«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жағдай қалыпты, ахуал тұрақты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар орталығында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың, өңір бойынша комендант, полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өтіп, төтенше режім жағдайында атқарылып жатқан шаралар баяндалды.

Құмар Іргебайұлы бүгін елімізде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланғанын айта келіп, лаңкестік қауіптің алдын алу, болдырмау жолында ерлікпен қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтты.

“Облыста ахуал тұрақты, жағдай қалыпты. Осы күндері зардап шеккендер болған жоқ. Мүліктер де аман. Жағдайға түсіністікпен қарап, арандатушылықтарға бой алдырмаған тұрғындарға алғыс айтамын. Бес күн бойы төтенше жағдай режімінде өмір сүріп жатырмыз. Мемлекеттік органдар мен маңызды нысандар штаттық режімде жұмыс істеуде. Өңір азық-түлікпен толық қамтамасыз етілген”, – деген өңір басшысы облыста газ бағасы тым қымбат деген ақпаратқа сенбеуге шақырды. Монополияға қарсы агенттік теріскей аймақтарда, атап айтқанда, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында баға бірдей екенін анықтаған. Еліміз бойынша интернет белгілі бір уақытқа ғана беріледі. Ахуал түзелгеннен кейін уақыты ұзартылады. Банкоматтардың 85 пайызы қолма-қол ақшамен жұмыс істейді. Бірқатар супермаркеттер арнайы желі арқылы ақшасыз төлемдер қабылдайды. Халықтық банктің жергілікті бөлімшелері өз жұмысын бастады.

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде жағдай тұрақты өңірлерде төтенше жағдай кезең-кезеңмен алынатынын мәлімдеді. Біздің облыста алғашқылардың бірі болып төтенше жағдай алынады деп күтілуде”, – деді Құмар Ақсақалов.

Өңір коменданты, полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев төтенше жағдай кезінде халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін аса маңызды нысандарда күзеттің күшейтілгенін, облыс айналасына – 5, аудандарда 20 блок-бекет орнатылғанын, көліктердің кіріп-шығуына шектеу қойылғанын жеткізді. Бес күннің ішінде 17 мыңнан астам көлік тексеріліп, 451-не блок-бекеттен өтуге рұқсат берілмеген. Полиция органдарына 255 адам жеткізілсе, 72-сі төтенше жағдай талаптарын бұзған. 34 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Заңсыз митингтерге қатысқан 16 адамға шара қолданылған. Спирттік ішімдік сатудың 4 фактісі әшкереленген.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp