Жергілікті педагогтардың жеке, рухани өмірінде, мансаптық өсуінде, өмірлік тәжірибе алмасуында, қолдау, білім сапасын бақылау мен бағалауда және инновациялық педагогикалық технологияларды енгізуде, оқушылардың оқу-танымдық және жобалық-зерттеу іс-әрекеттерін ұйымдастыруда тәлімгерлік тақырыбы “Өрлеу” біліктілікті арттыру орталығы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалы тарапынан үнемі назарда ұсталынады. Оның нақты айғағына “Кәсіби шеберлік және тиімді тәлімгерлік” байқауының ұйымдастырылуын айтар едік. Байқаудың негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарына тәлімгерліктің тиімді педагогикалық тәжірибесін тарату. Бірінші кезеңде тәлімгерлер мен жас мамандар тарапынан “Бізді тәлімгерлікке не және неге біріктіреді?”, “Тәлімгерлік педагогикалық тәжірибе мәселелерін шешуге, оқу орнын дамытуға қалай көмектеседі?” деген сұрақтар қамтылып, әр бағыт бойынша өз ойларын ортаға салып, бейнежазба арқылы іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Соңғы кезеңде “Педагогикалық тәлімгерлік білім беру жүйесінің қиындықтарын жеңе алады”, “Мұғалімнің тәлімгерлігі білім сапасына әсер етеді”, тағы басқа тақырыптар негізінде мини-дебаттарға қатысып, нақты идеялар, аргументтер мен дәлелдемелер, сонымен қатар тәлімгерлікті жүйелі ұйымдастыру бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды. Әр сында тәлімгерлер мен жас мамандар ортақ жұмыстарын сәтті қорғай алды. Әрине, бейнеролик дайындау, пікірсайыста ой бөлісу еңбек жолын енді бастаған ұстаздарға оңайға соққан жоқ. Бірақ мамандыққа деген сүйіспеншілік барлығын жеңе білді. Қарым-қабілеттері сыналған сайыс мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Өзге қатысушылардың материалдарын бағалап, пікірлерін ой елегінен өткізе келе, баға жетпес ақыл-кеңестер алды. Мұндай шаралар жас мамандарға кәсіби жағынан толысуына өз септігін тигізері анық.
Кәсіби шеберлік байқауына облыстағы жалпы білім беретін мектептердің, лицей, гимназиялардың және Беларусь, Ресейдің 226 ұстазынан тұратын 113 дуэт онлайн түрде қатысқанын айта кеткен жөн. Байқаудың І-ІІ кезеңдерінің қорытындысы бойынша 17 педагогикалық дуэт “Үздік бейне” аталымы, 69 педагогикалық дуэт “Жоғары қоғамдық тану” аталымы бойынша дипломдармен марапатталды, дуэтке қатысушы 72 педагог сертификаттарға ие болды. Ақтық сайыс пікірталас, креативтілігін, ұтқырлығын, сыни ойлауын және командалық көшбасшылығын дәлелдеуге бағытталған жұмыс формасымен ерекшеленді. Тәлімгерлік құндылықтарын іске асыруда жүзден жүйрік болып жеңімпаз атанған педагогтар қатарында Зәуреш Жиентаева, Алтынай Ережепова, Жанар Нөгербекова, Нұрбек Ғайса (Петропавл қаласы), Ақмарал Ілиясова, Әдия Қайыркенова (Қызылжар ауданы), Дана Маханбетова, Тілеген Ысқақов (Айыртау ауданы), тағы басқалары бар. “Педагогикалық дуэт” байқауы педагогика саласындағы заманауи қажеттіліктерді ескере отырып, кәсіби тәжірибені зерделеу, жас мамандардың бойындағы кәсібіне деген сүйіспеншілікті, жаңашылдықты анықтау мәселелерін зерделеді. Әртүрлі деңгейдегі тәлімгерлермен, тәлім алушылармен, олардың шығармашылық бағыттағы жұмыстарымен жақын танысуға үлкен мүмкіндік тудырылуы кәсіби қоғамдастық құрудың пісіп-жетілгенін айқындап берді.
– Ұрпақтар жалғастығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білу, жақсыдан үйрену, сендіру, еліктеу секілді ізгі қасиеттер педагогикалық дуэт байқауының басты басымдығы болды, – деген тәжірибелі ұстаз Зәуреш Жиентаеваның сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Адамдар әрдайым әлемді түрлендіруге талпынады. Сондықтан педагогтардың өз білімдерін шыңдап, жетілдіріп, түрлі кәсіби байқауларға қатысуы кәсіби шеберлік мектебі, шығармашылық педагогикалық тәжірибе зертханасы болып табылары анық. Осыған орай курсаралық кезеңдерде педагогтарды әдістемелік сүйемелдеуге қатысты тағы бір жобаны қолға алдық. Атап айтқанда, “Алтын қор” облыстық тәлімгерлер форумы ұйымдастырылды. Онда 13 педагогикалық әулет өкілдерінің кәсіби тәжірибесін насихаттау, құндылықтарды сақтау, педагогикалық кәсіптің қоғамдық-әлеуметтік мәртебесін нығайту басты тақырып ретінде таңдап алынды. “Ел Тәуелсіздігіне – 30 жыл: біздің әулетіміздің тарихы” жинағына өңірдің аса көрнекті және беделді педагогикалық әулеттері, білім беру жүйесін дамытуға үлес қосқан ұстаздар туралы мақалалар топтамасы ұсынылды.
Гүлден АҚМАҒАМБЕТОВА,
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалының курстан кейінгі сүйемелдеу зертханасының меңгерушісі.