«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Қаңтар күнделігі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұл күндерде болмады мазам мүлдем,

Күнделігін қаңтардың жазам жырмен.

Жүрегімнің тұмасын төгіп салып,

Тазартамын жанымды тозаң-кірден.

 

Ауды ма екен әділет таразыдан,

Бейбіт шеру басталған наразыдан.

Жаңаөзен, Ақтау, Атырау…

Ел тілегі

Айтылған Талдықорған, Таразымнан.

 

Қызылорда, Шымкент те сабырлы еді,

Семейімнен жасырды сағым нені?

Алаш-қалам, ардақтым, айтшы білсең,

Алашыма жазыпты Тәңір нені?

* * *

Алатаудың алқасын тұман басты,

Алматының аспанын мұнар басты.

Бұлдыраған тұманның арасынан,

Бас көтеріп шығардай мың албасты.

 

Көк те тұман, жер тұман, көңіл тұман,

Көңіл тұман болған соң өмір тұман.

Көк те, жер де тұрған соң тұмандатып,

Көтертпейді еңсені жебір күмән.

 

Жабылғандай үміттің бар қақпасы,

Запыранды, жүрегім, зарлап қалшы.

Қазағыма қайырлы болар ма екен?

Қара шұбар қаңтардың қанды аптасы?!

* * *

Көңірсіте сөйлейді көлгірлерім,

Түлен түрте сөйлейді білгірлерім.

Кері тарта, кердеңдеп керауызым,

Тілін тарта бұғады ділгірлерім.

 

Аңқаусыған кейіпте арам ойлым,

Қатуланған жөйіттей надан ойлым.

Алматыны басып тұр қара қойылым,

Ақымаққа айналды адал ойлым.

 

Көпшік қоя қолпаштап жағымпазым,

Аузын буған өгіздей алымпазым.

Ақиқатым адасқан андағайда,

Кім боп шығар екен-ау жеңімпазым?

* * *

Арамзалар кім екен амалдаған?

Арандатқан кім екен, арандаған?

Әділетті шарқ ұрып іздегенде,

Ақ ниетті кім екен арамдаған?

 

Кедергі мен кесірлер кеден болды,

Зұлымдық пен жауыздық неден болды?

Жамандардың нан пісіп кеудесіне,

Жақсыларым неліктен төмен болды?

 

Көк тұманнан Алматым арылмаған,

Көкіректі зіл басқан, көңілде алаң.

Қазығындай қайғының қазағым-ай,

Қашан сенің тауаның шағылмаған?!

* * *

Опағыңды сопаққа үйір қылып,

Жайпап өтті жасылды құйын-бүлік.

Әзәзілдер сандарын шапаттаған,

Алшы түскен асықтай иіріліп.

 

Пешенеге жазғанды елмен көрер

Ер ме десем,

Есалаң шерменделер.

Шеруімді батырып қалың шерге,

Жолға салып қойыпты көрге кірер.

 

Қанатсыздар жетпейтін құс биігі,

Қанаттылар қажымай ұшсын мейлі.

Іріткіге божыған ірілігім,

Интернеттей жоғалды ұшты-күйлі.

* * *

Табиғат та қапалы аза күні,

Көк мұнардан төгілген наза-мұңы.

Ақ-қарасын айырсақ арман бар ма,

Жазықсыздан жасамай жазалыны.

 

Қазағыма қансоқта қаралы күн,

Елім десем еңіреп ағады мұң.

Қыршынынан қиылған құлындар-ай,

Қамкөңілмін, зарлымын, жаралымын.

 

Не көрсе де тағы да қазақ көрген,

Ығыстырмақ кім оны азат төрден?!

Досқа күлкі, дұшпанға таба болар,

Азапкерге айналса азаткерден.

* * *

Түсірілген көкбайрақ Туым төмен,

Көп шуылдақ дабыра шуын көрем.

Зиялының қиялы қиястанып,

Запыранның ішімде уын төгем.

 

Көктің жүзін толассыз нұр саулаған,

Ашылмай тұр көк тұман құрсаулаған.

Көк Туымның тұғыры төмендесе,

Көк тұманда қобалжып бүрсең қағам.

 

Апта бойы түрілмей бұлт іргесі,

Аспаныңның қабарған сұрқын көрші.

Бұлт іргесі түрілсе, бәрекелді,

Сөгілмесін дейікші жұрт іргесі.

* * *

Жалт қарады қазаққа жаһан бүгін,

Жаһан дәйім танытар наһандығын.

Аңдап соғар аңысын алдампазға,

Байланбағай атар таң, батар күнің.

 

Құбылмалы заманның зәр-зәһары,

Араны кең дүние аждаһалы,

Арандаған қазақты жұтамын деп,

Арамдаған кәззапты қоздатады.

 

Іштегі дау өршісе,

Сырттағы жау,

Алмай қоймас бөрінің сырттанын-ау.

Аспаныңды тұманнан арылт, алаш,

Алатаудың сейілтші бұлттарын-ау…

* * *

Ат үстінде жылмақай қуаяқтар,

Құлықтары бар ма еді құдай ақтар?

Қылықтары бар ма еді құдай сүйер?

Сыны кеткен баяғы сырлы аяқтар.

 

Қарапайым қазаққа керегі не?

Қарамайды ол қомпиған беделіңе.

Пысқырмайды дөңкиген дөң айбатқа,

Сумақай мен содырдың әлегіне.

 

Тәуелсіздік – қазақтың тәу етері,

Алты қырдан асырар әрекені.

Көк туының түбінде тыныш жайлап,

Сүйген қазақ бірлік пен берекені!

* * *

Қобызымның ызылған сыңғыр үнін,

Домбырамның қоңыр үн күмбірінің,

Әуенімен асқақтап бар әлемге,

Алматымның тойлағам мың жылдығын.

 

Қара жұртқа мың жылдан келе жатқан,

Қаңтар, саған не дейін қара жапқан?

Алдымыздан әнеки келеді ақ таң,

Аязымен ақырып келеді ақпан.

 

Ақпан келіп аршиды тұманыңды,

Сығырайған маздатар шырағыңды.

Ақиқатым сейілтер күмәнімді…

Ұмытпаймын сонда да мына күнді.

* * *

Қазақ қырған қазақты қанды қаңтар,

Ханталапай қалың өрт жанды қаңтар.

Жанартаудай дүрк етіп атқылаған,

Жүрегімде жынды елес қалды қаңтар.

 

Жынды елес пе?

Жоқ, әлде, мұңды елес пе?

Елегзимін еске алып күнде кешке.

Әділетті іздеген шеруімде,

Әділетім ұстатпай кетті емес пе?!

 

Қызыл жалын қасірет қарыды ызғар,

Қасіреттің түр-түсін таныңыздар.

Жеткінінен айрылған аналардың,

Жауыздықтан түршігіп, жаны мұздар.

* * *

Неге? Неге? Неліктен? Негелеген?

Сұрақтарды миыма шегелегем.

Тойымсыздар тонаған сорлы елімді,

Жойымпаздар сорлатып жебелеген.

 

Мен айтпаймын, көк тұман күн айтады,

Тыныштығы бұзылған түн айтады.

Жаназасын шығарған боздақтардың

Боздап қалған ұл-қызы мұңайтады.

 

Өксік, үрей, күйікпен сорлы қазақ,

Көрдің қорлық, құқайды, көрдің азап.

Көздің жасын, қазағым, бұламашы,

Жыламашы.

Болмашы енді мазақ!

* * *

Сұмырайлар сүліктей сорған қазақ,

Көресіні көргенсің зордан қазақ.

Арыстандай бұлқынып атылғанда,

Тас-талқан қып шыққансың тордан қазақ.

 

Төртеу түгел болғанда орман қазақ,

Қитұрқыны жасатпа қолдан, қазақ.

Бірлігіңмен, береке, тірлігіңмен

Бақуатты күтерсің алдан, қазақ!

 

Ендігіде намысты берме, қазақ,

Толтырмашы кеудеңді шерге, қазақ.

Сын сағатта сенімін жоғалтпаған,

Тәуелсіздік сенікі, төрле, қазақ!

* * *

Ақ ниетім от құшты неге, неге?

Өрім жастар оққа ұшты неге, неге?

Ізгілікті жоғалтып ізі-қайым,

Жарлы байға,

Бай құдайға теңеле ме?

Неге? Неге?

 

Алматыда жарқырап күн ашылды,

Жанды көзім жарқ етіп шыра сынды.

Өмірдегі тұманым кетпесе де,

Көңілдегі көп жайдың сыры ашылды.

 

Сұрағым көп, шерім көп әлі менің,

Елімді ойлап еңіреп, егілемін.

Қаны тамған қаңтардың күнделігім,

Күнделікке мұң болып төгілемін…

Қорғанбек АМАНЖОЛ.

5-12 қаңтар, 2022 жыл.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp