«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

“Жезкиік, сені аңсаған кездерімде…”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Менің қайыненем – Жамал Ақбұзауова Петропавл педагогикалық училищесін бітіргеннен кейін көп жыл мұғалім болып жұмыс істеді. Қарағандыдағы институттың математика факультетіне сырттай түскенімен, оқуын жалғастыра алмады. Үріп ауызға салғандай сұлулығына, биязы мінезіне қоса жезтаңдай әнші еді. Жолдасым Амантай үйдің кенжесі болғандықтан, оң босағаны келін болып аттағаннан бастап жиырма жыл бірге тұрдық. Ақтық сапарға өз қолымызбен арулап жөнелттік. Жарықтық, менен сырын жасырмайтын. Абысынындай, тең құрбысындай көретін. Кәкімбек аға сөзін жазған Жақсыкелді Сейіловтің “Жезкиік” әні радиодан болмаса теледидардан орындалғанда орнынан ұшып тұрып, қыбыр етпей тыңдайтын. Ара-арасында ыңылдап, қосылып қоятын. Ондайда аққұба жүзі бал-бұл жайнап, алабұртып кететін. “Мамалап” құрақ ұшып жүретін біз жақсы ән адам жанын жадыратар, жасартар дәрумен ғой деген оймен ол қылығына онша мән бермейтінбіз.

“Сұлуды адам жаны қимайды екен.

Беймезгіл еске түсіп қинайды екен.

Жезкиік, сені аңсаған кездерімде,

Мен мынау кең далаға сыймай кетем”, деген жыр жолдары шынында да темір екеш темірдің өзін балқытып, иілтіп жіберетін күйге түсіретіндей еді. Тағы да осы ән шырқалғанда анамды өзгеше қырынан танығандай таңданысымды жасыра алмадым. Бұл жолы жүзінен сүйінішінен гөрі күйініші басымдау, қабағы сынықтау көрінді. Сырқаттанып жүрген соң “көңіл-күйі болмай жүрген шығарға” жорыдым.

Бірде әлдебір шаруамен төргі бөлмеге кірсем, анамыз:

“Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің?,

Жолымды тіке кесіп, жанай бердің.

Адамның көздеріндей екі көзің,

Япырмай, дәтім шыдап қалай көрдім?” – деп ыңылдап ән айтып отыр екен. Менің бөгеліп қалғанымды көрді де, ымдап шақырып, жанына отырғызды.

“Қызым, жадыңа тоқып ал. Ешкімге тіс жармаған жан сырымды сенімен бөліскелі отырмын”, – деп ұзақ-сонар әңгімеге кірісердегі әдетімен бірауық үнсіз қалды. “Елімізде Кәкімбекті білмейтін, танымайтын адам кемде-кем. Оның адам жанын тербейтін сыршыл өлеңдерінің ішінен “Жезкиігі” мен үшін ерекше ыстық. Кімге арналғанын білесің бе? – деп бетіме барлай қарады. “Жоқ” дегендей емеурін білдірдім. “Онда жақсылап тыңда”, –деп сөзін жалғады. “Құнанбай екеуіміздің (қайынатам) Кәкеңмен арадағы сыйластығымыз ер жеткен жігіт, бойжеткен қыз кезімізден басталады. Ол кісінің кіндік кескен жері Шал ақын ауданына қарасты Қарауыл Қожым болғанымен, жастайынан Сырымбеттегі нағашыларының бауырында өсіп, пансионат-интернатта оқыды. Осында Құнанбай да, мен де тәрбиелендік. Ақ алмастай жарқылдаған жастық шақ, алаңсыз да мұңсыз күндер-ай десеңші! Сол кезде жалындаған жырларымен талай аруды іңкәр еткен бозбала мені қатты ұнатып қалғанын қайдан білейін? Ол домбыра, мандолина тартатын, Құнанбай екеуіміз қосылып ән шырқайтынбыз. Бірақ ыстық сезімін сыртқа шығара қоймады. Өйткені болашақ жарым менімен сөз байласып, қызғыштай қорып жүретінін жақсы білетін. Ер жігітке тән азаматтық қасиет көрсетіп, іштен тынған. Мұндай мәрт мінез Кәкең сияқты нар тұлғаларға ғана жарасатын”.

Анамыз орнынан баяу қозғалып тұрды да, көк сандықты ашып, бір бума қағазды алып келді. Кәкімбек ағаның әр кездері жарияланған өлеңдері екен. “Ж”-ға деген бір өлеңін оқытты да, “Жезкиіктің” маған арналғанын енді сезген шығарсың? – дегенде не айтарымды білмей қалдым. Сасқаным шығар, “қалайша?” деппін. “Ол кезде менде ғана іші қызыл матамен қапталған тон болатын. Кәкең мені көрген сайын “көзің ботадай, өзің киіктің лағындайсың”, – деп еркелететін. “Жезкиіктегі” “Баяғы қызыл ішік киген қызды, Жез қамзол, сол киікті ұқсатамын”, “Көңіл назындағы” “Баяғы қызыл ішік киген қызды, Боламын сағынсам да сағынбаған”, “Сүйген жүректегі” “Қызыл ішік киген қыздай көрініп, “Жезкиіктей өлең болып өріліп”, “Жетпістегі мектептестің жүрегіндегі” “Ай жүзінде бота көздер жайнаған, Жамал қандай сандуғаштай сайраған” деген сүйіспеншілікке толы жыр жолдарының тууына бірден-бір себепкер болғаныма өзімді бақытты санаймын”, – деген еді ерекше толқып.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары “хитқа” айналған әндердің бірі “Жезкиік” болғаны белгілі. Үлкен де, кіші де әуелете шырқап, ойын-тойлардың сәнін келтіретін, ажарын ашатын. Ол кездері мектеп оқушысы болғандықтан, әнді кім шығарғанына, мәтінін кім жазғанына мән беріп жатпайтынбыз. Кейін білдік қой, Кәкімбек ағаның лирик ақын, талантты композитор, тұлғалы азамат, белгілі қоғам қайраткері екенін. Кейінірек жақын құрбым, ардагер журналист Ләйлә Жанысова жан толқытар мына жайтты майын тамыза айтып бергені бар. Ол Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде оқып жүргенде ауылдастарының шақыруымен Кәкімбек ағаның шығармашылық кешіне барады. Үлкен аудитория жырсүйер қауымға лық толы. Ине шаншар орын жоқ. Есімі алты алашқа әйгілі ақынды тұңғыш көруі. Ғибратты да тағылымды ой-пікірлері көңіліне ұялап, әбден баурап алады. Жүрегі неткен кең, жұмсақ, деп іштей ойлап қояды. Сиясы кеппеген бірнеше өлеңдер оқылады. Адам жанына шаттық, ләззат сыйлайтын әндерін орындаумен қатар шығу тарихына да тоқталып отырады. Алайда “Жезкиікті” тамылжыта шырқаумен ғана шектеледі. Кездесу аяқталысымен сұрақтар қарша жауады. Ләйлә қанша жүрексінсе де, бір тілім қағазға “аға, “Жезкиік” әнінің кейіпкері кім?” деген сұрағын жазып жібереді. Оған ақын “Әркімнің ішінде айта алмайтын бір “Жезкиігі” болады. Мен, әттең, ақын болып айтып қойдым”, – деп қысқа ғана жауап қайырады. Сыртқа шыққаннан кейін түйеден түскендей сауалына жаман қысылып, сыршыл ақынның жанын жаралап алған жоқпын ба деген ой көпке дейін мазалап жүреді. Сол сауалдың астарындағы жұртшылық білмейтін тұнық сырды сол мезетте жария етуді жөн көрмеген болар, сірә?

Кәкімбек ағаның бір тойына қайын ағам Абай, нағашым Мәлік, енем үшеуі барғаны есімде. “Дәуқарадан келдік. Ақбұзаудың Мәлік деген баласымын” дегенде, жұлып алғандай “Жамал бар ма?” – деп сұраған. Арада ондаған жылдар өткенде ақын өзін табындырған сұлумен кездескен. Сол жерде жан жары Мәрияммен таныстырып, той біткенше жандарынан бір елі қалдырмаған. Мәриям апай “Кәкімбек сіз туралы жиі айтатын. Сізді бір көрсем деп армандаушы едім. Ол тілегіме жеттім. “Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпес” деген. Кәкімбектей серінің сіздей аруға ғашық болмауы мүмкін емес”, – деп ағынан жарылған. Енеме сый-сияпат көрсетіп, құрметтеп шығарып салған.

“Жезкиіктегі” қызыл ішік киген ару 80-нен асқан шағында дүниеден өтсе де, есімі көк аспан төрінде ән болып қалықтап жүр.

Суретте: “Жезкиік” әніне арқау болған Жамал Ақбұзауованың жас кезі.

Алмагүл СЕРДАЛИНА,

Дәуқара мектебінің директоры.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp