Мемлекет өзінің ел алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындауда. Зейнетақы мен еңбекақы уақтылы төленіп жатыр.
Төртінші тоқсанда төленуі тиіс атаулы әлеуметтік көмек төтенше жағдайды ескере отырып, автоматты түрде бірінші тоқсанға ауыстырылды. Азаматтарға қандай да бір мемлекеттік органға барудың қажеті жоқ. 2021 жылғы 4 тоқсандағы табыстарды ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау ақпараттық жүйеде автоматты түрде қалыптастырылады.
Автоматты пролонгация азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша іс-шаралардың шеңберінде жүзеге асырылуда.
Облысымызда 26060 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Өңір бойынша мемлекеттік бюджеттен зейнетақы және жәрдемақы алушылар саны 135 мыңнан асады, соның ішінде зейнеткерлер саны 102 мыңға жуық.
Қазақстан Республикасының “2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңына сәйкес 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған ынтымақты зейнетақы мөлшері 2021 жылмен салыстырғанда 7 пайызға өсті.
Сонымен қатар 2022 жылдың 1 қаңтарынан тағайындалатын ең төменгі зейнетақы төлемі 46302 теңгені, ең төменгі базалық зейнетақы төлемі 19460 теңгені құрады.
Үстіміздегі жылы зейнетақы төлемін есептеу барысында қолданылатын ең жоғары табыс 140898 теңгені (46 АЕК) құрайтын болады.
Қаңтар айында зейнетақы және жәрдемақы төлеуге көзделген барлық қаражат белгіленген тәртіпке және бекітілген кестеге сәйкес алушылардың шоттарына түседі.
Гүлбақыт МАНАБАЕВА,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.