«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қор құру – құптарлық іс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзін мұқият, зер сала тыңдадым. Президентіміз елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылатынын айтты.

Бүгінде көптің көкейінде жүрген өзекті мәселелерге тоқталып, Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Алдағы уақытта “Қазақстан халқына” қоғамдық әлеуметтік қоры құрылады. Шын мәнінде әлеуметтік қор құру мәселесі туралы бұған дейін неге ойламадық деген орынды сауал туындайды. Бұл қордың мақсаты, көтеретін жүгі қандай?

Президентіміз ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге көмектесетінін атап өтті. Мәселен, осы қор қаражатынан сирек кездесетін ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетілетіні айтылды. Ол рас қазір түрлі байланыс ақпарат көздері арқылы балалардың емі үшін көмек сұрайтын жандарды жиі кездестірудеміз. Өйткені мұндай балаларды емдету қомақты қаржыны талап етеді. Оған әркімнің қалтасы көтермейтіні анық. Сондықтан қаржылай қолдауға зәру жандарға осы қордан тиісті көмек көрсетілсе құптарлық іс болар еді. Сондай-ақ Президентіміз аталмыш қор есебінен қалаларда, аудандар мен ауылдарда балаларға спорттық нысандар салынып, дарынды жастарға, мәдениетке жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Өзге де қолдау шаралары “Қазақстан халқына” қоры есебінен жүргізілетіні мәлім етілді. Тек бұған жекелеген адамдар қол сұқпауы тиіс. Халықтың ортақ қазынасы ретінде беделді байқау кеңесін құру абзал. Әр тиын мақсатты жұмсалуы қажет. Ол үшін қор қызметінің толық ашықтығын, халықтың бақылауында болуын қамтамасыз ету маңызды. Өздерінің ғана емес, өзге адамдардың тағдырына бейжай қарамайтын, елдің ертеңін ойлаған бизнесмендер, кәсіпкерлер, меценаттар бұл қорға қаржы аударып отырса, құба-құп.

Біздің елімізде қалталы азаматтар аз емес. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі бизнес құрылымдардың басшыларын қазақстандықтарға қолдау көрсетуге шақыруы орынды мәселе деп ойлаймын. Бұл қор қоғамда әлеуметтік әділеттілік қалыптастырып, үлкен мақсат жолында қызмет ететініне сенім зор.

Бейбіт ӘБІЛЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp