«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әулеттің ұйытқысы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлы Отан соғысындағы жеңіс елімізге оңай келмегені белгілі. Сол қиын-қыстау заманда майдан даласындағы жауынгерлермен бірге зұлмат жылдардың бар ауыртпашылығын көтерген, бейбіт заман орнатуға үлес қосқан тыл еңбеккерлерінің де еңбегі ерен. Тылдағы еңбек майданында шыныққандардың бірі – Шайза Елубаева.

Соғыс жылдарындағы елдегі еңбек­ті ерлікке балаған халқымыздың хас батыры Бауыржан Момышұлы “Тыл­дағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді”, – деген екен. Зұлматты жылдарда қасірет кешпеген шаңырақ, қайғы жұтпаған адам жоқ. Сол кездегі барлық отбасылардың жағдайы мәз емес еді. Дегенмен елде қалған қарт­тар мен балалар, әйелдер күн-түн де­мей еңбектеніп, жеңісті жақындатуға бір кісідей үлес қосты.

Шайза Көкенқызы 1936 жылы Шар­бақты ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы соғыс жылдарымен тұс­па-тұс келді. Әкесі қарапайым шаруа адамы болды. Ал өзі еңбекке ерте араласты. Тылда тынымсыз шаруадан қолы бір сәт те қалт етпеді. Қаршадай қыз еш қиындыққа мойыған жоқ. Өмір­ге деген өзгеше көзқарас, еңбекқор­лық, жігер, қажыр-қайрат, адамгерші­лік оның бойына сол кезде қалыптас­ты. Фазыл Жанабайұлы өжет те батыл қыздың бойынан табылған осы бір қа­сиеттері үшін оны өмірлік жар ретінде таңдаған шығар.

1955 жылы шаңырақ көтерген жас жұбайлар алты бала тәрбиелеп өсірді. Олар 1964 жылы сол кездегі Булаев ауданындағы Надежка ауылына қоныс аударады. Ол уақытта “Калинин” кең­шарында тіршілік қайнап жатқан бола­тын. Мектеп мұғалімдері, жас отбасы­лары үшін жаңа үйлер салынды. Ба­лаларының болашағын ойлаған ерлі-зайыптылар ұрпағының білімді әрі саналы болуын басты мақсат етті. Өз­дері еңбекпен ерте есейген соң, бала­ларын оқытуға барын салды. Отағасы Фазыл Жанабайұлы кеңшарда қажыр­лы еңбек етсе, зайыбы үйдің шаруа­сын тындырды.

Әулеттің ұйытқысы Шайза Көкенқы­зы отбасының береке-бірлігін сақтап, ұрпағына өнегелі ісімен үлгі бола білді. Бүгінде ауызбіршілігі жарасқан отба­сын­да қазақы салт-дәстүр берік сақта­лып, ұлттық тәрбиеге үлкен көңіл бөлі­неді. Балаларын бақыт пен байлыққа теңеген қазыналы қария өмірде өшпес із қалдыру үшін ұлағатты ұрпақ тәр­бие­леу қажет деген ұстанымда. Ба­қыт­ты отбасының берекелі тыныс-тір­шілігін көргенде, бұл ұстанымның өміршең екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Бүгіндері ата-ана арманы орында­лып, ұл-қыздары әр салада қажырлы еңбек етуде. Тұңғыштары Сейілбек, қыз­дары Гүлжан мен Айман қазір Ре­сейдің Омбы қаласында тұрады. Серігі қазір Надежка ауылында ғұмыр кешу­де. Үйдің кенжесі Сатыбек болса, ана­сын алақанына салып, аялап отыр. Ұл-қызының ортасында бақытқа бөленген қария 12 немере мен 8 шөберенің қы­зы­ғына кенелуде.

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ.

Мағжан Жұмабаев ауданы. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp