Ұлы Отан соғысындағы жеңіс елімізге оңай келмегені белгілі. Сол қиын-қыстау заманда майдан даласындағы жауынгерлермен бірге зұлмат жылдардың бар ауыртпашылығын көтерген, бейбіт заман орнатуға үлес қосқан тыл еңбеккерлерінің де еңбегі ерен. Тылдағы еңбек майданында шыныққандардың бірі – Шайза Елубаева.
Соғыс жылдарындағы елдегі еңбекті ерлікке балаған халқымыздың хас батыры Бауыржан Момышұлы “Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді”, – деген екен. Зұлматты жылдарда қасірет кешпеген шаңырақ, қайғы жұтпаған адам жоқ. Сол кездегі барлық отбасылардың жағдайы мәз емес еді. Дегенмен елде қалған қарттар мен балалар, әйелдер күн-түн демей еңбектеніп, жеңісті жақындатуға бір кісідей үлес қосты.
Шайза Көкенқызы 1936 жылы Шарбақты ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Әкесі қарапайым шаруа адамы болды. Ал өзі еңбекке ерте араласты. Тылда тынымсыз шаруадан қолы бір сәт те қалт етпеді. Қаршадай қыз еш қиындыққа мойыған жоқ. Өмірге деген өзгеше көзқарас, еңбекқорлық, жігер, қажыр-қайрат, адамгершілік оның бойына сол кезде қалыптасты. Фазыл Жанабайұлы өжет те батыл қыздың бойынан табылған осы бір қасиеттері үшін оны өмірлік жар ретінде таңдаған шығар.
1955 жылы шаңырақ көтерген жас жұбайлар алты бала тәрбиелеп өсірді. Олар 1964 жылы сол кездегі Булаев ауданындағы Надежка ауылына қоныс аударады. Ол уақытта “Калинин” кеңшарында тіршілік қайнап жатқан болатын. Мектеп мұғалімдері, жас отбасылары үшін жаңа үйлер салынды. Балаларының болашағын ойлаған ерлі-зайыптылар ұрпағының білімді әрі саналы болуын басты мақсат етті. Өздері еңбекпен ерте есейген соң, балаларын оқытуға барын салды. Отағасы Фазыл Жанабайұлы кеңшарда қажырлы еңбек етсе, зайыбы үйдің шаруасын тындырды.
Әулеттің ұйытқысы Шайза Көкенқызы отбасының береке-бірлігін сақтап, ұрпағына өнегелі ісімен үлгі бола білді. Бүгінде ауызбіршілігі жарасқан отбасында қазақы салт-дәстүр берік сақталып, ұлттық тәрбиеге үлкен көңіл бөлінеді. Балаларын бақыт пен байлыққа теңеген қазыналы қария өмірде өшпес із қалдыру үшін ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу қажет деген ұстанымда. Бақытты отбасының берекелі тыныс-тіршілігін көргенде, бұл ұстанымның өміршең екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Бүгіндері ата-ана арманы орындалып, ұл-қыздары әр салада қажырлы еңбек етуде. Тұңғыштары Сейілбек, қыздары Гүлжан мен Айман қазір Ресейдің Омбы қаласында тұрады. Серігі қазір Надежка ауылында ғұмыр кешуде. Үйдің кенжесі Сатыбек болса, анасын алақанына салып, аялап отыр. Ұл-қызының ортасында бақытқа бөленген қария 12 немере мен 8 шөберенің қызығына кенелуде.
Еркебұлан ЕЛУБАЕВ.
Мағжан Жұмабаев ауданы.