«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кер сиыр мені қалай танымал етті?..

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Жоқтан бар пайда болмайды, бар нәрсе жоққа айналып кетпейді” деген қанатты сөзді қай даныш­панның айтқанын есімнен шығарып алыппын. Білетінім – бізге мектепте соны айдай ақиқат деп үйретті. “Сайт” деген сайтан, “ғаламтор” де­ген ғаламат қолданысқа енгелі, атал­ған афоризмнің ақиқаттығы айқын­дала түскендей. Бұлай деуіме себеп – жақында әңгімесымағым сан-сапалақ сайттардың бірінде жарық көрді.

Қысқаша мазмұны мынадай: Біз­дің үйде бір желіні сабадай сүтті кер сиыр болып еді. Айыбы құйрығы шо­лақ, бір мүйізі сынық демесең, мал­жаңдап күйіс қайырғаны болмаса, кісіге зәредей зияны жоқ жуас еді жануар. Жыл сайын бұзаулап, бір үйлі жанды ғана емес, көрші-көлемді шара-шара майға шылқымай ететін сол сиырды апам жақсы көретін. Кершолақ та апамды жек көрмеген сыңайлы. “Әукім-әукім” деп әукесін қасыса, көзін жұмып, есірткіге елтіген нашақордай мүлги қалатын. Бір күні апам кершолақты екі идіріп сауып отырғанда, көрші үйдің көк иті келіп арс ете қалды. Иттен шошыған кер­шолақ бауырындағы апамды шеле­гімен қоса аударып кетті. Көршінің көк итінде иман жоқ екен, сүттің төгі­луіне себепкер болғанымен қоймай, маған қарай қабамын деп өршелен­сін. Көкем үйден атып шығып, бәріне кінәлі көк итті аттың бауырына алып жүріп сабады. Мен байғұс есім шы­ғып жүріп, сиырдың жапасын басып кетіп, балағымды былғап алдым… Жаздың қоңыр кешіндегі осы бір оқиғаны, араға отыз жыл өткен соң, тө­гілдіріп тұрып қағазға түсіріп, сайттардың біріне бере салдым тек­ке жатқанша деп. Соңына қолымды қойдым. Құдай ақына, бөтен ойым болған жоқ. Бар қызық сайтқа шық­қасын басталды.

“Маладес! Шындықты шыңғыр­тып тұрып жазған-ақ екенсің! Бас­тықтарды шолақ, мұжық, керқамшы сиырға теңегенің өте орынды. Ал көр­шінің көк иті дегенің көк жағалыла­лар ғой, олар “арс” еткені болмаса түк істей алмайды біздің сауын сиырларды қақтап сауып, әукесін қасып отырған қақпастарға. Көкең өзі-ақ қуып жібереді ол иттерді. Әдемі, саяси бояуы қанық осындай туындылар көптен жазылса екен. Құрметпен, жерлесің С.”.

О, Құдауанда! Мына пікірді оқып, есім кетіп отырғанда, екінші қонақ­тың жазғанын көріп, көзім ұясынан шығуға шақ қалды.

“Сен, жексұрын, бірінші қонақ, жер­лестігіңе салып, өйтіп жәдігөй­ленбе. Автордың айтпағы басқа. Са­уын сиыр дегені – қазақтың кең жа­зира даласы, мыңқ етпейтін момын қазақ. Ал оның мүйізін қаққан – ке­шегі кеңес үкіметі. Олардың мысық­тілеу құйыршықтары әлі ортамызда жүр. Қайран даламыздың құйрығын шұнтитқан – алпауыт олигархтар. Ал апам дегені – бүгінгі билік. Әукесін қасып, мәукілдетіп қойып, байлы­ғыңды әлі сорып жатыр… Олар бірін-бірі жақсы көреді. Оппозиция оянып, шындықтың көзін ашқан күні, бүгінгі сауын сиыр, яғни қара халық шор­шиды. Сонда олардың бар сауғаны айрандай ақтарылып, жапасына былғанары хақ. Міне, астарлы әңгіме осылай жазылуы керек. Пікір біл­дірген Ақиқат Беткеайтқанұлы”.

“Қарап жүрмей қарауылға ілігем бе” деп қорқа бастайын. Қарасан кел­гір, кершолақ сиырда не әкемнің құ­ны бар еді?! Бір орында байыз тап­пай, сайттағы “саяси сатирамды” қай­та аштым. Қатарынан 14 пікір түсіп үлгіріпті. Қорқа-қорқа оқи бастадым.

“Ха-ха-ха, хи-хи-хи… ақыры өз бет­пердеңді өзің аштың ба, бетпақ Беткеайтқанұлы. Иә, ит дегені – сендер. Сендер көршінің, бөтен көршінің айтағымен үресіңдер. Сон­дықтан да автор сендерді “Көршінің көк итінде иман жоқ екен”, – деп өкір­тіп тұрып сыбапты. Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай қылып жүргендерде иман болушы ма еді. Көкең сендерді әлі талай сабайды. “Атып тастамасын” де! Жаужүрек Қорықпасұлы”.

“Қалай ойлайсыздар, мына дү­ние­сінде елімізде қаптап кеткен діни секталарды айтпады ма екен? Әлде, ит үрсе дүрліге кететін анау елдерді меңзегендей ме?.. Че-то, өте астар­лап жазған. Дүдәмал”.

“Тіл, тіл, тіл. Ең басты мәселе тіл проблемасын меңзеген. Мем.тіліміз әлі күнге күйіс қайырып тұр емес пе өйткені”.

“Жоқ, мақала (?) авторы бұл өзек­ті шығармасында қоғамдағы на­шақорлық мәселесін көтерген сияқ­ты. Көрмейсің бе, “әукім-әукім деп әу­кесін қасыса, көзін жұмып, есірткіге елтіген нашақордай мүлги қалатын”, – деп нашақорларды малға теңеп тұр. Соқырға таяқ ұстатқандай қылып көрсеткен соны түсінбеген өздерің малсыңдар”.

Біресе мақала, біресе шығарма деп, бетіне лаққанымен, мынаның пікі­ріне ішім жылып сала берді. Әй­теуір, мені мақтап тұр ғой. Қуаны­шым ұзаққа бармады: одан кейінгісі жерден алып, көрге тыққан екен.

“Е, албасты, текесақал, бақабист (сақал түгіл мұртым жоқ еді). Жапаға жығылып, боққа былғанып жүретін едің, әлі сол қалпың екен ғой. Сен сорлыға не саясат керек? … қысып тыныш жатпайсың ба?” – деп жұдырығын түйіп, доқ көрсетіпті.

“Өзі жуас, өзі сүтті болса, ол сиыр­дың неге құйрығы шолақ, неге мүйізі сынық? Вот, мына шалдыр-шатпақты жазған милаудың мал шаруашылығынан түк хабары жоқ. Ал саясатыңда шаруам шамалы. Құрметпен, Бақташы…”.

…“Шара-шара майға көрші кө­лем­ді шылқымай ететін”, – дей ме?! Бұл жерде кеңестік посткеңістіктегі мемлекеттерге майшелпек болып отырған біздің қазақтың проблемасы айқын көрінген. Қысқасы, сиыр да – біз, ит те – біз, көкеңі – Көкең, жапа дегені қандай жиіркенішті, фууу! Тазагүл”.

“Мен сендердің қай-қайсысыңа да түкіргенім бар. Кер сиыр боласың ба, көк ит боласың ба, өз еркің. “Апам” дегені – аңқау Алашым менің. Шамасы, мына саяси мысқыл “төгіл­ген сүт” деп сендердің абырой­ларыңды айтып отыр. “Көкең” дегені айтпаса да түсінікті. М.С.”.

“МыСы”-ның “мысалы” мысымды басып-ақ жіберді. Ішпей-жемей “істі” боп кетсем қайтем?.. Бұл жазғаным саяси сатира емес, жай көрбай-жөрбай әңгіме еді ғой деп, жыларман болып, Жөкеңе бардым. Туғаннан тынымсыз неме, тұяғы желдеп, кө­шеге тартып бара жатыр екен, каби­нетінің алдынан ұстап алып, қайта сүйреп кіргізіп, қоярда-қоймай ға­лам­торды ашқызып, порталдағы пікірлерді жайып салдым. Жөкең де жыланның ізін көрген жырынды ғой, әуелі ырқ-ырқ етіп күліп алды да:

– Пішту! – деді. – Пішту, бұл деге­нің – шепуқа. Менің астарлы әңгіме­леріме айтылған пікірлерді көрсең ғой. Тұп-тура тоғыз бет. Қазіргі қазақ­тың, саясатты айтпаса, тамағынан ас өтпейді. Иттен де, малдан да, ке­рек десең, тезектен де “терең сая­сат” табады. Басың аман болса, әлі талайды көресің, хе, хе, хе…

– Сонда, Жөке-ау, – дедім, жұтына алмай қалып, – баяғыдағы ботаникадан беретін Ботан ағайдың “жоқтан бар пайда болмайды” дейтіні қайда қалады?

– Сен қайдағы “жоқтан барды” көріп тұрсың?

– Енді мынау пікірлердің бәрі “жоқтан бар” емей немене?

– Ей, бала (негізі екеуміз құрдас едік), сен өзі саясаттан хабары жоқ сумұрын екенсің ғой! Ботан ағайдың айтқаны аксиома күйінде қалады. Оған бола маған көзіңді шақшитып, тісіңді ақситпа. Егер айтылған пікір­дегі проблемалар болмаса, пікір жа­зушылар оны қайдан алды? Жоқ, өзің айтшы, қайдан алды деп ой­лайсың? Зынашит, “бар нәрсе еш­қашан жоққа айналмайды”.

Үйге барып, баяғы сайтты қайта аштым.

“Сіз – нағыз ұлттың жанашы­ры­сыз. Біз, ұлтжанды жастар, тап өзі­ңіздей көреген көшбасшыға зәруміз. Сайлауға неге түспедіңіз? Халық Сіз­ді қолдайтын еді!!!” – деген пікір тұр.

Астапыралла!!!

Абылай МАУДАНОВ. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp