Петропавлдың құтқарушылары Әуезов көшесі, 147 мекенжайындағы 5 қабатты үйдің бірінде орын алған өртті сөндіру кезінде 20 адамды қауіпсіз жерге шығарды.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар қою түтін арасынан 6 адамды, оның ішінде 4 жасар баланы құтқарды. Олардың арасында 86 жастағы қария да болды.
“Сәл кешіккенде “тілсіз жау” басқа пәтерлерге де залал келтірер еді”, – дейді №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Ринат Қайырденов.
Өрттің шығуына мемориалдық шам себеп болғанға ұқсайды. Ас үйде тамақ қамдап жүрген үй иесі оны қараусыз қалдырып кеткен. Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Бахтияр Сибанбаев пен Әділ Құсайынов жедел әрекет етіп, пәтер иесін дін аман алып шыққан. Қарияға өрт сөндіру қызметінің маманы Евгения Трефилова психологиялық көмек көрсетті.
Амангелді ӘУЕСХАНОВ,
облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы.