Тайыншалық Нұргүл Алпысова – көпбалалы ана. Өткен жылы Нұралхан, Асылхан, Мейірхан есімді үшемді дүниеге әкелді. Алты перзенттің ата-анасы атанған ерлі-зайыптылардың қуанышында шек жоқ.
– Мен өткен жылдың қыркүйек айында босандым. Үшемнің салмағы 1 келідей ғана болды. Сондықтан жаңа жылға дейін біз ауруханада дәрігерлердің бақылауында болдық. Сәбилерімнің салмағы 3 килограмға толған соң ғана ақ халаттылар ауруханадан шығарды. Қазір жағдайымыз жақсы. Сондықтан жұртшылықпен қуанышымызды бөлісуге мүмкіндік енді туды, – дейді Нұргүл Беркімбайқызы.
Бүгінде нәзікжанға жүргізуші болып жұмыс істейтін жұбайы қолдау көрсетуде. Өйткені үшемнің жағдайын жасау оңай шаруа емес. Үкіметтен ай сайын әр балаға 30 мың теңгеден жөргекпұл алады.
Біздің облысымыз үшін үшемнің дүниеге келуі елеулі оқиға. Сондықтан көпбалалы отбасылардың қатары артып, еліміздің демографиялық ахуалына үлес қосып отырған Нұргүл Алпысовадай алтын құрсақ аналарға жұртшылық дән риза.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.