісі қайта қаралып, түрмеден шығыпты. Еліне бара жатып, жолай бізге соққан. Жекен ағамызбен абақтыда бірге болғанын айта келіп, былай деді: “Мәриям жеңгей, көп уайымдамаңыз, Құдай бұйырса, Жекен ағай да елге оралар. Ол кісінің ісі қайта қарауға алынғаны жайлы жақсы хабарды сізге жеткізу үшін арнайы келдім. Ағайдың аман-есен оралуы сіздің берген сүйіншіңіз болсын”. Туған-туыстар керемет қуанып, кішігірім той жасалды. Бес жылдан кейін, яғни 1955 жылы ағамыз елге оралды. Барынша сабырлы, байсалды адам еді. Төңірекке сыйлы, ақылшы атанды. Ислам дінін тұтынып, бір Жаратқанға риясыз сенді. Үнемі елдің тыныштығын, жұрттың тілеуін тілеп отырды. 1956 жылы Ағайша деген қарындасымыз дүниеге келді.
Жазықсыз жапа шеккендер тізімін соза беруге болар еді. Қаншама адамның қаны нақақтан-нақақ төгілгенін көз алдымызға елестетсек, қарадай жаның түршігеді. Көрші үйде тұрған Сақан деген әжей: “Әбдірахманым, Әбдірахманым”, – деп көз жасын төгіп отыратын. 1937 жылы жазықсыз атылып кеткен жерлесіміз Әбдірахман Айсариннің туған апасы екенін есейе келе білдік. Облыс орталығында орнатылған мемориалдық тақтада менің әкемнің ағасы Жекен Бегайдаровтың да есімі тасқа қашап жазылған. Еліміз Тәуелсіздік алғасын ғана өшкеніміз жанып, жоғымыз түгенделе бастады. Ал былтыр алапат аштық пен саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық ақтау туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығының шығуы өте орнықты шешім деп есептеймін.
Ғабит ҚОҢЫРБАЕВ,
еңбек ардагері.
Қызылжар ауданы.