«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Не істеу керек?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Хакім Абай 37-ші қара сөзінде: “Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбектік – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандықта қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?” – деп көрегендікпен айтылған даналықты пікіріне қайраттанасың әрі азаптанасың. Ел басына туған алапат қасірет отына күйінесің.

2022 жылдың 5 қаңтары. Әулие шаһар Алматы тағдыры қапияда ұстараның жүзінде, иненің ұшында тұрды, қияметтің қыл тұзағына ілінді. У жеген қасқырдай, хайуаннан бетер құтырған шегірткедей қаптаған бейбастақ, жүгенсіз құзғын антұрған лаңкестер, діни экстремистер, көзсіз кәззаптар, тажалдық тағылық әрекеттерімен қасиетті қаламызды опасыздықпен ойрандағаны, мемлекеттік төңкеріс жасауға жанталасып ұмтылғаны, ылаң салғаны, қырып-жойғаны, мемлекеттік-стратегиялық нысандарды өртегені, жазықсыз жандарды өлтіргені неткені? Бір жағынан не деген бейқамдық, марғаулық, тоғышарлық, жалмауыздық. Әлде, “Қараушы болмаса, қорада қабан қорсылдайды” дегеннің кері ме? Мемлекет іргесін сөкпекші болған осыншама мұздай қаруланған жойқын зұлымдық иелері көктен салбырап түскен жоқ, жеті қат жер астынан шыққан жоқ. Қала ішінде сайрандағаны, ел басына қара бұлт үйіруге сақадай сайланғаны, бір орталықтан мұқият басқарылғаны, бір мезетте шабуылдамақшы болғаны анық. “Қасіретті қаңтардың” себептерін түбегейлі түсіндірген Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі” дейтін ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: “Анығын айтсақ, бұл бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі”, “бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар”, “Қазақстанға шабуыл жоспары әртүрлі аспектілерді қамтыды: әскери, саяси, идеологиялық, жалған ақпараттандыру және тағы басқалар”, – дейді.

Расында, әділдік, елдік, тазалық, ар-намыс, айбынды қару ақиқат алдындағы жауапкершілікті жоғалттық, табанға таптадық, дүниеқоңыздықты, жемқорлықты үдеттік, аузын буған өгіздерше күн өткіздік, арамтамақтыққа, сасық байлыққа бой алдырдық, енжарлық биледі, орасан әлеуметтік қайшылықтар туындады.

Негізінде, мемлекеттің мықты болмағы – қорғаныс қабілеті мен әлеуеті, тәуелсіздік, тіл, дін, ұлттық сана және де құқықтық-конституциялық құжаты, бабалар дәстүрі, атаның жолы, атамекені. Ұлт лидерінің, патриотының, стратегінің басты мақсаты – осы бір құндылықтарды қорғау, бастамашылдық таныту.

Задында, бұрынғыша масылдық көзқараспен митыңдап жұмыс істейтіндерді аластап, қаһармандықпен, ұлтжандылықпен, қыран көрегендікпен қимылдайтын ой-пікірі озық, тәжірибесі, білігі, кәсібилігі жоғары, озат, ар-ожданы, пейілі, рухы таза, еңбегі нақты көрсеткішке, нәтижеге, шынайы өнімге, сапаға ие, бюрократиядан ада, Ел мен Жерді кие, аманат тұтатын шыншылдарды билік басында отырғызған абзал. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Мемлекеттік басқару саласы кешенді реформалауды қажет етеді. Кадрлық әлеуеттің төмендігін, формализмді, жемқорлықты және кадр тұрақтамауын мойындау керек. Сондықтан халықтың билік институттарына сенімі төмен”, – деп қадап айтқаны ақиқат. Әлбетте, билік тұтқасындағы әрбір жетекшінің интеллектуалдық-шығармашылық, рухани әлеуеті, ұстанымы, шешімпаздығы, тәуекелшілдігі, отаншылдығы, жауапкершілігі жоғары болғаны және оның табиғатында жақсы ой ойлау, жақсы сөз сөйлеу, жақсы іс істеу сынды қасиеттер табылғаны құба-құп болар еді. Ұлт кемеңгері Ахмет Байтұрсынұлының: “Халықты қаңсылату – обал, халықты зар жылату – мейірімсіздік, халықты тамақ үшін сату – иттік”, – дейтін тағылымды көсем ойы үнемі теріс жолдан, халық қарғысынан сақтандыратын кемел кеңес немесе Күлтегіннің “Жер-су иесіз болмауы керек”, “Түркінің қасиетті жер-суының қарғысына қалма!” я болмаса Тоныкөктің “Халқыңды ашындырма!” дейтін тұжырым-қағидалары билік пен халықтың тұтастығын сақтауға үндейді.

Бұдан былай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, 1) мемлекеттік шекараны бекемдеу, 2) ұлттық қауіпсіздікті сақтау, ішкі көші-қонды реттеу, 3) жаңа экономикалық құрылым қалыптастыру, 4) ішкі саясатта халықтың әл-ауқатын, өмірін, тұрмысын жақсарту, 5) әлеуметтік теңсіздік пен бюрократияны тізгіндеу, 6) жұмыссыздықты азайту – басты мақсат.

Келешектің тұлғасы – елдің жарқын, сәулетті болашағын айқындайды. Ұлтымыздың рухани құндылықтары қазақ баласының құс баласындай самғап, шарықтап, саңқылдап, тұйғындай түлеуіне қызмет ететінді. Айбарлы, айдарлы, жайдарман, маңдайлы болсын деп уыз тілек тілеуші еді ғой. Көшелі бабаларымыз сәбиді бесікке бөлерде “Балам қырандай алғыр болсын” деп, бүркіттің тұяғын бесікке байлаушы еді. “Жаужүрек батыр болсын” деп, бесіктің 2 жағынан қылыш жарқылдатады екен, “Тақымынан тұлпар кетпесін, бәйге бермес шабандоз болсын” деп, қамшы үйіреді екен. Неткен көркемдік әсерлілік! Неткен алтын үміт!

Аққа жақ болсын,

Оққа сақ болсын!

Жауға көп болсын,

Дауға кеп болсын,

Жамандыққа жоқ болсын! – деп, арманшыл ой-тілегін сыңғырлатып, қоңыраулатып жеткізетіндігі бар. Ұлт тәрбиесінің ұлылығы мен ұлт тілінің сұлулығы қатар өрілген.

Дүние әп-сәтте шыр айналды. Қазақ Елі дағдарысқа душар болды. Алланың көзі дұрыс екен, аман қалдық апаттан. Енді не істеу керек?

Қазақтың рухымен тағдырына жауапты атқамінерлері, көш бастаушылары, от шайнаған намысты оғыландары, Ұлы Даланың ұшан-теңіз өлшеусіз игіліктерін мұқият сақтамайынша, ыждаһатпен көбейтіп-көркейтіп, төкпей-шашпай пайдаланбайынша, елдіктің, мемлекеттіліктің ардақты асыл қасиеттерін толық гүлдендірмейінше, “адамгершілік қарым-қатынас ғылымын” (Элеонора Рузвельт) өркендетпейінше, билікке халық, халыққа билік тұғырлы тірек болмайынша, қоғамның жаңаруына лайықты күрделі, мінсіз шынайы шешімдер қабылданбайынша, әділдік, ізгілік, мейірімділік, көркем іс қанатын кеңге, тереңге жаймайынша, тәуекелшілікті, бастамашылдықты, құндылықты, инновацияны серік етпейінше, “елдің тұрмысын, тілін, мінезін” білмейінше, бейбітшілік, молшылық, тоқшылық болмайынша, “байлықты а) өнермен, ә) шаруамен, б) қызметпен іздемейінше”, “ақылды сөзді ақылды іс қылмайынша (Әлихан Бөкейхан) күңіренген елсізге ел қондырмайынша халық ісі, ұлт намысы мен жұмысы” алға аршындап басу мүмкін емес.

Сондықтан да Міржақып Дулатовша айтсақ, “Оян, қазақ!” дейміз. “Қара жерге халық ие, қара халыққа иман ие!”, “Елді сөкпе, кенді төкпе!”, “Ата атандырма, сүйек сындырма!” дейтін бабалар даналығы тар жол, тайғақ кешуден аман сақтайды.

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp