«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әсемгүлдің әдемі туындылары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сөзге – шебер, іске – ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құн­ды­­лықтарының бірі – қолөнер. Асыл тастан сән бұйымын жасап, қазақ ұлт­­тық киімдерінің етек-жеңіне оқа тігіп, жақтауына кесте жүргізіп, сү­йек пен мүйізді қиыстырған халық шеберлерінің ісі мақтауға тұрарлық. Сау­сағынан өнер тамған шеберлерде қазіргідей тігін машинасы болма­ған. Де­се де қазақ әйелдері киім-кешек пен көрпе-жастық, тұскиіз бен дас­тар­қан, та­ғы да басқа бұйымдардың барлығын қолмен тіккен. Бүгінде тігін ісін кәсіп­ке айналдырып отырғандар аз емес. Солардың бірі – Әсемгүл Ташметова.

Кәсіпкер болу Әсемгүлдің бала күнгі арманы болатын. Ол бұл мақсатына 2018 жылы “Бастау” жобасына қатысу арқылы қол жеткізді. Мемлекеттік қол­дауға ие болған нәзік жан мал шаруа­шылығымен айналыса бастады.

Жауапкершілігі мол бұл салада аз уа­қыттың ішінде толағай табыстарға қол жеткізді. Мағжан Жұмабаев ауда­нына қа­расты Бәйтерек ауылдық окру­гінің әкі­мі болды. Халықтың ыстық ықы­ла­сы­на бөленіп, елді мекендерді көр­кей­туге өз үлесін қосты. Әсемгүл кә­сіп­кер болсам деген арманынан алыс­таған жоқ.

– Мемлекеттік қызметкер бірнеше саланың тізгінін қатар ұстай алмайды. Сондықтан да мен кәсіп ашуды кейінге қалдырдым. Тігіншілікке сәби күтіміне бай­ланысты демалысқа шаққан соң ден қойдым. Жас аналарға, балаларға ар­­налған киімдерді, көрпелер мен тө­сек орындарын тіге бастадым, – дейді ол.

Тігін ісін Әсемгүл Омбы қаласында­ғы техникумда игерген. Ол аталмыш оқу орнынан “Жеңіл өнеркәсіптің тех­но­логы” мамандығын алып шыққан еді. Бү­гіндері он саусағынан бал тамған жанның тұрақты тұтынушылары да ар­тып келеді. Тігіншінің кәсібі пандемия кезінде кеңейе бастаған. Қол қусырып отырмауды ойлаған ол ғаламтор арқы­лы тапсырыстар қабылдап, өз өнімде­рін әлеуметтік желілерде жарнамала­ған. Тауарларына сұраныс артқан соң оқу­шыларға арналған мектеп форма­сын, спорттық киімдерді тігуді де қолға алды.

– Жаңа оқу жылы жақындаған уа­қытта ата-аналардан мектеп форма­сына тапсырыстар жиі түсіп жатады. Ал қыс мезгілінде жылы киімдер тігу­мен айналысамын. Әсіресе желтоқсан айында тұтынушыларымның қатары артады. Болашақта кәсібімді кеңейтіп, цех ашқым келеді. Бұл арманымның орындалатынына да сенімдімін, – дейді Әсемгүл.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp