«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әлжуаз ұлдар қайдан шығады?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыз ұл баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қай халықта да ұл бала тәрбиесімен әке айналысады. “Ата көрген оқ жонар, шеше көр­ген тон пішер” деген бабаларымыз. Отағасы бо­йын­дағы бар өнерін ұрпағына беріп, “сегіз қырлы, бір сырлы” етіп тәрбиелеуді мұрат еткен. Бала ес білгеннен әкесінің жанында жүріп, ертеңгі шаңы­рақ иесі, болашақ әке, отбасының асырау­шысы екенін сезінген. Жақсыдан үйреніп, жаман­нан жиреніп отырған. “Ер баланы алты жасқа дейін хандай сыйла. Алты жастан он алты жасқа дейін құлша жұмса. Он алты жасқа толғасын досыңдай сырлас” деген сөз бекер емес. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы­ – ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнегесі, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы азамат болса: “Пәлі, оның әкесі, атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой”, – деп ризашылық білдіріп жататыны сондықтан.

Жаhандану үрдістері, ғаламтор ғаламаттары озық ғылыми-технологиялық өзгерістерімен қоса адами қасиеттермен еш сыйыспайтын жат құбы­лыстарды жауыннан кейінгі саңырауқұлақ­тай қаптатып жібергені ащы болса да шындық екені талассыз. Мінез-құлық – адамгершіліктің бір өл­шемі, басты қыры болса, осынау мөлдір шықтай, таза айнадай жалтыраған болмысымыздан, ұлттық қалпымыздан тамыр үзіп, ажырап бара жатқан сияқтымыз. Осындай жағымсыз іс-әре­кет­тер көбіне жастардың бойынан көрініс тауып жататыны жасырын емес. Соңғы кездері қыз қылықты, нәзік мінезді, әлжуаз, сыртқы тұрқы да, тіпті киім киісі де нәзік жандардан еш аумайтын шіңкіл даусы жер жаратын жігіттердің көбейіп бара жатқаны жайлы пікірлерді жиі естиміз. Не­гізсіз емес. Бейнелеп айтсақ, Кореяның шашы жел­біреген шидей жігіттері көз алдымызға еріксіз келеді. Оның басты себептеріне от басы, ошақ қа­сы басындағы тәлім-тәрбиенің негізгі ауырт­па­лығы отанасына түсетінімен, сондай-ақ мектеп­терде ер мұғалімдердің аздығымен түсіндіру­шілердің уәжімен келіспей болмайды. Шынында да, бүгінде қай білім ошағына барса­ңыз да, әйел ұстаздардың үлесі анағұрлым басым. Ер мұғалім­дер саусақпен санарлықтай дерсің. Негізінен әйел тәрбиесін көрген жасөспірімнен ер мінез кү­тудің өзі қиын. Тіпті бастауыш сынып мұғалімдері­нің 100 пайызы әйелдер қауымы десек, артық айт­қандық емес. Үйде де, түзде де әке тәлімін алма­ған баладан қандай батыл әрекет, шұғыл шешім күтуге болады? Отан қорғау туралы айтпақ түгіл, қаттырақ сөйлей бастасаң, олардың екі көзіне ерік беріп, жылауға дайын тұратынын қайтерсің. Біздіңше, жасқаншақ, әлжуаз ұрпақтың қатарын азайту шаралары кешенді түрде қарастырыл­маса, түбінде қоғамдық кесел секілді бой бермей кетуі ғажап емес. Сондықтан жоғары сынып оқушыларына сабақ беруге ер адамдар көбірек тартылуы керек деген жұртшылық ұсыныстары ой саларлық. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” демекші, ер азаматқа тән өнегелік құнды­лықтарды бойына жастайынан сіңіріп, ақыл-кеңестерді ойға тоқыған жеткіншектің көзқарасы да, өмірлік ұстанымы да, мінез-құлқы да басқаша қалыптасары даусыз.

Ер мұғалімдердің жетіспеу мәселесі өткен ға­сырдың 60-70-жылдары Түркияның білім ордала­рында да орын алып, ер адамдарды мектепке тар­ту мәселесі бойынша мемлекет тарапынан ау­қымды бағдарлама қабылданған. Себебі жұрт “ер мұғалімдердің аздығынан ұлдарымыз жібек­тей сызылып, қыз мінезді болып барады, қыздары­мыз еркекшоралыққа бой алдырды” деп дабыл қақ­қан. Арада көп уақыт өтпей мемлекеттік бағ­дар­лама аясында мектептегі жалақы біраз кө­теріліп, ерлердің білім беруге деген қызығушы­лықтары артқан. Соның арқасында қазір бұл елде мектеп ұстаздарының тең жартысы – ер мұғалімдер.

Сондықтан проблеманың түп-тамырын “жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей” демекші, сәбидің тал шыбықтай бұралып, бүр жарып, көк­тей бастаған кезінен шешпесек, еліміздің ертеңі, Отанымыздың қорғаны саналатын, күш-қайраты бойларына толысқан өскелең ұрпақ қатары сел­діреп кетуі ықтимал. Батыс мәдениеті, дүниета­ны­мы үшін өрескел саналмайтын, кәдуілгі өмір салтына айналған қызтекелер (көгілдір еркектер) мен еркекшоралар (көгілдір бойжеткендер) шо­ғы­рының пайда болуы жалпы адамзатқа ортақ құн­дылықтардан айрылып қалуымыздан! Жаман әдет тез жұққыш келеді, ұлттық болмысымызға жат мұндай қылықтар елімізде көрініс ала бас­тауы ойландырмай қоймайды.

Тағы бір жайт. Тыртиған шалбар, боялған ұзын шаш, тесілген құлақ… Мұндай сөздер қыз­дарға емес, ұлдарға қаратыла жиі айтылатын бол­ды. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Жастар жиі сейіл құратын түнгі клубтарға барса­ңыз, “қыз бейнелі” жігіттер аз ұшыраспайды. Бәз біреулер адамның еркіндігін шектеуге болмайды деген тұрғыда дау айтып жатады. Адамның та­биғатымен, болмысымен үш қайнаса сорпасы қо­сылмаса, оны қандай мәдениетке жатқызуға бо­лады? Осындай жайттардың ортаймай тұрғаны көңіл қынжылтады.

Ұл бала қашанда ерлерге тән қажыр-қайрат­тың, ерік-жігердің, ақыл-парасаттың иесі болғаны жөн. Азамат тұлғасын ажарландырып, айшықтай түсетін де – осы қасиеттер. “Биік таудың төбе құ­сап мүжілгені жаман, еркектің әйел құсап сы­зылғаны жаман” дегендей, ер адам жігерсіз бол­са, одан не үміт, не қайыр? Сондықтан кешегі өт­кен қилы-қилы замандарда еліміздің Тәуелсіз­дігін, кең-байтақ сайын даламыздың тұтастығын басқыншы жаулардан “ақ білектің күшімен, ақ най­заның ұшымен” қорғап қалған ата-бабаларымыздың батырлығы мен қаһармандығы ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болуға тиіс. Ер-азаматтың тұлғасы тек соғыста ғана емес, күнделікті өмірде де дара­ланып тұрса, қандай ғанибет! Әр жігіт спортпен, дене шынықтырумен айналысып немесе өзін-өзі үнемі шыңдап жүрсе, оның нағыз ер тұлғалы аза­мат болып қалыптасары анық. Бүгінгі таңда азаматтарымызға күштілікпен бірге білімдарлық та, ділмарлық та, кісілік те қажет. Ер жігітке ұсақтық жараспайды.

Тәлім-тәрбие тал бесіктен басталарын ескер­сек, ел қорғайтын ерлеріміз азаймасын десек, батыры көп ұлттың баласы нәзік болмасын десек, ұлттың ертеңгі қамын жесек, ойланайық, ағайын!

Таңсық ЖАҢБЫРБАЙҰЛЫ,

“Парасат” мектеп-лицейінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp