Халқымыз ұл баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қай халықта да ұл бала тәрбиесімен әке айналысады. “Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деген бабаларымыз. Отағасы бойындағы бар өнерін ұрпағына беріп, “сегіз қырлы, бір сырлы” етіп тәрбиелеуді мұрат еткен. Бала ес білгеннен әкесінің жанында жүріп, ертеңгі шаңырақ иесі, болашақ әке, отбасының асыраушысы екенін сезінген. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп отырған. “Ер баланы алты жасқа дейін хандай сыйла. Алты жастан он алты жасқа дейін құлша жұмса. Он алты жасқа толғасын досыңдай сырлас” деген сөз бекер емес. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы – ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнегесі, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы азамат болса: “Пәлі, оның әкесі, атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой”, – деп ризашылық білдіріп жататыны сондықтан.
Жаhандану үрдістері, ғаламтор ғаламаттары озық ғылыми-технологиялық өзгерістерімен қоса адами қасиеттермен еш сыйыспайтын жат құбылыстарды жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптатып жібергені ащы болса да шындық екені талассыз. Мінез-құлық – адамгершіліктің бір өлшемі, басты қыры болса, осынау мөлдір шықтай, таза айнадай жалтыраған болмысымыздан, ұлттық қалпымыздан тамыр үзіп, ажырап бара жатқан сияқтымыз. Осындай жағымсыз іс-әрекеттер көбіне жастардың бойынан көрініс тауып жататыны жасырын емес. Соңғы кездері қыз қылықты, нәзік мінезді, әлжуаз, сыртқы тұрқы да, тіпті киім киісі де нәзік жандардан еш аумайтын шіңкіл даусы жер жаратын жігіттердің көбейіп бара жатқаны жайлы пікірлерді жиі естиміз. Негізсіз емес. Бейнелеп айтсақ, Кореяның шашы желбіреген шидей жігіттері көз алдымызға еріксіз келеді. Оның басты себептеріне от басы, ошақ қасы басындағы тәлім-тәрбиенің негізгі ауыртпалығы отанасына түсетінімен, сондай-ақ мектептерде ер мұғалімдердің аздығымен түсіндірушілердің уәжімен келіспей болмайды. Шынында да, бүгінде қай білім ошағына барсаңыз да, әйел ұстаздардың үлесі анағұрлым басым. Ер мұғалімдер саусақпен санарлықтай дерсің. Негізінен әйел тәрбиесін көрген жасөспірімнен ер мінез күтудің өзі қиын. Тіпті бастауыш сынып мұғалімдерінің 100 пайызы әйелдер қауымы десек, артық айтқандық емес. Үйде де, түзде де әке тәлімін алмаған баладан қандай батыл әрекет, шұғыл шешім күтуге болады? Отан қорғау туралы айтпақ түгіл, қаттырақ сөйлей бастасаң, олардың екі көзіне ерік беріп, жылауға дайын тұратынын қайтерсің. Біздіңше, жасқаншақ, әлжуаз ұрпақтың қатарын азайту шаралары кешенді түрде қарастырылмаса, түбінде қоғамдық кесел секілді бой бермей кетуі ғажап емес. Сондықтан жоғары сынып оқушыларына сабақ беруге ер адамдар көбірек тартылуы керек деген жұртшылық ұсыныстары ой саларлық. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” демекші, ер азаматқа тән өнегелік құндылықтарды бойына жастайынан сіңіріп, ақыл-кеңестерді ойға тоқыған жеткіншектің көзқарасы да, өмірлік ұстанымы да, мінез-құлқы да басқаша қалыптасары даусыз.
Ер мұғалімдердің жетіспеу мәселесі өткен ғасырдың 60-70-жылдары Түркияның білім ордаларында да орын алып, ер адамдарды мектепке тарту мәселесі бойынша мемлекет тарапынан ауқымды бағдарлама қабылданған. Себебі жұрт “ер мұғалімдердің аздығынан ұлдарымыз жібектей сызылып, қыз мінезді болып барады, қыздарымыз еркекшоралыққа бой алдырды” деп дабыл қаққан. Арада көп уақыт өтпей мемлекеттік бағдарлама аясында мектептегі жалақы біраз көтеріліп, ерлердің білім беруге деген қызығушылықтары артқан. Соның арқасында қазір бұл елде мектеп ұстаздарының тең жартысы – ер мұғалімдер.
Сондықтан проблеманың түп-тамырын “жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей” демекші, сәбидің тал шыбықтай бұралып, бүр жарып, көктей бастаған кезінен шешпесек, еліміздің ертеңі, Отанымыздың қорғаны саналатын, күш-қайраты бойларына толысқан өскелең ұрпақ қатары селдіреп кетуі ықтимал. Батыс мәдениеті, дүниетанымы үшін өрескел саналмайтын, кәдуілгі өмір салтына айналған қызтекелер (көгілдір еркектер) мен еркекшоралар (көгілдір бойжеткендер) шоғырының пайда болуы жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардан айрылып қалуымыздан! Жаман әдет тез жұққыш келеді, ұлттық болмысымызға жат мұндай қылықтар елімізде көрініс ала бастауы ойландырмай қоймайды.
Тағы бір жайт. Тыртиған шалбар, боялған ұзын шаш, тесілген құлақ… Мұндай сөздер қыздарға емес, ұлдарға қаратыла жиі айтылатын болды. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Жастар жиі сейіл құратын түнгі клубтарға барсаңыз, “қыз бейнелі” жігіттер аз ұшыраспайды. Бәз біреулер адамның еркіндігін шектеуге болмайды деген тұрғыда дау айтып жатады. Адамның табиғатымен, болмысымен үш қайнаса сорпасы қосылмаса, оны қандай мәдениетке жатқызуға болады? Осындай жайттардың ортаймай тұрғаны көңіл қынжылтады.
Ұл бала қашанда ерлерге тән қажыр-қайраттың, ерік-жігердің, ақыл-парасаттың иесі болғаны жөн. Азамат тұлғасын ажарландырып, айшықтай түсетін де – осы қасиеттер. “Биік таудың төбе құсап мүжілгені жаман, еркектің әйел құсап сызылғаны жаман” дегендей, ер адам жігерсіз болса, одан не үміт, не қайыр? Сондықтан кешегі өткен қилы-қилы замандарда еліміздің Тәуелсіздігін, кең-байтақ сайын даламыздың тұтастығын басқыншы жаулардан “ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен” қорғап қалған ата-бабаларымыздың батырлығы мен қаһармандығы ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болуға тиіс. Ер-азаматтың тұлғасы тек соғыста ғана емес, күнделікті өмірде де дараланып тұрса, қандай ғанибет! Әр жігіт спортпен, дене шынықтырумен айналысып немесе өзін-өзі үнемі шыңдап жүрсе, оның нағыз ер тұлғалы азамат болып қалыптасары анық. Бүгінгі таңда азаматтарымызға күштілікпен бірге білімдарлық та, ділмарлық та, кісілік те қажет. Ер жігітке ұсақтық жараспайды.
Тәлім-тәрбие тал бесіктен басталарын ескерсек, ел қорғайтын ерлеріміз азаймасын десек, батыры көп ұлттың баласы нәзік болмасын десек, ұлттың ертеңгі қамын жесек, ойланайық, ағайын!
Таңсық ЖАҢБЫРБАЙҰЛЫ,
“Парасат” мектеп-лицейінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі.
Қызылжар ауданы.