«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жазықсыз жапа шеккен

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыздың сан ғасырлық тари­хын­да қайғы-қасіретке толы оқиғалар аз болған жоқ. Соның барлығын тізе берсек, айтарымыз да, жазарымыз да аз болмас еді. Тереңге үңілмейік, ата-әжелеріміз кеңес өкіметінің орнауын ақ түйенің қарны жарылғандай қуана қар­сы алып, өсіп-өркендеуіне бар күште­рін салды, аянбай еңбек етті. Сол кез­де­гі идеология жаңа қоғамның жақсы жа­ғын дәріптеп, насихаттады. Ауыл­дың үлкендері “кемелденген социа­лизмнің” жан түршігерлік мысалдарын сыбырласып қана айтатын. Меніңше, өз халқын еріксіз күштеу арқылы ауыр жұмыстарға тарту бүкілодақтық атқару комитеті президиумының 1919 жылы 11 сәуірдегі “Еңбек лагерьлері туралы” қау­лысынан басталған сияқты. Оған сол кездегі көсемнің “егер сендіру әдісі қолданылмаса, онда пролетариатта ке­ре­мет әдіс бар, ол – мәжбүрлеу” деген сөзі отқа май құйып жіберген тәрізді. Сол-ақ екен, КСРО аумағында зорлық-зомбылық жүргізетін орындар жаппай ашылып, фашистік концлагерлерден ешқандай айырмашылығы болмаған. Зерттеуші, тарихшы Игорь Кузнецов­тың 2012 жылы жарық көрген “Концла­геря в 1920-х годах: они были первыми” атты мақаласында небір сорақы мы­сал­дар келтірілген. Бұл нәубет Қазақ­станды да айналып өткен жоқ.

Мен ауылдықтардың адам басына бер­мес қиын-қыстау кезеңдерді басы­нан өткерген зобалаң шақтарын, тіпті бертінде өзім куә болған, көзіммен көр­ген жайттар арқылы баяндауды жөн көр­дім. Әкем Молдағали Қоңырбаев (ауыл­дастары ол кісіні дене бітіміне қарап “Жұқа” деп атап кеткен) екі ағасы Шегір және Жекенмен бір шаңырақта тұрған. Соғыс басталғанда әкем мен Ше­гір еңбек армиясында – бірі Бал­қаш­­та, екіншісі Қарағанды шахтасында жұ­мыс істеген. Шамасы, қан майданға жі­беруге екеуінің де денсаулықтары жа­ра­маған болу керек. Ал Жекен 1942 жылы 8 наурыз күні Октябрь (бүгінгі Шал ақын) аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына алынған. Ал­ғашқы ұрысқа Ростов на-Дону деген қа­ла маңында қатысқан. 1943 жылдың жа­зында болған қиян-кескі шайқастың бі­рінде қатты жараланған. Есінен айы­ры­лып жатқан жерінен отын жинап жүр­ген бір қария тауып алып, үйіне алып келген. Ағамның айтуынша, жарақатын емдеп, бірге туған бауырындай күткен. Бір ғажабы, қазақша оп-оңай түсініп, тез тіл табысып кеткен. Сиырдың айра­нын мейірлене ішкенін жиі есіне алып отыратын. Әбден әлденіп алғаннан ке­йін әскери бөлімшесін іздеуге шыққан. Бірнеше күн жүріп, зорға дегенде қы­зыл армияның артиллерия бөліміне тап болған. Ағамның айтқанына қалт­қысыз сенген иманжүзді батальон ко­ман­дирі: “Бізбен бірге қал, снаряд та­сушы бол”, – деп өз шешімін айтқан. Бас­қа таңдау жоқтығынан лажсыз көн­ген. Соғысқа бастан-аяқ қатысып, Гер­мания жерінде аяқтаған. Елге 1946 жыл күзгесалым оралған. Келе салы­сы­мен “Жалтыр” ұжымшарында еңбек еткен. Оның ізін ала әкем мен Шегір де аман-есен туған-туыстарымен қауыш­қан. Жекен ағам ұстаның көмекшісі – кө­рікші болып жұмыс істеді. Ұста – Қоспан Қожықов, темірден түйін түйген шебер. Сырнай тәрізді арнаулы қондырғыны көрікке орнатылған жіппен жоғары-тө­мен басқанда жел үрлеп, бықсып жа­нып жатқан от лаулап сала беретін. Со­дан имек темірлерді әбден балқытып, неше түрлі қалыпқа келтіретін. Анам Күлзипә да таң атқаннан кеш батқанға дейін егіс басында. Егіс даласында тігіл­ген қоста колхозшыларға ас да­йын­дайды. Қосты кейде “балаған” деп те атайтын. Жас босанған келіншектер сәбилерін қос басына қалдырып кете­тін. Ол кезде жұмыс тәртібі өте қатал. Сәл кешіксе не себепсіз шықпай қалса, еңбек күнінен қағылды дей бер. Шиет­тей бала-шағаның қамы үшін отқа түсу­ге де даяр қайран аналардың жан­кеш­тілігі таңдандырмай қоймайтын.

Есім кіріп қалған кез, анам жанынан тастамай қырманға, шөп жинауға алып баратын. Буыны қатпаған алты-жеті ба­ланы бақылауға бригадирдің рұқсаты­мен бір әйелді қалдыратын. Соғыстан кейін туған біздер тамаққа жарымай аш­құрсақ жүрсек те, анау-мынауға мойи қоймайтынбыз. Кейде көрікші ағам ме­ні әке-шешемнен сұрап, қасына ертіп алатын. Бір шаңырақ астында тұрған­дықтан әкемдей көретінмін, оның да мен дегенде шығар жаны басқа. Өте ба­лажан, жұмыс арасында бауырына қы­сып, маңдайымнан құшырлана иіскей­тін. Техника дегенің – жоқтың қасы, не­гізгі көлік – өгіз. Жүкті өгіз жегілген ар­бамен 25 шақырымда орналасқан ау­дан орталығы Марьевкаға таситын. Бір күні ағамды “үндеместер” жұмыс басы­нан алып кетіп, содан үшті-күйлі жоғал­ды. Әке-шешемнің ұнжырғасы түскен көңіл күйлерінен үйдің ішіне үлкен қа­сірет келгенін іштей сезетінмін. “Еңбек еткеннен басқа қандай кінәсі бар еді?” – деп еңірегенде, етектері жасқа тола­тын. Күнде басымнан аялай сипайтын ағамның ыстық алақанына зар болып қала бердім. Түр-түсі, сөз саптасы жа­ғынан Жекенге ұқсас Бекен ақсақал көр­ші тұрғандықтан, сол шаңыраққа бар­ғыштайтын болдым. Ол кісінің қолынан ұстап, соңынан еріп жүретін “өнер” шы­ғарыппын. Атай да ағама деген сағы­ныш сезімімді түсінсе керек, келген са­йын айналып-толғанатын. Өзімен бірге қонаққа, қыдырысқа ертіп баратын. Сосын үйге әкеліп тапсыратын. “Менің жанымда жүре берсін, көз боламын ғой. Ертең Бүркіт екеуі тете өсіп, бірге ойнайды”, – дейтін.

Ол кезде Жалтырдағы мектеп бас­тауыш-тұғын. Ерлі-зайыпты Мәжит пен Әзі­кен екеуі де – үлгілі мұғалімдер. Қол­дарында Күлбәршін деген қызы, Та­лап, Талапкер деген ұлдары болды. Мә­жит аға қолыма қалам ұстатып, әріп үй­ретті. Өте өнерлі адамдар еді. Әнді шырқата салып, ойын-тойдың ажарын, сәнін келтіретін. Әзікен апай өлеңді табанда суырып салатын. Соның бірі – Мойынты теміржолы ашылғанда табан астында шығарған “Паровоз” деген өле­ңі есімде қалыпты. Бекен қария – Әзі­кеннің әкесі. Олардың білімдар­лығын, өнерпаздығын жалтырлықтар әлі күнге дейін ауыздарынан тастамайды.

Не керек, елуінші жылдың тамыз айын­да Жекен ағамды он жылға соттап жіберді. Сөйтсек, бар “кінәсі” – соғыста ауыр жараланып өзінің әскери бөлімі­нен бірнеше күн ажырап қалғаны екен. Әскери бөлімдер жанынан құрылған “ішкі қауіпсіздік бөлімдері” соғыстан кейін кімдер өлді, кімдер тұтқынға түсті, бәрін тексеріп, тиісті басқармаға ақпа­ратын хабарлап тұрады екен. Қара­па­йым ауылда ем-дом алғаны өзіне сор болып жабысқан. “Үштіктің” мүшелері “Сен сол күндері немістердің қолына түсіпсің. Сені тыңшылыққа жіберген. 13 күн бойы қайда болдың?” – деп қара­дай пәле жапқан. Қалай ақталса да дә­леліне құлақ аспаған күйі Омбы қала­сындағы абақтыға тоғытқан. 1951 жы­лы зайыбы Мәриям шешеміз босанып, Мәдина деген қыз дүние есігін ашты. Арада екі жыл өткен соң Новосібір қаласындағы қазақ мектебінде мұғалім болып жұмыс істейтін Серікбай Ақанов деген туысымыз Мәриям шешеміз бен Мәдина қарындасымызды Омбыға апа­рып, ағамызбен көрістіріп келді. Бірде біздің үйге ұзын бойлы бір кісі келді. Өзін Хамза Әбдірешов деп таныстыр­ды. Жүзі жылы, сөзі орнықты. Жазық­сыз сотталғанға дейін Қостанай облы­сының бір ауданында аудандық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет ат­қарыпты. Ісі қайта қаралып, түрмеден шы­ғыпты. Еліне бара жатып, жолай бізге соққан. Жекен ағамызбен абақты­да бірге болғанын айта келіп, былай деді: “Мәриям жеңгей, көп уайымда­маңыз, Құдай бұйырса, Жекен ағай да елге оралар. Ол кісінің ісі қайта қарауға алынғаны жайлы жақсы хабарды сізге жеткізу үшін арнайы келдім. Ағайдың аман-есен оралуы сіздің берген сүйін­шіңіз болсын”. Туған-туыстар кере­мет қуанып, кішігірім той жасалды. Бес жылдан кейін, яғни 1955 жылы ағамыз елге оралды. Барынша сабырлы, бай­салды адам еді. Төңірекке сыйлы, ақыл­шы атанды. Ислам дінін тұтынып, бір Жаратқанға риясыз сенді. Үнемі ел­дің тыныштығын, жұрттың тілеуін тілеп отырды. 1956 жылы Ағайша деген қарындасымыз дүниеге келді.

Жазықсыз жапа шеккендер тізімін со­за беруге болар еді. Қаншама адам­ның қаны нақақтан-нақақ төгілгенін көз алдымызға елестетсек, қарадай жаның түршігеді. Көрші үйде тұрған Сақан де­ген әжей: “Әбдірахманым, Әбдірах­ма­ным”, – деп көз жасын төгіп отыратын. 1937 жылы жазықсыз атылып кеткен жерлесіміз Әбдірахман Айсариннің туған апасы екенін есейе келе білдік. Об­лыс орталығында орнатылған ме­мо­риалдық тақтада менің әкемнің аға­сы Жекен Бегайдаровтың да есімі тас­қа қашап жазылған. Еліміз Тәуелсіздік алғасын ғана өшкеніміз жанып, жоғы­мыз түгенделе бастады. Ал былтыр алапат аштық пен саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық ақтау туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығының шығуы өте ор­нықты шешім деп есептеймін.

Ғабит ҚОҢЫРБАЕВ,

еңбек ардагері.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp