Мамлют аудандық полиция басқармасының мамандары оқушыларды мектепке тасымалдайтын көлік құралдарын тексеруде. Олар, әсіресе шағын автобустар мен газель көліктерінің техникалық жағдайына баса назар аударды. Өйткені жылдың қай маусымы болмасын сәбилерді тасымалдайтын көліктің ақаусыз болғаны маңызды. Сақылдаған сары аяз, жалтыр мұзда түрлі жол апатына түсіп қалудың алдын алу үшін жүргізуші, ең алдымен, көліктің тежегіші мен дөңгелегін жиі тексерістен өткізуі керек. Одан сырт жүргізушілердің тіркеу құжаты, жүргізуші куәлігі, жол парақтарының, техникалық байқаудың, сақтандыру полисінің, сондай-ақ салонда өрт сөндіру құралы мен дәрі қобдишасының, “балаларды тасымалдау” деген жазуы бар белгінің және сары түсті жарқылдауық шырақтың болуы оның қауіпсіз көлік екенін растайды.
Автобус жүргізушілермен болған кездесуде қандай жағдайда да жол ережесін бұзбау үшін қырағылықты арттыру керектігі айтылды. Автобус салонында кішкентай жолаушыларды отырғызу, түсіру және орналастыру тәртібі туралы да әңгіме өрбіді.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.