Бүгінде өңір тұрғындары қауіпті індетке қарсы вакцина алуда. Қазір облыста “Спутник V” екпесінің І және ІІ компоненттері, отандық “QazVac”-тың 13 мың, “Vero Cell”-дің 63 мың дозасы бар. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге, сәбиі бар аналарға “Pfizer” вакцинасы егілуде. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов айтты.
– Әр вакцинаны сақтаудың өз ерекшелігі бар. Олардың барлығы жоғары сезімталдыққа ие. “QazVac” және “Vero Cell” вакциналары +2, +8 градус температурада сақталады. Ал “Спутник V” екпесін -18 және одан төмен градуста сақтау қажет. Аталмыш вакцина түрін сақтау үшін арнайы тоңазытқыш керек. Оны тасымалдау үшін облыста термоконтейнерлер белсенді қолданылуда. Ал “Pfizer” вакцинасы -60, -80 градус температурада жақсы сақталады. Біздің облысқа олар “GPS”-пен жабдықталған арнайы термобокста жеткізілді. Өңірімізде оны сақтайтын үш тоңазытқыш бар. Соның екеуі қазір жұмыс істеп тұр, – деді Құмар Тілебалдыұлы.
Оның айтуынша, облыста вакцинаның жарамсыз болуы немесе оны сақтауға қатысты келеңсіз жағдайлар орын алған жоқ. Аудандарға да вакцинаны жеткізуде барлық талаптар қатаң сақталады. Сұхбат барысында тұрғындар ревакцинациялау шарасына да белсенді қатысып жатқаны айтылды. Бүгінде облыста 39373 адам ревакцинациядан өтті.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.