Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында ақын, Ұлы Отан соғысының ардагері Жұмағали Саиннің туғанына 110 жыл толуына орай “Жалынды жырлар” атты көрме өтті.
Эпидемиологиялық жағдайға байланысты қашықтан ұйымдастырылған көрме – кітапхана оқырмандарын ақынның өмірі және шығармашылығымен таныстыруды көздеді. Көрме барысында дара дарын иесінің 1912 жылы бұрынғы Көкшетау облысы, Арықбалық ауданында дүниеге келіп, жастайынан жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленгені айтылды. Тағдыры қиын талант оқу, білімге құштар болып, 1930-1932 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқыды. “Лениншіл жас” газетінің әдебиет және өнер бөлімін басқарды. Қазақстан Жазушылар одағында жас жазушылар секциясының меңгерушісі, көркем әдебиет баспасында директор болып істеді. Ал ел басына күн туған шақта Отанды жаудан қорғауға аттанып, Украинада партизандар отрядын басқарды.
Бүгінде кітапханада Жұмағали Саиннің 3 томдық шығармалары бар. Ақынның мерейтойына орай руханият ордасында жастар өлеңдерін оқып, көпшілікті өз өнерлерімен сүйсіндіргенін де айтып өткен жөн.
Гүлнұр БЕКІШ,
Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының библиографы.