«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАНДЫ СҮЮ — ЕҢ ҰЛЫ СЕЗІМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мағжан ақынның: “Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін!” – деп жырға қосып, болашағына үмітпен қараған жастардың бүгінгі болмысы қандай? Тәуелсіздіктің шүлен шұғыласына бөленіп өскен жастардың заманға деген таным-түсінігі, іс-әрекеті қай деңгейде? Жыл басында орын алған “Қасіретті қаңтар” оқиғасы біраз жайдың бетін ашқаны анық. “Қазақстанның болашағы – жастарда” деп жар салғанымызбен айналып келгенде мұның бәрі отаншылдық рухқа келіп тірелетіні белгілі. Әсіресе мектеп қабырғасында тәрбие мен білімді қатар меңгеріп жатқан оқушыларды шынайылыққа, отансүйгіштікке бағыттаудың жолын ерте қарастыруымыз керек сияқты. Газет редакциясы осы түйткілдерді негізге ала отырып “Жастарды ұлттық патриоттыққа баулудың кілті неде?” деген тақырып төңірегінде “дөңгелек үстел” отырысын ұйымдастырды. Онлайн сұхбатқа облыстық “Urpaq” Қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты Гүлбақша Мұсабаева, “Қоғамдық келісім” КММ басшысының орынбасары, ақын Әбдіғани Бәзілханұлы, Жамбыл ауданындағы “Айнагүл” бөбекжай-бақшасының директоры Әлия Нұрмағамбетова мен Мамлют аудандық полиция басқармасы Криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Ерлан Дәулетов қатысты.

– Халқымыз ежелден жастарды ел­дің ертеңіне балап, олардың тәлім-тәрбиесіне ерекше назар аударған. Өкініштісі сол, кейбір жастарымыз­дың жалған патриоттыққа, енді бірінің арам пиғылға бой ұрып отырғаны жалған емес. Оған жақында Алматыда орын алған оқиға дәлел. Жалпы қай өңірде, қай мекемеде болмасын бүйрегі елге, жерге, Отанға бұрып тұратын жастарды аз кездес­ті­реміз. Мұның себебі не деп ойлайсыздар?

Гүлбақша МҰСАБАЕВА:

– Алматыда болған оқиға біздің қо­ғамның көп кемшіліктерінің бетін ашып берді. Жайдан-жай ештеңе орын алмайды. Не туындаса да оған сыртқы және ішкі себеп түрткі болады. Бұған отбасы мен қоғам ғана емес, мемлекеттің де жауапкершілігі бар. Бұл оқиғадан көп адамдардың ұлттық патриотизм сезімінің төмен екенін аңғарамыз. Ал патриоттық тәрбие, ең алдымен, ананың сүті, әкенің қанымен дариды. Отбасынан басталған тәрбие баланың болашағына әсер етпей қоймайды. Жас өрендерді мектепке, сосын университетке түскенде білім жүйесі, кейін қоғам тәрбиелейді. Кәмелеттік жасқа толып, саяси құқықтық қатынасты еркін меңгерген кезде мемлекеттік саясаттың ықпалына ұшырайды. Біз, ең алдымен, жастарды ұлттық патриотизмге жетелеудің жолын ай­қындап алғанымыз дұрыс. Шыны керек, өткен ғасырдың 90-жылдарының бас кезінен 2000 жылға дейін, 15 жылдан аса уақыт ішінде білім жүйесінде нақты ұлттық идеология болған жоқ. Балала­рымыз өткен 30 жылдың ішінде бел қайыстырар қиындықтарды бастан өткермеді. Білім саласы бірізділікке түспей, былыққа батып, тәрбиеміз саяздап, руха­ни құндылықтарымыз шетелге айыр­басталғаны себепті, ұлттық патротизмнен айрылып қала жаздадық.

Әбдіғани БӘЗІЛХАНҰЛЫ:

– Ең алдымен, патриоттықтың не еке­нін балаларға түсіндіруіміз керек. Бұл жерде бәріміздің, ата-ананың да, қоғам­ның да, билік басындағылардың да кінә­сі бар деп ойлаймын. Бейбіт шеруге шық­қандарды айтпағанның өзінде, дүрмек­ке ілесіп бұзып-шағу, одан қалды тонау­мен айналысқан жастардың ата-анасы қандай деңгейдегі адам? Олар Тәуел­сіз­діктің қадірін, мемлекет тұтастығы­ның оңайлықпен қолға келмегенін біле ме? Алматыдағы болған жағдай кілең жастардың емес, дүрмектің шаңын пай­даланып өздерінің теріс пиғылын іске асырмақ болған топтардың ісі. Өйтпесе бейбіт шеру елдегі қымбатшылыққа, әлеу­меттік теңсіздікке байланысты туын­даған еді. Арты қантөгіске әкеліп соққан жағдайдан барлығымыз сабақ алғанымыз жөн. Осыдан жастарды тәр­биелеудің механизімі әлі де толық же­тілмегені көрініс береді. Мәселен, балаң сенің айтқаныңа емес, істеген ісіңе кө­бірек назар аударады. Ата-анаға қарап бой түзейді.

Тағы бір айта кетерлік жайт, халықтың еңсесін басып, желкесін қиюға шақ қалып тұрған қарыз ақша деген бәле олардың еркін ойлап, еркін жүруіне мұр­са бермейді. Берешегі үшін күндіз-түні жұмыста жүрген адам баланың не істеп, не қойғанын біле ме? Осының кесірінен балаларды әлеуметтік желі тәрбиелеп жа­­тыр десек артық айтқандық емес. Онда адамды жат қылық пен қылмысқа жетелейтін түрлі ақпарат көздері бар. Соны көріп өскен бала түбі келеңсіздікке ұрынатыны анық.

Әлия НҰРМАҒАМБЕТОВА:

– Мен бұған отбасы кінәлі деп айтар едім. “Тәрбие – отбасынан басталады” де­мекші, әр ата-ана бала бойына пат­риоттық сезімді қалыптастыра білуі ке­рек. Мәселен, бала бақшада тәрбиеші­ні, мектеп қабырғасында мұғалімді сыйлауды үйренуі керек. Оны санасына құятын – ата-ана. Біздің кезімізде мұғалімді көрсек қәдімгідей денеміз дірілдеп, беті­міз қызарып кетуші еді, ондай сезім қо­рыққандықтан емес, сыйлағандықтан туын­дайтын. Өйткені ол сені білім нә­рімен сусындатып отырған құрметті адам. Қазір мұғалімнің қадір-қасиеті тө­мен деңгейде. Мұғалім сабақ үстінде ба­лаға болмашы дауыс көтеріп қалса, ер­тесі сол баланың ата-анасы зекіріп тұра­ды. Осыған әбден бейімделген оқушы еш­кімнен именбейді. Одан қалды дас­тарқан басында кей ата-ана мұғалімнің мәртебесін түсіретін әңгімелер өрбітеді. Ұстазға деген құрмет болмаған соң, ба­лада оқуға деген сенім азаяды. Ең соңында, өкінетін әрине ата-ана. Үлкенді құрметтеп, кішіні аялауды баланың бойына балғын кезінен сіңіру керек.

Ерлан ДӘУЛЕТОВ:

– Мен – Тәуелсіздік құрдасымын. Тәуелсіз­діктің төл перзенттерінің көбіне патриоттық сезім жетіспейді. Біз сияқты жастар өткеннен сабақ алғаны дұрыс. Жақсы, еркін заманда жастар жаңалық­қа құштар болып өсуі керек. Еліңді, жеріңді сүймесең, сенің тырбанып еңбек етіп жатқаныңнан еш мән болмайды. Өзге елде де ерінбей еңбек етіп, жанын бағып жатқан қандастарымыз бар. Олар Тәуелсіз Қазақ елін аңсайды. Барып то­пырағына бір аунасақ, арманымыз жоқ дейді. Қандай жүрек елжіретерлік сезім. Отанның қадірқасиетін сыртта жүрген­дер емес, осындағы біздер ерекше сезінуіміз керек қой. Жақсылық та, жаман­дық та отбасынан басталады. Кейін қо­ғамның әсеріне ұшырайды. Сырткөз, ең алдымен, сол елдің қоғамына қарап, мемлекетінің қандай деңгейде екеніне баға береді. “Іштен шыққан жау жаман” демекші, өзіміздегі қой терісін жамыл­ғандарды қырағылықпен байқап, еліміз­дің тұтастығы мен тыныштығы үшін күресуіміз керек. Бұл біздердің бұлжымас міндетіміз.

– Жастардың дені “Ауырдың үстімен, же­ңілдің астымен” жүріп, оңай жолмен баюды көздейді. Бұл тығырықтан шығар жол ма?

Гүлбақша МҰСАБАЕВА:

– 30 жылдың ішінде қалыптасқан ұр­пақ ешқандай қиыншылықпен бетпе-бет келген жоқ. Егемендіктің елең-алаң уақытын еске түсірейікші. Сол кездегі ауыртпалықты бір кісідей тартқан жандар күнкөріс үшін әртүрлі жұмыстарды істей жүріп, балаларын осы күнге жет­кізді. Сол ұрпақ қазір орда бұзар отызда. Сол кездегі ата-аналар өздері көрген тауқыметті балаларым көрмесін деп ойлайды. Жастар да соған әбден бейімделіп алған. Мәселе сәбилерін өздері жүрген жолмен жүргізуінде емес, құла­ғы­ның түкпіріне жеткізіп айта білуінде. Қазіргі балалар үйі мектепке жақын тұр­са да, жаяу барғысы келмейді. Тез да­йындалатын тағамдарға әуес. Сөйте-сөйте жеңіл жолға бойлары үйрене береді. Оған бірден бір себеп, қазір мектепте дене еңбегіне оқушыларды тарт­пайды. Тек оқумен ғана айналысады. Ал кезінде бізге кабинетті жуғызатын. Оны еш қиынсынбаушы едік. Қазір ондайдың бірі де жоқ. Еңбек пен оқуды қатар ұстамағаннан кейін бала телефонға әуес болады. Бара-бара жеңіл жолды таңдайды. Мен жалпы патриоттық деген сөзді еңбек деген ұғыммен байланыс­тырамын. “Еліңе еңбекпен пайдаңды тигіз, жеріңді еңбекпен сүй, Отаныңа еңбекпен қызмет ет!”. Осы ұғымдарды жастардың жадына сіңірмейінше, ештеңе өзгермейді.

Әбдіғани БӘЗІЛХАНҰЛЫ:

– Бұған экономикалық қоғамды түсін­беген өзіміз кінәлі. Бұл жерде нарық алға шығып, ұлттық құндылық, менталитет артта қалған. Нарықтық экономи­каны атақ үшін, жақсы жағдайда өмір сүру үшін емес, ұлттық құндылықты ұс­тап тұру үшін пайдалансақ орынды бо­лар еді. Әрине, бұл тығырықтан шығар жол емес. Осы жолмен кете беретін болсақ, біздің қоғамымыз одан әрі құл­дырайды. Бұған түбегейлі өзгерістер қа­жет. Біз барлық нәрсені ақша шешеді де­ген жалаң идеядан арылмай тұрып, жас­тарды дұрыс жолға тәрбиелей алмай­мыз. Ол үшін рухани жақтан өзімізді да­йындай білуіміз керек. Бұл алдыңғы буын өкілдерінің дұрыс жол көрсетпеуі­нен туындап отыр. Жалаң ұранмен көзге түсу, сол арқылы танымал болу, белгілі бір орынтаққа қол жеткізу қоғамда ушығып тұрған мәселеге айналып барады.

Әлия НҰРМАҒАМБЕТОВА:

– Біздің қоғамда “бай адам жағымсыз, сенім тудырмайтын адам” деген ескі көзқарас бар. Барлығына бірдей топы­рақ шаша алмаймын. Адам адал еңбе­гімен байыса, өз халқына қол ұшын бе­ріп, пайдасын тигізсе, онда ондай адам­дарды неге құптамасқа? Менің тұспалдауымша, осы жалқаулыққа қарата айтылған сөздің мәні көп өтпей күшін жоя­тын тәрізді. Өйткені елімізде жемқор­лыққа қарсы күрес ауқымды жүріп жат­қаны анық. Қаншама жылдардан бері ел байлығын өз еркінше жеп келген лауа­зымды тұлғалардың қылмыстары ашы­лып, жұртқа жария бола бастады. Енді жастар мемлекеттік жұмысқа қолы да, ары да таза күйде келетін күн жақын. Қазір барлық жұмыс ашық, әшкере ха­лықтың алдында істеліп жатыр. Алдағы уақытта қоғам түгелдей өзгеріске түсеті­ніне сенімім кәміл. Оған бәріміз атса­лысуымыз керек. Баланы мектеп жасынан бастап адалдыққа, батылдыққа, шы­найылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбие­леуден ұтатын жеріміз көп.

– Ұрпақ тәрбиесінде ұлттық идеоло­гияның рөлі маңызды болуы керек. Егер мұндай болмаған жағдайда біз жаһанданудың аранына жұтылып кетеріміз хақ. Осы ретте біз ұлтымыздың арда тұлғаларының өмірлерін, еңбек жолда­рын жастарға таныта, дарыта алып жүрміз бе?

Гүлбақша МҰСАБАЕВА:

– Ұлттық идеология деген – ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылық. Ол білімді, ұлт жанашырлары мен қоғам қай­раткерлері, ғалымдар мен классик ақын-жазушылардың еңбектері арқылы санаға дариды. Соны әсіресе жастар шынайы қабылдайтын болса, онда біз­дің мемлекетімізде ұлттық идеология қа­лыптасады. Идеология әр жастың жүрек түкпірінен шыға алуы маңызды. Әр адамның алпыс екі тамырын идіре ал­маған идеология ешкімнің де сана-сезіміне әсер ете алмайды. Мұндай жағ­дайда жастар тек әлеуметтік желі арқылы шетелдік мәдениетке еліктеп, соған қызығып, ойлары солай қарай қабысып, тәрбиеленеді. Бұл біздің ұлт үшін өте қауіпті.

Әбдіғани БӘЗІЛХАНҰЛЫ:

– Ұлттық идеологияны насихаттай­тын­дардың бірі – бақ өкілдері, яғни га­зет-журналдар, телеарналар, желілер. Елдік мүддені көксеп отырған бірде-бір телеарна жоқтың қасы. Бәрінің көксе­гені: шетелдік шоулар, шу, даңғаза. Қа­зақтың руханиятына қызмет етіп отыр­ған газет-журналдарды іздеп жатқан еш­кім жоқ. Жастар желінің “ойыншығына” айналды. Телеарналардың көбі “тен­дерге қатыссақ, қаражат жымқырсақтан” аса алмай отыр. Қомақты қаражатты ұтып алғандар халықтың көзін алдап, анда бір концерт, мұнда бір кездесу ұйымдастырып, жоғарыға есеп беріп қоюмен шектелуде. Сол шараларға бел­гілі бір топтар ғана келеді. Жалпылық сипат алған ұлттық идеология атымен жоқ. Біздің ұлттық лидерлеріміздің, алаштықтардың еңбегі шынайы наси­хат­талған жағдайда біз әлдеқашан өр­кендеген ұлтқа айналған болар едік. Қыс­қасын айтқанда, ұлттық рухпен ұрпақ­тарды сусындата алмай отырмыз. Осы жолы Мемлекет басшысы жаңа жасақ­талған Үкіметке қаншалаған тапсырмалар берді. Жастарды патриоттыққа тәр­биелеудің механизмін қайта жасаудың орайлы уақыты келді. Осыған жауапты адамдар жылдам іске кірісулері керек. Жастарды қолға алу деген сөз – ұлттың болашағын қолға алу деген сөз.

Әлия НҰРМАҒАМБЕТОВА:

– Ата-бабамыздан қалған салт-дәс­түр, әдеп-ғұрып, тіл, дін, мәдениет, тәрбие оның ішіндегі ең маңыздысы – адамгершілік қасиетті жастар бойына сіңіріп өсуі тиіс. Біздің тарихта өткен ұлы ғұлама ұстаздарымыздың барлығы дерлік осыны аңсап кетті. Олар қанды қасап мезгілде де партия құрып, өз хал­қына есе-теңдік алып беру жолында қан­шама қуғын-сүргінді бастан кешірді. Қа­зір, Құдайға шүкір, артыңнан шам алып жүгіретін заман кетті. Өз мемлекетіңде емін-еркін еңбек етіп, өмірдің қызығын көру өз қолыңда. Ұлттық идеология бол­мағаннан кейін жастарға түрлі жағдай­лар жасалып жатқанымен, оларда пат­риоттық сезім жоқ. Ол үшін жоғарыда таза, адал, еңбекқор адамдар үлгі көр­сету керек. Сонда жастарда сенім де, құрмет те болады. Бала балабақшада не мектеп қабырғасында жүргенде ұлт­тық идеологиямен барынша қарулануы тиіс.

Ерлан ДӘУЛЕТОВ:

Ұлттық идеологияға қарапайым мы­сал келтірер болсам, ең алдымен, “көк жәшігімізді” дұрыстауымыз керек сияқты. Қазір бесіктен белі енді ғана шыққан бала шетелдің мультфильмін көруге құмар. Өйткені олардікі қызық, әдемі жасалған. Ал біздікінің саны аз, қарабайыр. Бір-екі рет көргеннен кейін бітіп қалады да, қызылды-жасылды, бай мазмұнды ше­телдікіне ауыстыра қояды. Кішкене бала сіздің айтқан сөзіңізді қайдан түсіне қойсын, керісінше жақсы мультфи­льммен тәрбиелеген дұрыс. Оның үстіне бес жастағы баланы алып қарасақ, тілі орысша шыққанын байқайсыз. Бұл да сол көріп отырған дүниесінің әсері емей немене? Түкке тұрғысыз нәрсе­лерге қаншалаған қаражаттар бөлініп жатыр, ұлт қамы үшін ұрпақтарға аз да болса сауға істеуге болады ғой. Халқы­мыз “Не ексең, соны орасың” деп бекер айтқан жоқ. Балаңа қандай тәрбие бересің, кейін солай қызмет ететін бо­лады. Ештен кеш жақсы демей ме, осы жағын әлі де қолға алуымыз керек.

– Мемлекет бір қоғамдық форма­циядан екіншісіне өтерде түрлі қақты­ғыстардың орын алатыны заңдылық. Зайырлы мемлекетте билік пен бұқара халықтың арасының алшақтауының себебі неде?

Гүлбақша МҰСАБАЕВА:

Қоғамды жемқорлық жайлаған тұста мемлекет ешқашан дамымайды. Осы жағдай экономикамызға, ұлттық қауіп­сіз­дігімізге өте ауыр тиіп отыр. Қоғам мен мемлекет бір-бірін тыңдай біліп, бірге өзгеру керек. Мемлекеттік емес ұйымдарға қолдау білдірген күнде, қо­ғамдағы өзекті мәселелер ескеріледі, оған құлақ асады. Осыған қатысты Пре­зидент Қ.Тоқаев бір сөзінде “Әлеуметтік әділеттілікті орнату керек” деді. Бұл өте орынды әрі ұтымды айтылған сөз. Елдің көкейіндегісін дөп басты. Мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу үшін халық осы­ны ұғынуы керек. Біздер осы мақсатта қоян-қолтық әрекет етудің арқасында мақсатқа жетеміз.

Биліктегілер байлыққа құныққан жағ­дайда, қоғамда шынайы жұмыс атқа­ратын адамдар болмаған кезде билік пен қоғамның арасы алыстайды. Кезін­де Шоқан Уәлиханов “Заңды халық үшін жасау керек”, – деп айтып кеткен. Қазір заңның көптеген нормалары сол билікте отырған адамдар үшін жасалған сияқты. 2015-2022 жылдар аралығында 42 рет заң қабылданды. Халық өз алдына, билік өз алдына дамып келе жатқан қос рельстей сезіледі. Өйткені бұл норма­лар халықтың жағдайына сәйкес кел­мейді. Шарттары бір-біріне қарсы.

Әбдіғани БӘЗІЛХАНҰЛЫ:

– Халықтан алшақтау – бара-бара ха­лықтан айырылу деген сөз. Мемлекет бас­шысының пәрменімен нақты шешім­дер қабылданып жатқаны қуантады. Би­лік басындағы қым-қуыт қайшылықтар елдегі жағдайдан хабардар етті. Билік­тің әрекетін халық білмесе, ал халықтың жай-күйін билік аңғармаса бұл екі араның алшақтауына себеп болмай немене?

Әлия НҰРМАҒАМБЕТОВА:

– 90-жылдардағы жылуы, жарығы жоқ, дүкендер қаңырап бос тұрған кез есте. Сол кезбен салыстырғанда, қазір біздер ертегілер елінде өмір сүріп жатқандаймыз. Жемқорлардан халық әбден шаршады. Алайда ақырындап дұ­рыс­талып келеді. Ол үшін жоғары жақ­тағы адамдар жұмысты адал атқару ке­рек. Сосын оларды халық сыйлайды. Ха­лық үшін қызмет етеді деп сайлаған де­путаттар “ұйықтамауы” керек. Бұған тек үкімет ғана кінәлі емес, халықтан да кемшілік іздегеніміз дұрыс. Өйткені үйде отырып алып жастарды түрлі қитұрқы­лық­қа айдап салып, арандататындар жоқ емес. Өмірге өкпесі болса, немесе жай отырып, іші пысқанда, билікпен алысу керек пе? Әйтеуір әлеуметтік же­лінің жұлдызы болып алады. Осы жолғы оқиғада Президентіміз жаңаөзендіктермен диалогқа шықты, түйін шешілгелі тұрған еді. Ал Алматыдағы қантөгіс арандатушылардың ісі. Мемлекетті ой­ла­майтын, жалған патриоттардың кесірі көп тиді. Еңбектенген адамға жол ашық. Қай салада болмасын, Үкімет тарпынан әр азаматқа тиісті көмек беріліп жатыр. Халықтың арасында қараңғылық та жоқ емес, өзіне тиімді бағдарламаларды оқы­майды, жасалып жатқан істерді білмейді. Тек біреудің сөзіне ереді.

Ерлан ДӘУЛЕТОВ:

Жақсылықтан қашан да үмітті халық­пыз ғой. Дегенмен де қоғамдағы көп түйткілді мәселелер өз шешімін тауып, кей жұмыстар тиімді жоспарлануда. Қазір халықтың көзі ашық. Ұнамаса, бе­тіңе айтады. Бірақ барлығы заң талаптарына қарай болса құба-құп. Заңсыздықтар орын алып кететін жағдайлар көп кезігеді. Өмірде неше түрлі адам болса, сонша түрлі проблема туындай­ды. Сол үшін құзырлы органда істейтіндер халыққа жақын жүруі дұрыс деп ойлаймын. Халық пен биліктің арасы қаншалық жақын болған сайын қоғам ілгерілейді.

– Білімді жас мамандар күнкөріс қамымен дамыған елдерге кетіп жатыр. Оларды тежеудің амалы қайсы?

Гүлбақша МҰСАБАЕВА:

Өкінішке қарай, қазіргі уақытта көпте­ген жастар расында да дамыған мемлекеттерге кетіп жатыр. Біздің өңірді алып қарасақ та, білімді мектепте орысша ал­ған жастар шекаралық аймақтарға, мә­селен, Омбы, Түмен облыстарына не­месе Мәскеуде жоғары білім алуда. Орайы келсе, кейін сонда қалуға тырысады. Мемлекеттік бағдарламамен де дамыған шет мемлекетте білім алып жатқандар жетерлік. Елге кері қайтуға асықпайды. Бір айтарлығы, елімізде жас маманның жұмысқа орналасуы қиын. Жұмыс тапқан күнде жалақысы мардым­сыз. Ол кімге жетеді? Қазір ипотекамен үй алудың өзі қиын. Ал шетелде әлеуметтік жағдайлар ашық түрде шешілген. Жас мамандарға берілетін кө­мек жақсы. Араб елдерінде мүлдем бас­қаша. Бала өміге келген күннен бастап мұнайдың мәлім пайыздық пайдасы шотына құйылады. Есейгенде оқуына, үй алуына қаражаты дайын. Үйленуіне, дүние-мүлік алуға да мүмкіндігі бар. Ал бізде халықтың 95 пайызы қарыз ақшаға белшесінен батып отыр. Жастарымыз өз елінде өз қызметін толықтай атқару үшін бізге үлкен өзгеріс керек.

Әбдіғани БӘЗІЛХАНҰЛЫ:

Біріншеден, біздің елде жұмысқа тұру көбінесе оның туысқандық жақынды­ғына, рулық байланысына қарай болатыны қарныңды аштырады. Кей өңір­лерде тіпті ашық түрде ақша сұрайды. Оның жұмыс істеуге қабілет-қарымының қаншалық екеніне бас қатырмайды. Бұл “ауру” бізің қоғамды жайлап, жегі құрттай жеп, тамырын тереңге жайып алды. Жақсы білімі болғанымен таныс-білісі жоқтар жұмысқа кіре алмай, амалсыздан шетел асуға мәжбүр. Қай жерде жақсы қызмет, әділдік болса, сонда кетеді. Екіншіден, экономикалық жағдайды алға тартуға болады. Осы уа­қытқа дейінгі еңбекақының аздығы олар­ды осындай жолға итермелеп отыр. Жалақы жыл сайын өсіп жатқанымен, халықтың тұрмысына әлі де жеткіліксіз. Зат бағасының қымбаттауына байланысты мөлшердегі айлықпен от­ба­сын асырай алмайсың. Оларды ұстап қалудың жолы – барлық жастарға тең көзқараспен қарау. Білімді, қабілетті жас мамандарды мемлекет жағдай жа­сай отырып, өзіне қызмет еткізуі керек. Ең әуелі, оларды баспанамен, жұмыс­пен қамтамасыз етсе, ешкім шетел асып қаңғырмас еді. Таныс-біліс арқылы жұмысқа кіріп, өмір сүретін елден болашақ көре алмайсыз. Барлық жастарды өз деңгейіне қарай түрлі игіліктермен қам­тамасыз ету керек. Ол мемлекеттің мін­деті. Жағдайы жақсы, балалары алаң­сыз білім алып жатса, мемлекетке қыз­мет етпей не істейді?

Әлия НҰРМАҒАМБЕТОВА:

Біз демократиялы елміз. Білімді жас­тар қай елге барып жұмыс істеймін десе де, өз еркі. Бірақ тойған жеріне құлай жығылу – олардың патриоттық сезімінің таяз-тереңдігіне саятын мәселе. Өз елінде тегін оқу оқып, түрлі игіліктерді пайдаланып, алған білімдерін өзге мемлекетке барып пайдалану, әрине, дұрыс емес. Олардың көбі күн көріс қамымен кетіп жатқан жоқ. Өйткені жақсы білім алса, біздің мемлекетте де күн көре алады. Оларға керегі – хаип. Шетелде шалқып жүрмін деген мақтан керек. Елін, жерін шын сүйген азамат болса, онда ол жақтың мықты тәжірибесін өз еліне әкеп пайдаға асыратын еді. Ондай көкірегі ояу азаматтар баршылық. Біз сондай азаматтарды наси­хаттауымыз керек. Сонда ғана шетел деп елпеңдегендер аяқ жиып, осында да хаип бар екенін түсінеді. “Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол” деген сөзге тоқтаған дұрыс.

Ерлан ДӘУЛЕТОВ:

Шетел асып шікірейіп жүрсең де, өз еліңдей қайда? Өз еліңнің бір жұтым ауа­сымен тыныстап, бір уыс топырағына жылынып отырғанға не жетсін, шіркін! “Қайда барсаң да, қазанның құлағы төртеу” демекші, ол жақтың да өзіндік қиындығы бар. Еті тірілері ептеп жан бағар, қалғандары көп ұзамай қайтып келер. Десе де елде еңбек етіп жүрген жас­тардың ойын бұзатыны рас. Мемле­кетіміздің дәулеті күннен-күнге артып, жастарға оңтайлы тиімділіктер көбейіп келе жатқанда, шетел асу қисынсыз. Әрине, қыдырып барып қайтсаң, оның орны бөлек. Ол үшін барған мемлеке­тіңнің тілін білгенің жөн. Мен өз елімде, қайнаған қазағымның ортасында жүр­ген­ді жүрегім қалайды. Шетелдің тозық мәдениетін сырып тастап, озық техни­касын әкеліп, ел игілігіне жаратып жат­қандарға ризамын.

Дайындаған

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp