М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасы азаматтық бірегейлікті қалыптастыру, этносаралық келісімді нығайту бағытында сан-салалы жұмыстар атқарып келеді. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен, этномәдени бірлестіктермен бірлесе отырып, патриотизм идеясы негізінде жастар арасында толеранттылық пен барша этностардың мәдени дәстүрін, тілін, салт-дәстүрлерін жандандыру шараларынан да шет қалған емес.
Жуырда “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривеннаяның жетекшілігімен ғылыми-әдістемелік бірлестіктің кезекті отырысы өтті. Онда қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқаны үшін Людмила Александровнаға облыс әкімінің Алғыс хаты мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған кубок табыс етілді. Сондай-ақ М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Зинаида Табакова көпжылдық ағартушылық қызметі үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Бұдан кейін отырысқа қатысушылар атқарылған іс-шаралар туралы өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Т.Ахметова, В.Чинишлов, тағы басқа ғылыми-әдістемелік орталықтың мүшелері 2022 жылға арналған жұмыс жоспарларымен бөлісті. Биыл кафедраның бастамасымен “Қазақ халқының мәдени мұрасы мен дәстүрлерінің заманауи ғылыми зерттеулері”, “Мектеп ғылымы” атты педагогтар мен білім алушылардың IV халықаралық онлайн-конференциясы, “Психологиялық айкидо”, “Жеделдетілген қазақ тілі” экспресс-курстары, “Қалай ерікті болуға болады?” секілді басқа да қызықты және танымдық тақырыптар жұртшылық назарына ұсынылады. Іс-шаралар жайлы ақпараттар университет сайтында және Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының әлеуметтік желілерінде орналастырылады.
Жиында солтүстікқазақстандықтармен кездесулер өткізу үшін диалог алаңы ретінде Достық үйінің мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігі айтылды. Бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға, оның ішінде жастар тәрбиесіне айрықша назар аударылды.
Болат БАЗАРБАЕВ,
М. Қозыбаев атындағы СҚУ жанындағы “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасы ғылыми-әдістемелік бірлестігінің мүшесі.