«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Жол — экономиканың күретамыры

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының алқа мәжілісіне қатысып, талқыланған мәселелер бойынша бірқатар міндеттер қойды.

Жиналғандар алдында облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуаныш Баяхмет 2021 жылы көлік саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы іс-қимыл жоспарлары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, өңір аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы тоғыз мың шақырымға жуық. Республикалық маңыздағы жолдардың 78 пайызы, облыс, аудандарға тиесілі жолдардың 74 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Автомобиль жолдарын ағымдық және күрделі жөндеулерден өткізуге 2019 жылы 14,6 млдр. теңге бөлінсе, 2021 жылы 24,4 млрд. теңге бағытталған. 813 шақырым жол қалпына келтіріліп, инфрақұрылым сапасы жақсара түскен. Соңғы үш жылдың ішінде 1,2 мың шақырым жол, яғни барлық деңгейдегі автомобиль жолдарының 17 пайызы жаңартылған. Ауданішілік жолдарды талапқа сай күтіп-ұстауға да баса мән беріліп отыр. 44 елді мекенде 4,3 млрд. теңгеге 189 шақырым көше жолдары қалпына келтірілген. 2021-2025 жылдарға дейін қабылданған әлеуметтік-экономикалық кешенді жоспар аясында 2100 шақырым жол жөнделеді. Сонда 250 мың адам тұратын 350 ауылдың әлеуметтік жағдайы жақсарады. Бұдан бөлек, Имантау-Шалқар курорттық аймағы бойынша 35 шақырым жолды жөндеуге 5,7 млрд. теңге бағытталмақ.

Жолдардың талапқа сай жөнделуін бақылауға алу мақсатымен “Жол активтері сапасы ұлттық орталығының” филиалымен 44,9 млн. теңгенің келісімшарты жасалған. 211 тексеру ұйымдастырылып, нәтижесінде орын алған кемшіліктер мен олқылықтар түзетілген. Жолдарды күнделікті күтіп-ұстауға және қардан тазалауға әртүрлі маркадағы 115 техника жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментпен және “Қазавтожол” компаниясының жергілікті бөлімшесімен бірлесе отырып, автомобиль жолдарының қысқы кезеңдегі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты шаралары бекітілген. Аудандық жолдардың ұзындығы 5043 шақырымды қамтыса, оларды қысқы кезеңде күтіп-ұстауға 189,9 млн. теңге қарастырылған. Елді мекендерге 129 автобус қатынайды, олардың 5-еуі – облысаралық. Тұрақты қоғамдық көліктермен 100 мың тұрғыны бар 350 ауыл қамтамасыз етілген. Әлеуметтік маңызға ие 54 маршрут 745 млн. теңгеге субсидияланып, 9 млн. жолаушы тасымалданған. Мұндай бағыттағы маршруттардың саны 64-ке дейін жеткізілмек. Қала автобустары толығып, 4,1 млрд. теңгеге “Ютонг” маркалы 100 көлік сатып алынған. Әуе рейсін қалпына келтірудің нәтижесінде тамыз-желтоқсан айлары аралығында 16179 жолаушы тасымалданған. Бүгінде ұшақтар Нұр-Сұлтанға күн сайын, Алматыға аптасына 5 рет, Шымкентке 3 рет, Түркістанға 2 рет қатынайды.

“Қазавтожол” АҚ облыстық филиалының директоры Қуаныш Ескендіров республикалық маңызға ие автомобиль жолдарын күтіп-ұстау бойынша 5,366 млрд. теңге игерілгенін айта келіп, жол-құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты бірқатар бағдарламалардың қайта қаралатынын жеткізді. 9 учаскенің жолдарына ағымдық жөндеулер жүргізіледі. Республикалық маңыздағы автомобиль жолдарын күтіп-ұстаумен “Қазахавтодор” ЖШС-ның жергілікті бөлімшесі айналысады. Оның қарамағында 277 адам, 169 техника, 12 өндірістік база бар. Жолдардың бойында 106 сервистік нысан орналасқан. Олардың үштен бірі стандарттық талаптарға сай келмейді. “Қазмұнайгаз” компаниясына қарасты 6 жанар-жағармай бекеті жаңғыртылған.

“Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Марат Дәрібаевтың сөзіне қарағанда мекеме жұмыс сапасына сараптама жасауды, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының техникалық талаптарға сай келуін қадағалайды. Жүргізілген 283 тексерудің қорытындысы бойынша 313 материал сынамасы алынып, 347 ескерту берілген. 58 материал сынамасы бойынша нормативтік-техникалық құжаттама талаптары өрескел бұзылғаны анықталған. Мұндай олқылықтар мердігер ұйымдарға да тән. Осы себепті 450 текше метр инертті материалдарды қолдануға тыйым салынған. Технологиялық процестердің бұзылуын барынша азайту мақсатымен ішкі сапа қызметін жақсартуға, зертхана жұмыстарын жандандыруға қатысты ұсыныстар айтылды.

Облыстық көлік бақылау инспекциясының жетекшісі Руслан Сейталин көлік заңнамасы талаптарын орындау, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру, автомобиль жолдары желісінің сақталуын қамтамасы ету мәселелеріне тоқталды. Баяндамашы жол сапасына құрылыс жұмыстарына тартылатын ауыр салмақты автокөлік құралдары елеулі түрде нұқсан келтіретінін атап өтті. Олар, негізінен, Қытайдың тіркемелі самосвалдары. Сондықтан тапсырыс берушілер, инертті материалдарды тиеу пункттері автжолдарды жөндейтін және қайта жаңартумен айналысатын мердігерлермен шарт жасасқанда тасымалдауға ауыр салмақты көліктерді тартпау талаптарын қатаң сақтауға міндетті.

Облыс аумағында пайдалы қазбаларды өндіретін 8 карьер орналасқан. Олардан рұқсат етілген параметрлерден асып кеткен жүктерді тасымалдағаны үшін 90 әкімшілік іс толтырылған. Тиісті орындарға 33 ұсыным жолданыпты. 211 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 26,8 млн. теңге айыппұл өндірілген. Соған қарамастан атқарылып жатқан іс-шаралардың пәрменділігі төмен. Өйткені құқық бұзушылар жазадан құтылғаннан кейін ауыр салмақты көліктермен жүруді жалғастырады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес көлік заңнамасын бұзған автокөлік құралдары ұсталатын айып алаңдар болу керек. Шешімін таппай келе жатқан проблеманың бірі – уақытша тұрақтардың құрылмауы. Облыс орталығындағы бір ғана коммуналдық тұраққа ауыр жүк көліктерін қою мүмкін емес. Тағы бір мәселе, көліктік бақылау бекеттері тозған, материалдық-техникалық базасы әлсіз. Сонымен қатар жол төсемінің бұзылуына айтарлықтай ықпал ететін салмақ параметрлерінің артуын дұрыс анықтау үшін автожолдарда автокөлік құралдарын өлшейтін арнайы орындар ұйымдастырылмаған. Серфикатталған таразы жабдықтары қойылмаған. Сондай-ақ жүргізушілер мен жүк тасымалдаушылардың инспекторлармен тікелей байланысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері кездеседі.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов алқа отырысында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінің қызметкерлеріне біліктілікті арттыру курстары мен семинарлардан өтуді ұсынды.

“Жолдарды салу және жөндеу істері бойынша орындалған жұмыстарды ТКШ бөлімдерінің басшылары мен аудан әкімдігі қабылдайды. Олар көпмиллиондық жобаларды сапалы жүзеге асыруға жауапты. Сондықтан қызметкерлер кәсіби біліктілігін шыңдаумен жүйелі түрде айналысулары қажет. Былтыр сауатты және тәжірибелі мамандарды жұмысқа тарту мақсатымен мемлекеттік қызметшілердің жалақысы екі есе өсті. Кейбір аудандарда мұғалімдер ТКШ бөлімдерінің жетекшісі болып істейтінін білеміз. Олар нені талап ететінін, қандай міндет қоятынын, жобалау-сметалық құжаттаманы, мерзімін, материалдардың айырмашылығын, қолданылатын техниканың ерекшеліктерін жақсы білуі керек”, – дей келіп, тұрақты негізде өткізілуі тиіс оқыту семинарларын ұйымдастыруды тапсырды.

Құмар Іргебайұлы автожолдарды жөндеу, жаңғырту кездерінде мердігерлердің жауапкершілігін көздейтін шарттар жасалу қажеттігін, автожолдардың сақталуын жақсартуға, жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға, сертификатталған зертханаларды көбейтуге, мердігерлік ұйымдардың ішкі бақылау тәртібін жетілдіруге қатысты бірқатар міндеттер қойып, тапсырмалар жүктеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp