Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында өңірдегі эпидемиологиялық ахуал мен тұрғындарды вакциналау барысы туралы айтылды.
Жиында сөз алған облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев соңғы уақытта елімізде де, өңірде де эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлағанын, 35517 коронавирус фактісінің тіркелгенін жеткізді. Індеттің өрши түскен кезеңі – қаңтар айы. Бұрын күніне 25-30 адам ауырса, енді олардың саны 100-130-ға жетіп отыр. Эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың матрицасына сәйкес мұның өзі пандемияның жаңа толқынының басталып, айтарлықтай қарқын алғанын білдіреді. Уақыт өткен сайын дерттің таралу коэффициенті жоғарылып, қайта жұқтыру, тыныс жолдарын зақымдау қаупі артуда. “Омикрон” штамы “дельта” нұсқасынан 70 есе жылдам тарайтындықтан, тәуліктік тіркелу көрсеткіші 2-3 еселене түсуде.
Облыста қаңтар айында ЖРВИ-дің 17814 фактісі тіркелген. 100 мың адамға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші 34 пайызға көбейген. Сөйтіп, онсыз да күрделі ахуалды асқындырып жіберген. Осыған орай 16 қаңтардан бастап өңірімізде карантиндік шектеу шаралары күшейтілді. Спорттық-сауықтыру, фитнес, йога орталықтарына, моншаларға сауналарға, бассейндерге “Ashyg”-та “жасыл” мәртебесі бар адамдар ғана кіре алады. 600-ден астам оқушы бар мектептер онлайн оқыту формасына көшкен. Шетелдерден келетін жолаушылар ПТР тестін тапсыруға міндетті.
Баяндамашы эпидемиологиялық жағдайдың одан әрі күрделенуіне жол бермеу үшін барлық меншік нысандарында отбасылық, еске алу, той-томалақ, бұқаралық іс-шараларын өткізуге тыйым салуды, мекеме, кәсіпорындардың әкімшілік қызметкер лерінің кемінде 70 пайызын қашықтан жұмыс істеуге ауыстыруды ұсынды. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов бүгінгі таңда 1082 адамның ем алып жатқанын, оның ішінде 861 адамның амбулаториялық бақылауға алынғанын, ал 221 адам инфекциялық бөлімшелерге орналастырылғанын жеткізді. Пандемия басталғаннан бері 35517 КВИ оқиғасы тіркеліп, 33246 адам сауыққан. Қараша айының ортасынан бастап сырқаттанушылық пен емдеуге жатқызылу деңгейінің төмендеуі төсек санын 1755-тен 1300-ге дейін қысқартуға мүмкіндік берген.
Алайда 10 қаңтардан бастап амбулаториялық науқастар мен ауруханаға жатқызылған пациенттер санының артқаны байқалады. Мәселен, өткен аптада төсек саны 160 адамнан 221 адамға дейін көбейген. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімшелеріндегі пациенттер санының өсуі бір деңгейде қалып отыр. 11 науқастың жағдайы өте ауыр.
Үйде тексерілетін және ауруханаларға жатқызылатын науқастар санының артуына орай мобильді бригадалардың саны 54-тен 88-ге дейін жеткізілген. Резервте тағы 30 бригада бар. Бір бригадаға жүктеме күніне 10-12-ге дейін артқан. Пандемия кезеңінде “жедел жәрдем” бөлімшелеріне 79683 қоңырау соғылыпты. Жүкті әйелдер арасында да аурудың белең алғаны байқалады. Олардың арасында ковидке шалдыққандар саны – 684. Күн сайын жүкті әйелдер арасында КВИ-дің 8 жаңа жағдайы кездеседі. Қаңтар айының басында балалардың аурушаңдығы 40 пайызға дейін кеміп, қазір қайтадан өрши түскен. 135 бала бақылауда. Күніне орта есеппен 28 бала ауырады.
Жұқпалы індеттен қайтыс болғандардың саны – 456. Оның ішінде 23-і вакциналау курсынан толық өткен. Санитарлық, карантиндік шараларды қатаң сақтау, коронавирусқа қарсы екпе алу негізгі басымдық болып табылады. Бүгінде екпенің бірінші компонентін 282576, екінші компонентін 260788 адам қабылдаған. Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы, Қызылжар аудандарында, Петропавл қаласындағы №3 қалалық емханада, “Денсаулық” жекеменшік ұйымында тұрғындарды вакциналау нәтижесі төмен. Нақты атқарылған жұмыстардың арқасында Тайынша және Айыртау аудандарында тұрғындарды екпемен қамту көрсеткіші жоғары. Шал ақын, Жұмабаев және Тайынша аудандарында да екпе егу жұмыстары жақсы жолға қойылған. Ал Аққайың, Есіл, Қызылжар аудандарында екпенің 1489 дозасының жарамдылық мерзімі өтіп кеткен.
Ауруханаға жатқызу санын азайтудың басты көрсеткіші диспансерлік есепте тұрған халықты вакцинациялау болып табылады. Өкінішке қарай, тұрғындардың осы тобымен жұмыс тиісті деңгейде жүргізілмей келеді. Мәселен, “Денсаулық” жекеменшік ұйымында 3249 адам екпе алмаған. 60 жастан асқан адамдарды вакциналау шаралары да тиісті деңгейде емес. Ауруханаға жатқызылғандардың 80, КВИ-ден көз жұмғандардың 78 пайызы – осы санаттағылар.
Баяндамашы ревакцинация шаралары коронавирустық инфекциямен күресуде өте маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондықтан әрбір азамат өзінің де, жақындарының да денсаулығын ойлауға міндетті. КВИ-мен күресті күшейту бағытында төсек орын мүмкіндіктерін пайдалану қарастырылып отыр. Бүгінде 17 КВИ стационар жұмыс істейді, олардың бесеуі Петропавл қаласында орналасқан. Әсет Жұматаев инфекциялық стационарлар 2 айлық дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етілгенін айтты. Сондай-ақ бірыңғай дистрибьютор мен медициналық ұйымдар арасында келісімшарттар жасалған. Қазір парацетамолдың 52720, ибупрофеннің 22710, ривароксабанның 13992, апиксабанның 25170, дабигатранның 45380 таблетка және капсула түріндегі қоры жасақталған. “СК-Фармация” арқылы 141800 теңгеге парацетамол, 2911461 теңгеге ибупрофен, 2526931 теңгеге ривароксабан, 9809211 теңгеге апиксабан, 10350103 теңгеге дабигатра препараттары жеткізіледі. Медициналық ұйымдарда бір рет қолданылатын 37700, көп реттік 9800 қорғаныш костюмі, 169000 респиратор, 788 мың маска, 940 мың жұп қолғап, 17 мың қорғаныш көзілдірік, тағы басқа аса қажетті заттар бар. Науқастарға қызмет көрсететін негізгі персоналдар саны – 773. Резервтегілер – 506. Реанимациялық төсектерді оттегімен қамтамасыз ету мақсатында 388 оттегі концентраторы, 775 оттегі баллоны қойылған, сондай-ақ 5 медициналық ұйымда 602 нүктеге орталықтандырылған оттегі беру қарастырылған. Коронавирус бойынша өңірде арнайы штаб жұмыс істейді, оның құрамына мобильді бригадалар, ахуалдық орталықтар тартылған.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.