Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері еліміздің алған асуы, бағындырған белесі аз емес. Егемендіктің 30 жылы ішінде толағай табыстардың куәсі болдық. Сол жетістіктеріміздің бірі және ұлт үшін ең маңыздысы – кезінде түрлі жағдайлармен төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарымыздың атажұртқа бет түзеп, көшіп келуі.
Отандастар қорының мәліметінше, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн. 77,3 мың этникалық қазақ оралды. Қазақстанға көшіп келген қандастардың жартысынан көбі, яғни 76,3 пайызы – Өзбекстаннан, 10,4 пайызы – Қытайдан, 6,2 пайызы – Түркіменстаннан, 2,7 пайызы – Моңғолиядан, 1,2 пайызы – Қырғызстаннан, 0,5 пайызы – Ираннан, 0,3 пайызы – Ауғанстаннан және қалған 2,5 пайызы басқа елдерден қоныс аударғандар. Қандастарымыздың шамамен үштен бірі Алматы облысына, 15 пайызы –Түркістан, 17,7 пайызы – Маңғыстау және 8 пайызы – Жамбыл облыстарына, сондай-ақ 11 пайызы Шымкент қаласына қоныстанған. Қолда бар деректер бойынша, Қазақстанға алыс және жақын шетелден көшіп келген қандастардың 90 пайызы қоныстанған жердегі жаңа жағдайларға бейімделіп, тұрақтап қалды. Бұл – мемлекеттік қолдау жүйесінің тиімділігін айғақтайтын айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Қазақтарды шетелден көшіру саясаты демографиялық міндетті ғана емес, сонымен қатар тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің маңызды бөлігіне айналды.
Солтүстік Қазақстан облысы да ұлы көшті алғаш қарсы алған өңірлердің қатарында. 1992 жылы көші-қон бағдарламасы аясында Тимирязев ауданының Белоградовка елді мекеніне Моңғолиядан 230 отбасы көшіп келген болатын. Елді мекенде қандастарға арналып жаңадан 78 үй бой көтерді. Көшіп келгендерге егіншілікпен айналысуға 15 гектар жер, адам басына 1 сиыр, 2 қойдан және кейбіріне жылқы берілді.
1989 жылдан 1994 жылға дейін бұл кеңшарды Игібай Шалов деген азамат басқарды. Ол еңбек атқарған жылдары Белоградовкада құрылыс қарқын алды. Жаңа үйлер, сауда орталығы, орталық қазандық, мал базалары, қоймалар, машина-трактор шеберханасы, орталық астық кептіру цехы салынды, көшелерге асфальт төселді. Яғни, шеттен атажұртын аңсап келген ағайынға барынша жағдай жасалды. Қандастардың бірі трактор рөліне отырса, екіншісі жүк машинасына жүргізуші болып орналасты, тағы біреуі орталық қырманға жұмысқа кірді, әйелдер күтуші, медицина қызметкері, сауыншы болып еңбек етті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетте жүрген қазақтарға жолдаған үндеуін естісімен-ақ байыз тауып отыра алмай, атамекенге оралуға бел байлағандардың бірі – Дөтей Балдықтың шаңырағы. Ол көштің басы болып атажұртқа қоныс аударды. Ерлі-зайыпты Дөтей мен Дәметкен 1965 жылы шаңырақ көтеріпті. Отбасын құрғандарына 60 жылға жуықтаса да араларындағы сүйіспеншілік, бір-біріне деген құрмет пен сыйластық уақыт өте келе артпаса, кеміген жоқ.
Белоградовкаға келісімен көпбалалы отбасы баспаналы болды. Жергілікті билік жағдайларын жасап, он шақты қой мен екі сиыр берді. Жұмысқа орналастырды. Дөтей сол кездегі “Белоградовский” кеңшарына есепші болып орналасты, кейін “Лугинин” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде күзетші болды. Еңбекқор, жауапкершілігі жоғары маман ретінде танылды. Сондай-ақ оның мықты сынықшы екенін де айта кеткен жөн. Қазақтың салт-дәстүрлерін берік ұстанатын бұл отбасы бие сауады, дастарқандарынан қымыз үзілмейді. Дәметкен апа – ісмер, қолы қалт етсе немерелеріне ине ұстатып, құрақ құрауды, киім пішуді, кесте тігуді үйретеді. Жүннен, былғарыдан оюланған түрлі ұлттық бұйымдар жасайды.
Ерлі-зайыпты Дөтей мен Дәметкен қазір сегіз баласынан жиырма алты немере сүйіп отыр. Олар әркез балаларын еңбекке баулып, үлкендерді құрметтеуге тәрбиеледі. Үлкен отбасы – көпке үлгі. Ауылдастары құрметтейді. Аудандық “Мерейлі отбасы” байқауында үздік атанып, облыстық кезеңге қатысқанын да айта кеткен жөн.
Белоградовка ауылына 1992 жылы қоныс аударған 230 отбасының көпшілігі қазір еліміздің басқа өңірлерінде тұрып жатыр. Тек Дөтей ағамыздың әулеті ғана 30 жылға жуық бір орыннан қозғалмай отыр. Келген жерлерінде тұрақтап қалған отбасылардың саны – 45. Олар осы жерде өсіп-өнді, туған жердің игілігі үшін еңбек етіп, оның дамуына өз үлесін қосып келеді.
Қаншайым НАУРЫЗБАЕВА,
Тимирязев аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі.