Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары халықаралық “Fantastic talent” шығармашылық байқауында жүлдегер атанды. Өнер додасында білім ордасының тәрбиеленушілері екі Гран-при және екі бірінші орынды иемденді.
Байқау Алматы қаласында өтті. Сайыста жергілікті “Гәкку” би ансамблі қазылар алқасына 4 нөмірді ұсынды. Көрермендер ықыласына бөленген ұжымның “Мереке думан” биі доданың бас жүлдесіне лайық деп танылды. Олар бұл туындыда халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін паш етті. Шағын ғана нөмірде ұлттық ойындар мен спорт түрлері де көрініс тапты. Бишілердің “Ветер перемен” атты еңбегі де жоғары бағаланып, бас жүлдені жеңіп алды. Ал “Үндестік” және “Тойға шашу” деп аталатын билері ансамбльдің қоржынына тағы екі алтын жүлде салды.
Байқауға Петропавлдан бөлек, Алматы, Нұр-Сұлтан, Тараз, Семей, Талдықорған қалалары мен Қырғызстанның Бішкек және Ресейдің Түменінен келген командалар қатысты. Биыл “Гәкку”-дің бишілері Қырғызстанда өтетін халықаралық жарысқа аттанады.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.