«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Экономиканы әртараптандыру маңызды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің еліміз қиын кезеңді бас­тан өткерді. Қаншама отбасы еңі­реп қалды, Әсем қала – Ал­матымыздың, өзге де шаһарла­ры­мыз­дың келбетіне нұқсан келді. Бейбітшілігімізден, елі­мізден, шыны керек, Тәуелсізді­гімізден айырылып қала жазда­дық. Мемлекет басшысының сын сағатта абдырамай, жағ­дай­ды уысынан шығармай дұ­рыс әрі батыл шешім қабыл­дауының арқасында қатерден аман қалдық. Ендігі міндетіміз – ел болып бірігіп, Президент қойған межеге жету. Негізгі басым­дықтар экономика саласына бе­ріліп отыр. Біз қуатты ел бола­мыз десек өндірісті дамытуымыз керек. Өзіміздің мүмкіндігімізді пайдаланып елге қажетті өнімді өндіруге кірісуге мүдделіміз.

Парламент Мәжілісінің оты­ры­сында сөйлеген сөзінде Қа­сым-Жомарт Тоқаев экономи­каны әртараптандыру – күрделі міндет екенін атап өтті. “Әрта­раптандыру болмаса, азамат­та­ры­мыздың әл-ауқатын артты­рып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес. Бұл жұмыс­тың басты бағыты – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Дегенмен ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі айтарлықтай өсті деп айтуға келмейді. Біз әлі күнге дейін бірқатар өнім түрі­нен импортқа тәуелдіміз. Жыл өткен сайын еліміздің төлем балан­сында өткір тапшылық байқалуда. Алюминийден, мыстан жасалған дайын бұйымдар және машина жасау саласына қажетті жабдықтар әлі күнге дейін шетелден әкелінеді. 2020 жылдың қорытындысы бойын­ша тек мұнай-газ және тау-кен машина жасау саласының импорты 4 миллиард доллардан асты”, – деді Мемлекет бас­шысы. Бұдан шығатын қоры­тынды мынау: біз әлі күнге дейін шикізат қана өндіретін ел болып қалып отырмыз, елімізден шығатын азық-түлік өз нарығымыз­ды қамтамасыз етуге жетпейді, жеңіл өнеркәсіптің даму қарқы­ны тым баяу. Алдағы уақытта кә­сіпкерлерге берілетін бірреттік тегін грант мөлшері 600 мың тең­геден 1200 мың теңгеге дейін өседі. Сонымен қатар ауыл ша­руашылығы саласындағы ірі кә­сіпорындар мемлекет тарапы­нан зор қолдауға ие болады. Енді отандық кәсіпкерлерге де жүктелер міндет зор. Олар өз жұмыстарын нарықты жан-жақты зерттеп барып жүргізуле­рі керек. Қолға алынбай келе жатқан кәсіп түрлері ашылса құба-құп.

Қасым-Жомарт Кемелұлы қа­лыптасқан жағдайға терең тал­дау жүргізуді тапсырды. “Бұған кейбір адамдар мүдделі ме?” деген сауал тастады. Заңды сұ­рақ. Иә, бізде, өкінішке қарай, алға жылжушылық болғаны­мен, кейбір салаларда керісін­ше жағдай орын алғаны жасы­рын емес. Оған жең ұшынан жал­ғасқан жемқорлық та кінәлі. Танысына, туысына қолдау көр­сеткен кейбір лауазымды тұлға­лардың кесірінен өнеркәсіптің кей­бір салалары тоқырауға ұшы­­рады. Ауылда тұратын адам ретінде, бизнес өкілі ре­тінде айтарым, ең бастысы, қа­ра­пайым тұрмысқа қажетті дү­ниелерді өзіміз шығарсақ, бас­қа­ға телмірмес едік. Ол заттың өзіндік құны да төмен болады. Бұл біздің экономикамызға, әлеуметтік жағдайды жақсарту­ға әсер етеді. Өйткені өндіріс ошағы болса жұмыс орындары ашылады. Елімізде іскер жан­дар көп, идеясы, ұсынысы бар адамдарды тауып, олардың әлеуетін тиімді пайдалану – мемлекет ұстанған басты ба­ғыт­тардың бірі болу керек деп ойлаймын.

Президентіміз көп мәселенің бетін ашып берді. Утилизация­лық алым да қарапайым халық­тың болсын, кәсіпкерлірдің бол­сын қалтасына түсетін салмақ еді. Жақсы жұмыс істеу үшін жаңа техника керек. Оны сатып алайын десең қымбатшылық қолыңды байлайды. Осындай қажетсіз алымдар – бизнестің өркен жаймауына әсер ететін жағымсыз фактор. Бір айта ке­терлігі, біздің облысымызда өн­діріс саласы дамып келеді. Ше­телдік комбайндар мен техника­лар құрастырылып жатыр, та­уар тасымалдайтын арнайы ва­гондар шығарылып жатыр.

Мемлекет басшысы көтерген мәселелерді шешу үшін халық­тың пікірімен санасу қажеттігін айтты. Бұл да қарапайым бұқа­ра мен билік арасын жақындас­тыра түскендей. Президентіміз сөзінің соңында: “Жаңа Қазақ­стан­ды бірге құрайық”, – деп ұран тастады. Бұл бәрімізді бірі­гуге, ел болашағы үшін жұды­рықтай жұмылуға шақыруы деп ойлаймын.

Екпін ӘБИЕВ,

“Екпін 2002” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы,

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp