«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘДЕСІЗ ҚЫЗ БОЛМАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыз үкілеп өсірген қызын жасаусыз ұзатпаған. Сондықтан болар қыз жасауына жауапкершілікпен қараған. “Алты жастан бастап жинасаң асады, жеті жастан бастап жинасаң жетеді” деген сөздің шығуы да бекер емес. Жасау дайындаудың астарында қызға деген көңіл, оның болашақ тағдырына деген көзқарас жатыр. Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған халқымыз бүгінде қыз жасауына қаншалықты мән береді? Осы мәселенің төңірегінде сауалнама жүргізген болатынбыз.

Күләй ҚЫЛЫШБАЕВА, ата-ана:

– Бұрын біздің ата-анамыз таршылық, жоқшы­лық кезеңде өмір сүрді. Дүние қат болды. Сондық­тан қыздың жасауына ерте қамданды. Қазір заман басқа, заң басқа. Бүгінде базарда қыздың жасауы толып тұр. Көрпе-жас­тықтың, кілемнің, дүние-мү­ліктің түр-түрі бар. Тек қалтаң көтерсе болғаны. Қы­зым тұрмысқа шыққанда жасауды сатып аламын. Арнайы тапсырыспен жасау дайындайтын ше­бер­лердің де көмегіне жүгінуге болады. Ең бастысы, қыздарымыз жасаусыз қалмауы тиіс. Бірақ мәселе онда емес, жастардың бақытты болуында.

Дариха ЕСКЕНДІРОВА, медбике:

– Менің екі қызым бар. Олардың жасауын да­йын­дауға ер­те қамдана алмадым. Тұрмысқа шық­қан соң көрпе, жас­тық пен өзге де заттарды сатып алуға тура келді. Әрине, өз қолыңмен дайындап, тік­кендей болмайды. Қазақ – көре­ген халық. Қыз­дың жасауына ерте қамданудың астарында терең мән, үлкен сыр бар. Сатып алған дүниенің құны бол­майды. Ал анасы дайындаған, өз қолымен тік­кен жасау қыз үшін қастерлі. Сондықтан мүм­кін­дігінше қыздың жаса­уын ерте жастан бастап жинау керек. Оның үстіне той қар­саңындағы қарбаласта қыздың дүниелерінің кейбірі ұмы­тылып қалуы мүмкін. Бірақ қазір мүмкіндік көп. Қызға қай уақытта жасау дайындау әркімнің жеке шаруасы. Бастысы ниет дұрыс болу керек деп ойлаймын.

Сауалнаманы жүргізген

Айсұлу ХАНАТ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің 3-курс студенті. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp