Еліміздегі барлық пәтер иелері кооперативтері үстіміздегі жылғы бірінші шілдеге дейін өз жұмыстарын тоқтатады. Олардың орындарына мүлік иелерінің бірлестігі құрылады.
Петропавлда 80-нен астам үй осы жаңашылдықты құп көріп отыр. Надежда Пугачева – көпқабатты тұрғын үйдің тірлігіне тікелей жауапты. Соңғы бірнеше жыл пәтер иелері кооперативін басқарған. Қазір мүлік иелері бірлестігінің төрайымы қызметіне тағайындалып, құжаттарын рәсімдеп жатыр. Жергілікті жұрт оны бірауыздан сайлап алыпты. Басты міндеті – ай сайын жиналатын қаржыны тиімді жұмсау.
– ПИК болған кезде штатымызда бірнеше адам болған. Ал жаңа ұйым бойынша біз оларды жалдауымыз керек. Яғни қызмет көрсету органдарымен келісімшартқа отырамыз. Бұл жерде, ең бастысы, тұрғындар тарапынан барынша қолдау болса деймін. Егер халық бір адамдай барлық іс шараларға қатысса, тиісті шешімдер қабылданады деген ойдамын, – деді Надежда Пугачёва.
Жаңа жүйенің тиімділігін жұрт түсіне бастады. Өйткені бұрын пәтер иелері кооперативі бірнеше үйге қызмет көрсететін. Яғни аударылған ақшаның қайда кетіп жатқанынан халық бейхабар еді. Ал қазір “Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот” қағидасы қалыптасқан. Қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы Сергей Худяковтың айтуынша, ең бастысы, тұрғындар есеп-қисапты көріп отырады. Яғни бірлестік басшысы ай сайын қандай жұмыс атқарылғаны жайында есеп береді. Бұл өз кезегінде тұрғын үй қорын жақсартуға бағытталып отыр.
Бүгінгі күні Петропавлда 1106 көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың 447-де мүлдем басқару жүйесі жоқ.
– Биылғы жылдың бірінші шілдесіне дейін ПИК жаңа формаға ауыспайтын болса, онда іс сотқа беру арқылы жүргізіледі. Егер де жаңадан тағайындалған төраға аула бойынша жұмыстарын уақтылы орындамайтын болса, онда тұрғындар жиналыс өткізіп, оны орнынан босатуға құқылы, – деді қалалық ТҮШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.
Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ.