Коронавирус індеті бір мемлекетті ғана емес, бүкіл әлемді дүрліктіргені рас. Бұл бейбіт халықтың тұрмысына соғыстан да қатты әсер етіп, қаншама адам аурудың зардабын әлі күнге тартып келеді. Кәрі-жас демей барлығына бірдей жұғып жатқан індет мыңдаған адамды жалмап, ойда жоқта қайғылы халге душар етуде. Ай мен күннің аманында әр отбасын орны толмас қазаға қалдырған бұл обаның шынында оңай “жау” еместігін аңғарғасын сақтанудың жолын іздейді екенсіз. Сау жүрмін деп бейқамдыққа салынуға әсте болмайтынына екі жылдан бергі “дүбірге толы” оқиғалар дәлел.
Бұл жұқпалы індет адам иммунитетінің мықты-осалдығына қарамайды. Өзіне сенген көп адамның беті бері қарамай кеткенін де көз көріп, құлақ естіді. Тек сақтана білген сау жүретінін өмірдің өзі дәлелдеді. Індет басталғанда елімізде одан сақтанудың түрлі шаралары мен тәртібін біртұтас жолға қойғанымен көптеген адамдар бұл аурудың растығына сенімсіздікпен қарағаны өтірік емес. Соның зардабын тартушылардың саны әлі күнге азаймай тұр. Ең бастысы, көп адам бір жерге топтасуға болмайтынын, әркім жеке тазалыққа барынша мән беру керектігі айтылды. Өркениетті елдер бұл қарапайым тәртіпке қатаң бағынды. Мәселен, Қытай халқы карантин шаралары жолға қойылған алғашқы күні-ақ бұйрыққа бойсұнып, тәртіпке бағынды. Қай қаласын алып қарасақ та көшеде кезіп жүрген бірде-бір адам болмады. Жан саны көп болса да қатаң тәртіптің нәтижесінде қиын жағдайдан жеңіл шықты. “Тәртіпке бағынған құл болмайды” деген аталы сөзімізді қаперімізге алсақ біздің елімізде де мұншалық адам шығыны болмас еді. Індет асқынып тұрғанда топтық жиын-тойларда бас қосу өзімізді өлімге итерумен бірдей емес пе?
Жұртшылық бұл індеттен құлан-таза арылудың бірден-бір жолы вакцина алу екенін кеш түсінді. Қазір егде кісілер де, жастар да, тіпті жүкті әйелдер де вакцинаның пайдасын сезінуде. Бұл қалыпты тұрмысымызға көшудің тура жолы дер едім. Жолдасым екеуіміз “Спутник V” вакцинасының екі кезеңінен де өттік. Қазірге дейін ешқандай кері әсерін сезінгеніміз жоқ. Кейбіреулердің қоғамдағы алып-қашпа ақпаратқа сеніп, вакцинадан бас тартып жатқандары, әрине, дұрыс емес. Бұл барлық тұрғындардың амандығы, мемлекетіміздің беріктігі үшін керек. Мен үш баламның және жақын туыстарымның бас-амандығы үшін осындай қадамға бардым. Қызылжар өңіріне қоныс аударғаныма көп болған жоқ. Десе де соңғы кездері той-томалаққа баруды қысқарттық. Бұйыртса, бұл індеттен де құтылатын күн жақын. Сол кезде бауыр-туыспен қарым-қатынасымызды қайтадан нығайтамыз деген ойдамын. Бастан өткеннен кейін вакцинаның пайдасын басқаларға да айтуға қиынсынбаймын.
Ақниет САРСЕНОВ,
Мамлют аудандық білім бөлімінің қызметкері.