«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ МОЛ АЗАМАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Заман өзгерді, қатыгездік бел алып тұр, адамдардың бойындағы жылылық, адамгершілік кейінге шегінген. Осындай кезде бір жылы жүзді, адамдарға үнемі ізетпен қарап, жанашырлық білдіріп тұратын жанды көрсең, көпке дейін оның бейнесін ұмыта алмай жүресің. Ұзақ жылдар бойы Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында тұрып келе жатқан Төлеген Мұқашев ағамыз да сондай адам. Қашан көрсең де ол кісінің бойынан жылы сезім ұшқындап тұрады.

Төлеген ағамыздың ата-бабасының туған жері Есіл ауданындағы Қарағай ауылы. Ол – осындағы піра­дар атанған Мұқаш есімді адамның немересі. Пірадар деген сөздің өзі қа­зір архаизмге айналған, ал кезінде ол адал, тек Алланың тура жолымен жү­ретін, дін жолын қатты ұстайтын, адам­дарға көмек қолын ұсынуға талпынып тұратын адамдарға қарата айтылатын. Сондықтан да ондай адамдарды ел ішіндегілер аса құр­меттейтін. Дін жолын қатты ұстамаса да Төлеген ағамызды да пірадар деп айтуға болады.

Мұқаш ақсақалдың Қалиәскер, Кү­пәш есімді балалары болған. Екеуі де кешегі Екінші дүниежүзілік соғысқа қа­тысқан. Соғыстан келген соң Күпәшті жергілікті билік Еңбек ауылындағы мектеп-нтернатқа қызметке жібереді. Кезінде бұл мектеп-интернат сол өңір­дегі қазақша онжылдық білім бе­ретін бірден-бір оқу орны болған. Қа­зақ жастарының талай толқыны осы Еңбек мектебінен түлеп ұшқан.

Күпәш Мұқашұлы осындағы интер­нат­тың меңгерушісі болып тағайын­да­лады. Соғыстың бар ауыртпалы­ғын бастан кешсе де Күпәш бала­ларға мейірімді болып, олардың қиын жағдайына көмек қолын созуға асығып жүреді. Бұл туралы Төлеген ағамыз көптеген адамдардан талай әңгімелер естіген, тіпті Күпәштің жақ­сылығын көрген адамдар кейін үйлер­іне келіп, ақсақалға алғысын айтып, арнайы сәлем береді екен.

Төкеңнің шешесі Жаңыл апамыз да қолы берекелі, дастарқанынан дәм кетпеген жомарт жүректі жан болыпты.

1949 жылы Күпәшті жергілікті билік аудан орталығы Явленка ауылына қызметке ауыстырады. Бірнеше ұсақ баламен көшіп-қону да оңай емес, бі­рақ ол кезде партия айтса, оған қар­сылық білдіру жоқ. Мұнда ол аудан­дық атқару комитетінің жалпы бөлімі­не меңгеруші болып тағайындалады. Ол жылдары қолынан іс келетін, са­уатты қазақтарды осындай орта дең­гейдегі қызметтерге көп тартатын. Өйт­кені орысша тіл білмейтін қазақ­тар­мен жұмыс істеуге осындай аза­маттар қолайлы болатын.

Төлеген Мұқашев осы ауылда 1952 жылы 19 қаңтарда дүниеге келген. Са­қылдаған сары аязда туса да Төкеңнің мінезі қатты болмай, барынша жұмсақ болғанына таңғаласың. Бұл мінез оған ата-анасының ибалы, ізетті болғандығынан берілсе керек.

Қазіргі қазақтардай емес ол кездегі адамдар үйде өз тілінде сөйлеп, ба­лаларына алдымен ана тілін үйрете­тін. Күпәш ақсақал да балаларына ана тілін үйретумен қатар Абайдың және басқа қазақ ақындарының өлеңдерін жаттатады екен. Соның арқа­сында Төлеген Мұқашев Явленканың орыс мектебін бітірсе де екі тілге бір­дей жүйрік.

Кейін Күпәш ақсақал аудандық пар­тия комитетіне қызметке ауысып, бірінші хатшының көмекшісі болады. Бұл – аудан көлеміндегі ықпалды қыз­мет. Бірақ пірадар Мұқаштың баласы бас пайдасын ойлап, ұжымшалар мен кеңшарлардан ештеңе алмайды. Бар­ға қанағат тұтып, аз ғана табысымен күн көреді. Әкенің осы қанағатшыл­дық мінезі Төкеңе де сіңген. Кешегі жекешелендірудің жылдарында ол қолында қаншама мүмкіншілік болса да артық дүниеге қызығып, қамтып қа­луды ойламаған. Есесіне адамгерші­лігіне сынақ түспей, халықтың құрметіне бөленіп отыр.

Төкең Явленка мектебін бітірген соң аудандағы кәсіби мамандық бе­ретін жалғыз оқу орыны – қазіргі Жә­лел Қизатов атындағы ауыл шаруа­шылығы техникумының агрономия бөліміне түседі. Бұл оқу орнында ке­зінде Мәскеу, Ленинградтан қудала­нып, жер аударылған мықты еврей мамандары сабақ берген. Осы оқу бітірген жастардың арасынан білікті адамдардың шығу себебі де сол.

1971 жылы техникумды бітірген соң Төлеген Мұқашев “Заречный” кең­шарына агроном болып тағайында­ла­ды. Сыпайы, жұғымды жас жігітті еңбек ұжымы да бірден қабылдап, өздерінің баласындай көрген. Осы кеңшар механизаторларының ара­сын­да Дмитрий Росинский деген Ең­бек Ері де болған, Төкең әсіресе осы кісіге жақын жүріп, оның ақыл-кеңестерін бойына сіңіруге тырысады. “Мен осындай кісілердің ақыл-кеңес­терін әлі күнге ұмытпай, жадымда ұстаймын. Өзімнің шәкірттеріме де олар­ды үйретіп отырамын”, – дейді Төкең.

Ол кезде әскерге бару – әрбір жас­тың міндеті. Әскерді насихаттап, “Отан қорғауды” шектен тыс үгіттеген идеологияның әсерімен, тіпті түрлі себеппен әскерге бармағандар бол­са, оларға күдікпен қарайтын үдеріс қалыптасқан. Сондықтан Төкең де әс­керге баруды аңсап, 1973 жылы оған да алынады. Мұның саяси-патриот­тық дайындығының жоғары екенін ес­керген әскери комиссариат Мәскеудің әскери округіне жібереді. Оның ішін­дегі элиталық әуе-десантты әскерле­рінің қатарына өтеді. Төкең Отан ал­дындағы борышын абыроймен атқа­рып, 1975 жылы туған елге оралады. Әскерден кейін еңбек жолын “Образ­цовый” кеңшарының Еңбек бөлімше­сінде агроном болып жалғастырады. Әкесі қызмет еткен елге енді баласы келіп еңбек сіңіреді. “Жақсы әке жа­ман балаға қырық жыл азық” дейді, Тө­кең жаман бала болмаса да әкесінің көзін көргендер, бірге қызмет істеген­дер оған қолдарынан келгенше ақыл-кеңестерін айтып, көмектерін көрсе­тіп бағады. Соның арқасында Төкең еңбекте жақсы нәтижелерге жетіп, 1977 жылы аудандық партия комите­тіне қызметке жоғарылайды. Содан партия тарап, еліміз егемендігін ал­ған­ша Төлеген Мұқашев Есіл ауда­нындағы билік орындарында, ара­сында лауазымдарын ауыстырып, ұзақ жылдар қызмет етті. Ешкім де “Күпәштің баласынан жамандық көр­дім” деп айта алмайды, керісінше, ол әке­сі­нің атына үнемі мақтау айтқы­зып, халықтан алғыс қана алатын.

Төкең Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарынан аудан көлеміндегі біраз қыз­меттің басшысы болды. Ауданда іс­кер басшы бола білген алғашқы әкім Есмағанбет Барлыбаевтың көмекші­сі, аудандық статистиканың басшы­сы, “Қамқор” кооперативінің төраға­сы, “Нұр Отан” партиясы филиалы­ның жетекшісі, аудандық мәслихат­тың хатшысы сияқты қызметтердің бәрін абыроймен атқарды. Зейнетке кетемін десе де аудан басшылары оны жібермей, бірнеше жыл ұстады. Өздеріне жайлы адамның басшы бол­ғанын ардагерлер ұйымы да қалап, қазір оны өздеріне төраға етіп сайлап алған.

Біздің өңірдің адамның еңбегі қан­ша зор болса да марапат беріп, ын­таландыру жағына келгенде сараң­дық танытатыны бар. Төкең де осы үрдістің кебін киген. Оның мемлекет­тен алған жалғыз наградасы 2020 жылы алған “Ерен еңбегі үшін” медалі ғана. Бұдан басқа ол бірнеше мереке­лік медальдар алған. Сонымен бірге Төлеген Мұқашев “Есіл ауданының құрметті азаматы”. Әрине, әділетті, еңбекті бағалар басшылар болса Тө­леген Мұқашев бұлардан да жоғары марапаттар алуға әбден лайықты еді.

Тағдырдың ауыр сыны Төкеңнің жеке өмірін айналып өткен жоқ. 2017 жылы оның қырық жыл отасқан жары Майра Ақайқызы дүние салды. Екеуі­нің жарасымдылығына көп адам қы­зы­ға қарайтын. Жарасқан жұп өмірге Азамат, Мақсат және Айна есімді ұрпақ әкелді. Өкінішке қарай, 2019 жылы Төкеңнің басына тағы да ауыр сынақ түсті. Ол өзінің сүйікті ұлы Мақсаттан айрылып қалды.

Міне, жылы жүректі абзал жанның өмір жолы қысқаша шолғанда осындай. Біз оның денсаулығы зор болып, бала-шағасының қызығын көре беруіне тілектеспіз.

Жақсыбай САМРАТ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp