Заман өзгерді, қатыгездік бел алып тұр, адамдардың бойындағы жылылық, адамгершілік кейінге шегінген. Осындай кезде бір жылы жүзді, адамдарға үнемі ізетпен қарап, жанашырлық білдіріп тұратын жанды көрсең, көпке дейін оның бейнесін ұмыта алмай жүресің. Ұзақ жылдар бойы Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында тұрып келе жатқан Төлеген Мұқашев ағамыз да сондай адам. Қашан көрсең де ол кісінің бойынан жылы сезім ұшқындап тұрады.
Төлеген ағамыздың ата-бабасының туған жері Есіл ауданындағы Қарағай ауылы. Ол – осындағы пірадар атанған Мұқаш есімді адамның немересі. Пірадар деген сөздің өзі қазір архаизмге айналған, ал кезінде ол адал, тек Алланың тура жолымен жүретін, дін жолын қатты ұстайтын, адамдарға көмек қолын ұсынуға талпынып тұратын адамдарға қарата айтылатын. Сондықтан да ондай адамдарды ел ішіндегілер аса құрметтейтін. Дін жолын қатты ұстамаса да Төлеген ағамызды да пірадар деп айтуға болады.
Мұқаш ақсақалдың Қалиәскер, Күпәш есімді балалары болған. Екеуі де кешегі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Соғыстан келген соң Күпәшті жергілікті билік Еңбек ауылындағы мектеп-нтернатқа қызметке жібереді. Кезінде бұл мектеп-интернат сол өңірдегі қазақша онжылдық білім беретін бірден-бір оқу орны болған. Қазақ жастарының талай толқыны осы Еңбек мектебінен түлеп ұшқан.
Күпәш Мұқашұлы осындағы интернаттың меңгерушісі болып тағайындалады. Соғыстың бар ауыртпалығын бастан кешсе де Күпәш балаларға мейірімді болып, олардың қиын жағдайына көмек қолын созуға асығып жүреді. Бұл туралы Төлеген ағамыз көптеген адамдардан талай әңгімелер естіген, тіпті Күпәштің жақсылығын көрген адамдар кейін үйлеріне келіп, ақсақалға алғысын айтып, арнайы сәлем береді екен.
Төкеңнің шешесі Жаңыл апамыз да қолы берекелі, дастарқанынан дәм кетпеген жомарт жүректі жан болыпты.
1949 жылы Күпәшті жергілікті билік аудан орталығы Явленка ауылына қызметке ауыстырады. Бірнеше ұсақ баламен көшіп-қону да оңай емес, бірақ ол кезде партия айтса, оған қарсылық білдіру жоқ. Мұнда ол аудандық атқару комитетінің жалпы бөліміне меңгеруші болып тағайындалады. Ол жылдары қолынан іс келетін, сауатты қазақтарды осындай орта деңгейдегі қызметтерге көп тартатын. Өйткені орысша тіл білмейтін қазақтармен жұмыс істеуге осындай азаматтар қолайлы болатын.
Төлеген Мұқашев осы ауылда 1952 жылы 19 қаңтарда дүниеге келген. Сақылдаған сары аязда туса да Төкеңнің мінезі қатты болмай, барынша жұмсақ болғанына таңғаласың. Бұл мінез оған ата-анасының ибалы, ізетті болғандығынан берілсе керек.
Қазіргі қазақтардай емес ол кездегі адамдар үйде өз тілінде сөйлеп, балаларына алдымен ана тілін үйрететін. Күпәш ақсақал да балаларына ана тілін үйретумен қатар Абайдың және басқа қазақ ақындарының өлеңдерін жаттатады екен. Соның арқасында Төлеген Мұқашев Явленканың орыс мектебін бітірсе де екі тілге бірдей жүйрік.
Кейін Күпәш ақсақал аудандық партия комитетіне қызметке ауысып, бірінші хатшының көмекшісі болады. Бұл – аудан көлеміндегі ықпалды қызмет. Бірақ пірадар Мұқаштың баласы бас пайдасын ойлап, ұжымшалар мен кеңшарлардан ештеңе алмайды. Барға қанағат тұтып, аз ғана табысымен күн көреді. Әкенің осы қанағатшылдық мінезі Төкеңе де сіңген. Кешегі жекешелендірудің жылдарында ол қолында қаншама мүмкіншілік болса да артық дүниеге қызығып, қамтып қалуды ойламаған. Есесіне адамгершілігіне сынақ түспей, халықтың құрметіне бөленіп отыр.
Төкең Явленка мектебін бітірген соң аудандағы кәсіби мамандық беретін жалғыз оқу орыны – қазіргі Жәлел Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы техникумының агрономия бөліміне түседі. Бұл оқу орнында кезінде Мәскеу, Ленинградтан қудаланып, жер аударылған мықты еврей мамандары сабақ берген. Осы оқу бітірген жастардың арасынан білікті адамдардың шығу себебі де сол.
1971 жылы техникумды бітірген соң Төлеген Мұқашев “Заречный” кеңшарына агроном болып тағайындалады. Сыпайы, жұғымды жас жігітті еңбек ұжымы да бірден қабылдап, өздерінің баласындай көрген. Осы кеңшар механизаторларының арасында Дмитрий Росинский деген Еңбек Ері де болған, Төкең әсіресе осы кісіге жақын жүріп, оның ақыл-кеңестерін бойына сіңіруге тырысады. “Мен осындай кісілердің ақыл-кеңестерін әлі күнге ұмытпай, жадымда ұстаймын. Өзімнің шәкірттеріме де оларды үйретіп отырамын”, – дейді Төкең.
Ол кезде әскерге бару – әрбір жастың міндеті. Әскерді насихаттап, “Отан қорғауды” шектен тыс үгіттеген идеологияның әсерімен, тіпті түрлі себеппен әскерге бармағандар болса, оларға күдікпен қарайтын үдеріс қалыптасқан. Сондықтан Төкең де әскерге баруды аңсап, 1973 жылы оған да алынады. Мұның саяси-патриоттық дайындығының жоғары екенін ескерген әскери комиссариат Мәскеудің әскери округіне жібереді. Оның ішіндегі элиталық әуе-десантты әскерлерінің қатарына өтеді. Төкең Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, 1975 жылы туған елге оралады. Әскерден кейін еңбек жолын “Образцовый” кеңшарының Еңбек бөлімшесінде агроном болып жалғастырады. Әкесі қызмет еткен елге енді баласы келіп еңбек сіңіреді. “Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық” дейді, Төкең жаман бала болмаса да әкесінің көзін көргендер, бірге қызмет істегендер оған қолдарынан келгенше ақыл-кеңестерін айтып, көмектерін көрсетіп бағады. Соның арқасында Төкең еңбекте жақсы нәтижелерге жетіп, 1977 жылы аудандық партия комитетіне қызметке жоғарылайды. Содан партия тарап, еліміз егемендігін алғанша Төлеген Мұқашев Есіл ауданындағы билік орындарында, арасында лауазымдарын ауыстырып, ұзақ жылдар қызмет етті. Ешкім де “Күпәштің баласынан жамандық көрдім” деп айта алмайды, керісінше, ол әкесінің атына үнемі мақтау айтқызып, халықтан алғыс қана алатын.
Төкең Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан аудан көлеміндегі біраз қызметтің басшысы болды. Ауданда іскер басшы бола білген алғашқы әкім Есмағанбет Барлыбаевтың көмекшісі, аудандық статистиканың басшысы, “Қамқор” кооперативінің төрағасы, “Нұр Отан” партиясы филиалының жетекшісі, аудандық мәслихаттың хатшысы сияқты қызметтердің бәрін абыроймен атқарды. Зейнетке кетемін десе де аудан басшылары оны жібермей, бірнеше жыл ұстады. Өздеріне жайлы адамның басшы болғанын ардагерлер ұйымы да қалап, қазір оны өздеріне төраға етіп сайлап алған.
Біздің өңірдің адамның еңбегі қанша зор болса да марапат беріп, ынталандыру жағына келгенде сараңдық танытатыны бар. Төкең де осы үрдістің кебін киген. Оның мемлекеттен алған жалғыз наградасы 2020 жылы алған “Ерен еңбегі үшін” медалі ғана. Бұдан басқа ол бірнеше мерекелік медальдар алған. Сонымен бірге Төлеген Мұқашев “Есіл ауданының құрметті азаматы”. Әрине, әділетті, еңбекті бағалар басшылар болса Төлеген Мұқашев бұлардан да жоғары марапаттар алуға әбден лайықты еді.
Тағдырдың ауыр сыны Төкеңнің жеке өмірін айналып өткен жоқ. 2017 жылы оның қырық жыл отасқан жары Майра Ақайқызы дүние салды. Екеуінің жарасымдылығына көп адам қызыға қарайтын. Жарасқан жұп өмірге Азамат, Мақсат және Айна есімді ұрпақ әкелді. Өкінішке қарай, 2019 жылы Төкеңнің басына тағы да ауыр сынақ түсті. Ол өзінің сүйікті ұлы Мақсаттан айрылып қалды.
Міне, жылы жүректі абзал жанның өмір жолы қысқаша шолғанда осындай. Біз оның денсаулығы зор болып, бала-шағасының қызығын көре беруіне тілектеспіз.
Жақсыбай САМРАТ,
журналист.