«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЖАРЫ КІРГЕН АҚЖАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жемшөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн. Сондай-ақ егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал. Ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану керек. Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр.Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері “Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы” бөлек заңда көрініс табуы керек. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс.

(Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың

“Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауынан).

 

Ақжар ауданына таңертең ерте шықтық. Жүйткіген жеңіл көлік желмен жарысып, ызғытып келеді. Таң әлі атпаған, қара түнекті қақ жарған көліктің жарығына қарап отырып, ойдың тарам-тарам соқпағына қалай түскенімді өзім де сезбей қалдым.

Алғаш рет осы ауданға іссапарға аттанғаным есіме түсті. Осыдан 12-13 жыл бұрын болу керек, облыстық “Қызылжар” телеарнасынан эфирге шығатын “Ауыл” бағдарламасын түсіру үшін Ақжарға арнайы барғанмын. Маған ерекше ұнағаны – аудан тұрғындарының ашықтығы мен дархандығы. Ол кезде Келлеровкадан бұрылып, Талшыққа жеткенше жол азабын бір кісідей тартатынсың. Осы сапарымда аудандағы өзгерісті әуелі жолдың жағдайынан байқадым. Дәуітке дейінгі тасжолды жөндеп, жаңадан асфальт төсепті. Жеңіл көлікке тегіс жол жағады, жер апшысын қуырып, діттеген уақытында жеттік. Алдымен әкімдікке соғып, аудан басшысы Қанат Қалиевпен жүздестік. Соңғы жылдары ауданда атқарылған ілкімді істер аз емес. Тақтайдай тегістелген жол ғана емес, көптеген саланың дамуы қарқын алыпты. Қысқаша баяндап берді. Дәуіттен Бидайыққа дейінгі жолды жөндеу биыл да жалғасын таппақ. Ең бастысы, өткен жылы ауданға 56 отбасы көшіп келген екен, оны Қанат Қайыржанұлы “Елге ел қосылса – құтқа” балап отыр. Жалпы жоспар бойынша 50 шаңырақ келу керек болса, түсіндіру жұмыстары мен ауданның әлеуетінің арқасында 195 адам қоныс аударған. Оның 90-ы еңбекке жарамды жастағы жандар. 90 бала аудандағы мектептер мен балабақшаға орналастырылған.

“Ауданда құрылыс жұмыстары жақсы жүріп жатыр. 2019 жылы – 32, 2020-ыншы жылы – 19, былтыр 8 үйдің құрылысы басталды. Бұған қоса, жекеменшіктен 12 пәтерлік қосқабатты үйді сатып алдық. Қандастарымыздың 50-і тұрақты жұмысқа орналасты. 33-і кәсіпкерлікпен айналысуда. Осылайша аз ғана уақыттың ішінде ауданға келіп қоныс тепкен бауырларымыздың тез сіңісіп кетуіне бар жағдайды жасап отырмыз, – деді аудан әкімі.

Жалпы аудан тынысымен танысуымыз Талшықтағы қастерлі қара шаңырақ – Смағұл Сәдуақасов мұражайынан басталды. Ауданға арнайы келген соң бұл орынға соқпай кетуіміз жөн болмас еді. Өйткені Алаштың белді қайраткері, жазушының кіндік қаны Ақжарда тамған. Мұражайға Смағұлдың өмірбаяны жазылып, артында қалған мұрасының көшірмелерінен басқа, марқұмның күлі салынған қобдиша да қойылған екен. Жып-жинақы, мұнтаздай таза ауылдың дәл орталығына қазақтың ұлы перзентіне арналған бюст орнатылған.

Кез келген ауылдың шырайын кіргізіп, тамырына қан жүгіртетін – кәсіпкерлік нысандары емес пе? Әсіресе қазіргідей қарбаласқа толы заманда асхана-дәмханалардың бәсі артып тұр. Біздің көзімізге түскені “Шербет” дәмханасы болды. Шағын ғимаратта адамның қарасы қалың…

Кез келген елді мекенде жаңадан үйлер салынып, мұржасынан түтіні түзу ұшып жатса, ауылдың ажарын кіргізетіні сөзсіз. Ақжар ауданында мемлекеттік бағдарлама сәтті жүзеге асып жатыр екен. Оңтүстіктен қоныс аударған қандастарымыз қоныстанған бұл көшедегі үйлер де жарқырап тұр. Солардың бірі – Алматы облысынан көшіп келген Тоқтасын Маутеннің шаңырағы. Өзінің айтуынша, олар Қытайдан Талдықорған маңындағы ауылдардың біріне түскен. Кейін мал ұстауға қолайлы әрі мемлекеттік қолдау көрсетілетін болғасын былтыр көштің басын теріскейге бұрған.

– Мал ұстаймыз, жұмыс бар. Бастысы жергілікті тұрғындар бізді жақсы қарсы алды. Үйреніп кетуімізге, тұрақтап қалуымыз үшін бар жағдайды жасап отыр, – дейді ақсақал.

Көшеде жағалай салынған еңселі үйлерді көргесін ауданның, жалпы еліміздің де әлеуетінің артып келе жатқанын анық аңғарасың. Ауылдың сәнін кіргізетін еңбекқор, ұйымшыл азаматтары емес пе?! Нарық заманында қол қусырып қарап отырмай, әркім хал-қадерінше еңбек етсе, мемлекетке масыл болмайды, керісінше, өзін де, жақынын да жұмыспен қамтып, елдің дамуына еселеп үлес қосады.

Аудан орталығы Талшықтан Кішкенекөлге қарай жүрсеңіз жалғыз тұрған бейітті көресіз. Бұл – Керейдің ішіндегі Шеруші руынан шыққан Байтайлақ батырдың мазары. Жол бастаушымыз аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мағжан Жүсіпбековтің айтуынша, Байтайлақ батыр шамамен 1695 жылы туып, 1745 жылы дүние салған. Әкесі Бәйімбет те ту ұстаған батыр болған, атасы Құтымбеттің лақап аты – Ұзынмылтық. Байтайлақ батырдың есейген шағы қазақ пен жоңғар арасындағы соғыстың шиелінскен шағына тұспа-тұс келеді. Содан болар 13 жасында қолына қару алып, атқа қонып, алғашқы жорықтарын Тәуке ханның соңғы шайқастарында бастайды. 1718 жылғы “Аягөз” шайқасында қазақ қолы қатты қарсылыққа тап болып, кері шегінуге мәжбүр болады. Байтайлақ батыр жаяулап жүріп шайқасып, қалмақтың атаулы үш батырының басын кесіп алады. 1719-1721 жылдары зеңбірекпен қаруланған қалмақтармен шайқастарда да ерекше қаһармандық танытып, Сібір түбегіндегі қазақтарды қанды қасаптан аман алып шығады. 1726 жылы Әбілхайыр хан ұйымдастырған әйгілі Бұланты шайқасында Байтайлақ батыр ерекше көзге түседі. Жоңғар батырымен болған жекпе-жекте қарсыласын жеңіп, ерліктің үлгісіне айналады.

Міне, Мағжан Жүсіпбеков бізге қысқаша баяндаған тарихи дерек осындай. Зират басында Құран оқып, аруақты ерге тағзым етіп, діттеген жеріміз – Қарашілік ауылына аттандық.

“Ауылда тұрғасын қарап отыруға болмайды. Қол қусырып, аузыңды қу шөппен сүртіп отыра берсең ешкім ештеңе әкеп бермейді”. Бұл – Қарашілік ауылының тұрғыны Ардақ Ысқақовтың ұстанымы. Отызға енді толған жігіттің тірлігіне қарасаң – жаның сүйсінеді. Ол ала жаздай шөп шауып, өзін де ауылдастарын да жем азықпен қамтып отыр. Осының арқасында қысы-жазы қаражаттан тарықпайды.

“Ауыл адамының бар байлығы – еңбегі. Ешкімге көз сүзбей еңбек етсең бәрі де болады. Жұмыс жоқ деп сенделіп жүргеннен пайда жоқ. Мал бар, оны бағу үшін шөп шабу керек. Маңдай теріміздің арқасында шаруамыз да дұрысталып келеді. Ауыл тұрғындарына арналған мемлекеттік бағдарламалардың да тиімділігін көріп келемін, – дейді Ардақ.

Ардақтың қоражайының маңайы тап-тұйнақтай. Малының ұсағы да, қарасы да қоңды. Мені таңғалдырғаны тастауға ыңғайлы болсын дегені ме, әлде малға ықтасын жасағаны ма, әйтеуір, шөпті қоршау сияқты маялап үйеді екен. Сырттан қарасаңыз, әрі қора, әрі азығы да жанында.

Жалпы Қарашілік ауылы – аудандағы үлгілі деген елді мекендердің бірі. Мұнда жұмыссыз жүрген жан некен-саяқ. Әркім хал-қадерінше еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Ауыл тұрғындары да ұйымшыл, мектеп, клуб секілді әлеуметтік нысандарды өз қамқорлығына алған. Кәсіпкерлер, осы ауылдан түлеп ұшқан азаматтар бірігіп, қаражат жинап мешіт тұрғызған. Ауылда шешілмей отырған мәселелер де жоқ емес. Бізге оны аға буын өкілдері айтып берді. Қазіргі күні ауыл судан таршылық көріп отырған жоқ, елді мекеннің шетінен терең құдық қазылып, тіршілік көзі әр үйге жеткізілген. Бірақ жоба бойынша бұл ауыл Булаев топтық су торабына қосылған, сәйкесінше, орталықтан су жіберілуі тиіс. Алайда бұл мәселе қағаз күйінде ғана қалып отыр.

Ауыл ақсақалдары көтерген екінші меселе – шаруашылыққа қажет жердің аздығы. Ауыл маңайындағы жерлердің көбі ірі шаруашылықтардың меншігінде болғандықтан, тұрғындардың жайылым мен шабындықтан таршылық көріп отырған жайы бар екен. Қулыкөл ауылдық округінің әкімі Ағыбай Уәлиев болса бұл мәселе талай рет көтерілгенін, бірақ тиісті деңгейде назар аударылмай отырғанын айтты. Жалпы жайылым тапшылығы – бүгіндері ел бойынша өзекті мәселелердің бірі. Ел Президенті былтыр осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, ауыл маңайындағы жерлерді пайдалануды реттеу туралы тапсырма берген болатын. Жақын болашақта шешілер деген үміт жоқ емес. Біз бірлігі мен тірлігі жарасқан қарашіліктіктермен қоштасып, сапарымызды әрі жалғадық.

Ақжар ауданына бірінші рет барған адам ақселеуі селкілдеген боз даласы мен мен бетегесі қалың белдеріне қарап, малға жайлы мекен деп ойлайды. Жол бойына қар тоқтату үшін отырғызылған терек пен қарағаш болмаса, қалың өскен орман көрмейсің. Сондықтан Тұғыржап ауылы маңындағы бұралған биші қайыңдарды көріп, таңғалдым. Ну орман болмаса да, шоқ-шоқ болып тұрған ағаш еліміздің байлығы мен сұлулығын паш еткендей. Бұл өлкеде астық та шығымды. Әсіресе Омбы облысымен шекаралас аймақтарындағы бидайдың түсімі басқа аудандардағыдан кем емес. Оны бұған дейінгі сапарымызда Ұялы ауылында болғанда естіп, жайқалған танаптарын көріп таңдай қаққанбыз. Және бір ерекшелігі бұл жақ тастақ болғандықтан, банитеті жоғары. Соның арқасында бидайдың желімділігі жоғары болады да, қымбатқа өтеді. Қазақша айтатын болсақ, бұл жақтың шөбі от, қысы-жазы далада жүрген малдың еті де шүйгін. Тастақ деп айтып қалдық қой, Ленинград ауылы маңында қара габродиорит өндіретін карьер бар. Бұған қоса, Айсары ауылындағы құмды қосыңыз. Кварц құмы негізінен шыны, керамика өндірісі мен құрылысқа қолданылатын шикізат.

Біз ат басын тіреген Айсары ауылының да табиғаты ерекше көркем екен. Жазық даладағы бұл ауылдың көбі біле бермейтін бір сыры бар. “Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам. Қараңғылықтың кегіне, күн болмағанда кім болам”, – деп жырлаған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туған жері. Ауылдың дәл ортасындағы мектептің ауласына Сұлтанмахмұт туралы ақпарат ілінген билборд тұр.

“Ауылыңдағы қария жазулы тұрған хатпен тең” демекші, Айсары ауылына жуырда Қытайдан қоныс аударған Жолдыбай ақсақалмен амандастық. Қарттың өмірден көрмеген құқайы аз сияқты. Әкесі Қасанбай – Оспан батырдың бас шабарманы болған екен. Қазіргі тілмен айтсақ соғыс кезінде байланысшы қызметін атқарған.

– Былтыр зайыбым, ұлым мен келінім 4 немеремді алып көшіп келдік. Балам жұмысқа орналасты. Үйді әзірге жалдап тұрып жатырмыз, оның ақшасын мемлекет төлейді. 80-ге келген жасымда атажұртқа орныққаныма қуаныштымын. Ендігі арманым Қытайда қалған 8 ұлым мен немерелерімнің туған өлкеге келулері. Әкем жарықтық та біраз қиындық көріп еді. Соғыс туралы ләм деп ауыз ашпайтын, заман түзелгесін ғана шет жағасын айтты. Талай жыл шахтада істеді, бар ауыртпалықты тартты ғой, тірі қалды демесең, – деп ақсақал ауыр күрсінді.

Айсары ауылында кездескен келесі адамымыз Табиғат Мәди. Кәсіпкер былтыр 500 қой әкеліп, ата-кәсіпті жаңғыртуда. Оны асылдандыру үшін гиссар тұқымды 15 қошқар жеткізген. Шағын ғана шаруашылықта 5 адам тұрақты жұмысқа тартылған.

Ақжар ауданына сапарымыз барысында көптеген өзгерістің куәсі болдық. Кәсіпкерлік нысандары көптеп ашылуда. Мұнда өңдеу саласына да ерекше көңіл бөліне бастапты. Соның бірі – Дәуіт ауылындағы дақылдарды бөліп-қаптау кәсіпорыны. Жуырда ашылуы тиіс бұл нысанда 20-ға тарта адам еңбекке тартылады. Ал жергілікті шаруашылықтар өндірген түрлі азықтық дақылдар кептіріліп, өңдеуден өтіп қапталып, саудаға шығарылмақ. Оның ішінде біз күнделікті тұтынатын – қарақұмық, бұршақ, сұлы жармасы секілді өнімдері бар.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp