“Сырымбет” дегенде қазақтың асыл перзенті Ақан серінің:
Ауылым қонған Сырымбет саласына,
Ғашық болдым ақ сұңқар баласына.
Бидайыққа лайық қарағым-ай,
Бөктергіге қор болып барасың ба… –
деп шырқаған әні еріксіз еске түседі.
Сырымбеттің аруағын көтеріп, атын әлемге жеткізуде атап айтар бабаларымыз аз емес, сол көштің басында қазақтың тұңғыш ғалымы, ағартушы ақтаңгері, жиһанкездігімен атын әлемге жайған тұңғыш қазақ Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов тұрады. Сырымбеттің етегіне алғашқы елді мекеннің іргесін қалаған – Абылай ханның ұлы, қазақтың соңғы ханы Уәли еді. Бұл қонысқа себеп болған атақты Айғаным анамыздың әмірі. Уәли хан екінші бәйбіше етіп Айғанымға үйленгенде әрі сұлу, әрі ақылды жас қосағының жүрек тілімен айтқанын орындап, Сырымбетке Көкшетаудан хан ордасын көшіріп, атақты тау етегі, көл шетінде Сырымбет қыстағын бекітіпті. Уәли хан дүниеден озғаннан кейін, Ресей патшасы I Александрдың жарлығымен 1824 жылы, Айғанымның сұрауы бойынша, Сырымбетте ханзаданың шағын ордасы, Уәли хан әулетінің атақонысы салынды.
Сырымбет тауы, шынында да, Саумалкөл, Шалқар, Құмдыкөл, Жекекөл, Ақбалшық, Тораңғыл, Қоскөл орап жатқан Сарыарқаның қайталанбастай сұлу белбеуінде орналасқан бұл алтын аймақтың балқаймағы, дерлік шын нәзік сұлуы.
Құнарлы жаратылған күлгіндеу қара топырақта өскен ақ балтырлы шоқ қайыңдар, қалың қапталдай алтын белді нән қарағайлар, сан түрлі шүйгін шөп өскен мырза аймақты Ақан сері бабамыз: “Бұл жерде Сырымбеттей тау бар ма екен, малға жай Жекекөлдей қау бар ма екен?” – деп тебірене жырлапты. Шынында да, Саумалкөлден Сырымбетке шейін жиырма бес шақырым жердегі жолдың екі жағындағы қарағай, қайың, көгілдір шырша, көк терек араласқан орманда бір ғаламат бар. Ақ қайыңдар қалыңдығын күткен сұлулардай сылана қалып, қарағайлары саптағы сарбаздардай аспанға бой жазып, бірінен-бірі қалмастай кеуделерін керіп тұр. Ақан сері айтқан “қау бар ма екен?” деуде де үлкен сыр бар. Сырымбеттің етегіндегі ақ қаудан өзге жердегі қаудандардан да әлдеқайда нәзік, аппақ күмістей көз тартатын керемет. Өйткені жылқы малына бұл қауданды қыста берсең, сұлы іздемейді. Талықсып тұрған кезіңде жата кетсең, ақ мамықтай жұп-жұмсақ. Бұл қауданның күзге қарай жетіліп, дән таратар селеуі де Ақтотыдай әрі сұлу, әрі кербез өсетін. Ақселеу Сейдімбек ініме “Сен басқа жердің селеуі емессің, Сырымбеттің “ақ жібек селеуісің” деуші едім. Жуырда ғана дүниеден оқыс өткен ғұлама ғалым, асқақ әнші, шебер күйші Ақселеу маған Сырымбеттің үкілі ақ селеулерін елестететін. Біз ағалы-інілі адамдардай сыйлас едік.
Сырымбет аса биік тау емес, бірақ адамға жақын, жүрегі жылы тау. Жас күнімізде төбесіне талай шыққанда есте қалғаны оңтүстік-шығыс жағынан көгілдір Көкше көрінеді, одан бері Көкшетау жоталары сілемденіп Айыртау, Имантау, Шалқар, Ақанборлық болып дөңгелене шұбырса, тура солтүстігіне қарасаң, Жалғызтау көзге түсіп, өзге таулардан жақынырақ тұрғандай бауыр тартады. Сонда Сырымбетті көлдер де, таулар да, қалың жынысты ормандар да орап жатқандай ой тастайтын. Сырымбетке арнаған өлеңдерімнің бірінде:
Бірге оқыған көп балалар қасымда,
Талай тұрды сал Сырымбет басында.
Таза ауа, таза аспан мөп-мөлдір,
Мөлдір көзге құмар етті жасымда, –
дегенде де айнала көлдер мен тауларға, ормандар мен тоғайларға оранған жер жәннатының тазалығы, пәктігі, мөлдірлігі жан баураған екен ғой. Ойлап тұрсақ, табиғат пен адамзаттың бауыр басып үйлескен достығы осындай ғаламаттардан басталады екен. Сырымбетке сал-серілердің үйір болғаны да заңды құбылыс. Жаным таза, арым таза болса, ол да Сырымбеттің таза табиғатының бергені деп білемін.
Кеңес үкіметі кезінде Сырымбет елді мекені Казгородок деп аталып, Төңкеріс ауданының орталығы болғандығы бар. Сол атаумен Сырымбеттегі орта мектеп те “Казгородок” орта мектебі аталып, тағдыр сол әйгілі мектептің түлегі етті. Оқып жүргенде аса көп мән бере қоймасақ та, уақыт өткен сайын өскен жерімізді, шыққан тегімізді, оқыған мектебімізді ұлағаттай түстік. Сырымбет маған бұл күнде А.С.Пушкиннің Михайловскоесі, Абайдың Қарауыл төбесі сияқты киелі ордам, құтты шаһарым, аруақты алтын бесігім болып көрінеді.
Кезінде Казгородокты туған жерім етіп көрсетуім де белгілі, әлі де көптеген ескі құжаттарда сақтаулы. Нақты туған жерім Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы “Еңбек” атты ауыл болса да, алғашқы паспортымда Казгородок сақтаулы. Оның себебі паспорт алу тек қана оныншы сыныпты бітірген кезде ғана қажет болды, оған шейін еске келмеді. Ал әкем Айтахмет Салықовтың паспортында 1932 жылы Казгородокта туған делініпті. Шындығына келсек, бұл – менің екінші туған жерім және өз тағдырым үшін өте ыстық көрген асыл аймақ.
Сырымбеттің бауырындағы күндер естен кетпес қызық та, тәрбиелік маңызы да мол болатын. Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтың әндері жан әлемін биіктетті. Казгородоктан аудан орталығы Саумалкөлге көшіп, Айыртау ауданы атанды. Аудан екіге бөлініп, екінші жартысы Төңкеріс ауданы, кейін Октябрь ауданы болып Солтүстік Қазақстанда қалды. Айыртау ауданы 1944 жылдан бастап Көкшетау облысына жатты. Маған екі облыстың таласып жүру сыры да осында. Айтекең ауылдық кеңестің төрағасы кезінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірінші шақырылымының депутаты болып сайланды. Бала күннен саясаттың иісі мұрныма кіре бастағаны да сол шығар. Ол кезде “Казгородок” орта мектебінің директоры Нұржан Әуелбеков болатын, ал аудандық тұтынушылар кооперациясын Балахмет Хайыров атай басқаратын. Ауылдың үш ақсақалы сыйлас, сырлас болып кетті. Содан болар, Еркін Әуелбеков пен Қажахмет Балахметов те өз ағаларымдай тату-тәтті, қимас адамдарымдай болып кетті.
Біздің үйде тұратын Мұсаның апасы Ермек тәтем, өзі алтыншы сыныпта оқып жүріп, алты жасқа аяқ басқан маған қазақша оқуды үйретті. Қыз баланың жұмысы көп, оқуы да бар және кемпір-шалдар кешкі астан кейін оған кітап оқытатын. Міне, соңғы ауыр жұмыстан арылу үшін Ермек тәтем кітап оқуды үйретіп, өзі бостандық алды. Ол кезде латын алфавиті болатын. Оқитын кітаптар аса көп емес, бірақ Сәбит Мұқановтың “Жұмбақ жалау” романын оқу оңайға соқпайтын, оның себебі қазақ үшін ол ұзақ дүние ғой. Мен атам мен әжеме “Жұмбақ жалауды” оқи-оқи шаршағанда оқымай-ақ жатқа судырлатуға жаттықтым. Кейін Сәбит ағамен кездескенде, “Сен осы мені қайдан білесің, шырағым?” – демесі бар ма? Сонда баяғы “Жұмбақ жалауды” судырлата тақпақтадым. Сәбең қатты разы болып, бірге фотоға түсті. Осы күнде қатты ойға батамын, баяғы кеңестің қызыл байрағын “Жұмбақ жалау” деп атауы дұрыс екен, кейін партия мен замана ағымына бағынып “Ботагөз” деп кетті ғой. “Жұмбақ жалау” иелері – большевиктер орнатқан империяның құлауының сыры сол әуелгі жұмбақтығында деп қаласың. Сәбит Мұқановтың бір кереметі – ол қазаққа роман оқытты.
Казгородокке қайта оралуым көптеген жылдардан кейін болды. Саумалкөлде тұрғанда соғыс басталды, тоғыз жастағы бала едім. Бір қызығы, оқуға бармай жүріп кітап оқығаныма әкем де өз міндетін қосты. Жұмыстан келген сайын барлық газеттерді – аудандық, облыстық, республикалық басылымдарды, әсіресе “Социалистік Қазақстанды” басынан аяғына дейін дым қалдырмай оқытатын. Сол ғадет бойға сіңді, орыс мектебінде біріншіден жетінші сыныпқа дейін оқысам да, қазақша газет, кітаптарды оқымайтын күнім болмады. Әкемнің газет оқыту сабағы өмірлік сабақ болып, саясатқа жас басымнан қанықтыра, таныстыра бастағандай болды да, қазақша шыққан барлық көркем әдебиет деген дүниенің қолға түскенін түгел білетін болдым. Оған қоса бөле ағам Мұса Асайынов үздік әнші, тамаша домбырашы болғандықтан, ол маған “Елім-айдан” бастап барлық әндерді үйретті, кейін әрі қарай осының барлығы қазақ өнеріне деген үлкен сүйіспеншілік тудырып, жақын етті. Төртінші сыныпты Саумалкөлде, бесіншіні Еленовкада, алтыншы мен жетінші сыныптарды Көкшетау қалалық ер балалар орта мектебінде бітірдім.
Жылдар жылжып, соғыс та өтті, соғыстан кейінгі заманды да көрдік. Әкеміз Көкшетау аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметінен сұранып шығып, өзіміздің үйреншікті Айыртау ауданына келді. Бұл ауданға оралу себебі – жалғыз қарындасы Ақық желкесіне ауыр зат түсіп кетіп, кенеттен екі көзінен айырылды, күйеуі әскерден оралмады. Амангелді, Ақансері атты кішкентай екі баласымен мүгедек болып қалғанда қызметке осы ауылға сұранып, көшіп келдік. Кеңсесі көрші Бірлестік ауылында болса да, “Өскен” атты, қазіргі Үкілі Ыбырай ауылында бірге тұрдық. Шота Уәлиханов Мәскеуден жазғы демалысқа келгенімізде Ақық тәтемді көрді, қолынан дәм татты. Ол кісі мені құшақтап, үстімдегі погоны бар формама риза болып: “Е, Алла жар болған екен”, – деді.
Міне, ауылға көшіп келуімізге байланысты орыс мектебін тастап, Казгородоктегі қазақ мектебінің сегізінші сыныбына түсуге тура келді. Айтахмет Салықов бұл елдің депутаты болған атақты кісі ғой, мектеп директоры Мұсахан Қанапиянов Казгородоктың бұрынғы ауылнайын өте жақсы қабылдады. Маған тоғызыншыға бар деп те ұсыныс айтты. Мен бас тарттым, ұят болады дегенді сылтау етіп айтып қалып едім, мұғалім риза ниетпен: “Жарайсың, батыр, асықпай оқып, алдыңғы қатарда бол”, – деп мектептің интернатынан орын бергізді, Үкімет қамқорлығына толығымен алындым. Жас бала күндері көргендей емес, Казгородок та, Сырымбет те ерекше өзгеріп кеткендей көрінді. Мұсахан мұғалім Сырымбет төңірегін мектептің интернатының иелігіне беруді облыстан сұрап хат дайындатыпты. Хаты ұзақ һәм көптеген мағлұмат берерлік қосымша деректері бар екен. Директорым осы жазғандарын қазақшадан орысшаға өзінің кабинетіне отырғызып қойып аудартты. Аударып бергеннен кейін қатты қуанып, “Өзіңнің саясаттан хабарың мол екен, оны қайдан таптың, тумай жатып”, – деп күлді. Мен өмір бойғы ғадетім ретінде газеттерден қол үзбейтінімді, орысша, қазақша бірдей оқитынымды айтқанда, ол кісі: “Жарайсың, бақытты бол, керегіңде пайдаланып тұрамын”, – деді.
Мектебіміздің іші-сырты адам таңғаларлықтай өте сәнді де мәнді болатын. Мәселен, үзілісте демалатын үлкен зал көсемдердің суреттерімен ғана безендіріліп қоймай, олардың сөздері қастарында жазулы тұратын. Мұғалімдер залы, директордың өз кабинеті, балалар оқитын сыныптық кластардың бәрі де көз тартқандай тамаша безендірілетін. Жалпы бұл еш жерде кездеспейтін майлы бояулы суреттерді соғыс жылдарында уақытша мекендеген Мәскеудегі үлкен театрдың суретшілері салып беріп кеткен екен.
Мұсахан мұғалімнің бір кереметі, өзі тарихшы болса да, қазақ әдебиеті сабағына келіп отырып, соңында өз ескертпелерін айтатын. Өз сабағында қазақ тілінің тазалығына мән беретіндігі соншалық, мысалы, Бекенов Еркін деген балаға біліп тұрған сабағын қашан мүлтіксіз, қыстырма сөзді және “вот”, “так” дегендерді қоспай таза айтқанша төрт-бес рет қайталатқаны есімде. Сондықтан мұғалімнің сабағы дегенде айтарымызды бір-бірімізге қайталап, қоспа сөздерді алып тастауға тырыстық. Жер, су, ағаштардың, шөптердің, елдердің аттарын таза айтуға ұмтылдық.
Мектепте аса дарынды мұғалім Ғани Дәуітбаев ағай басқарған драма кружогы жұмыс істеді. Ғанекеңнің өзі де іскер де білімпаз кісі ғой, бірақ “генеральная репетицияға” директордың өзі келетін. Кей жерлерін түзетіп, Ғани аға өзінше орындағанда халық әртістерінен кем түспейтін. Осындайда Мұсахан аға “Жарайсыңдар!” деп қуанып кететін.
…Молдахмет Тырбиев үйге келгенде сүйікті ұстазы, жазықсыз “халық жауы” атанған Үкілі Ыбырайдың өлеңдерін есік, терезені жапқызып тастап біздерге үйрететін. Ол өлең сабақтары да ғажайып мектеп болды. Сәкеннің “Көкшетауын” да ең алғаш жасырын түрде Молдекеңнен үйрендім, артынан интернатта бір бөлмеде жататын балалар бірінен-бірі көшіріп алып, түн ортасы ауып ел ұйқыға кіріскенде қосылып тұрып “Көкшетауды” хормен айтатынбыз. Күндіз домбыраға қосып машықтанып, ақыры Сәкеннің “Көкшетауын”, Балуан Шолақтың “Ғалиясын”, Үкілі Ыбырайдың “Қарақат көзді, сым саусақ” және “Гәккудің” бір-екі түрін жаттап алып, айтып жүруші едім. Бұл сабақтар музыканың мәтінін шығаруға да, өз өлеңдерімнің кейбіреуін өз әніммен айтқызуға да жеткізді. Молдекең кейде арбаның үстінде келе жатқанда баласы екеумізге тіл ұстарту тәсілдерін үйрететін, менің өлеңдерімді тыңдап, ақыл-кеңес беретін.
Молдекең соғыс жылдары (1943) Нұрқан Ахметбековпен Алматыда айтысып тең түскенін әңгімелеп берді де, айтар сөзін үр жаңа бастап кетті. “Сол жолы біздерді – он алты облыстың ақындарын Жамбыл ақсақалмен қосып, Қаныш Сәтбаев үйіне қонаққа шақырды. Баршамыздың сұрағымыз бойынша Қаныш кен барлау жұмысын қызғылықты етіп айтып берді. Жезқазғанды мысалға алып, елді қалай байытудың жолын сөз етті. “Сен, Кәкімбек қалқам, үміт күткен өз баламсың, ақылың жетсе, Қаныштың оқуына бар. Көкшенің толып жатқан таулары әрі-сәрі, анау Жалғызтауда, мына тұрған Сырымбет пен Айыртауда ештеңе жоқ дейсің бе? Олай емес, Қаныш қалай Жезқазғанды жарқыратты, оның болашағын айтқанда біз таңғалдық. Соғыстан жүдеп шыққан ел жаңа ғана есін жинап келеді, сен ер жігіт болам десең, Абай айтқандай атаңның емес, Отаныңның баласы болуға тырыс. Қаныштың оқуына бар, жол ақысын өзім төлеймін”, – деп тоқтады. Бәріміз ұйып тыңдап қалдық. “Көндім, Бота”, – дедім. Мәскеудегі Түсті металл және алтын институтының шақыру қағазын газеттен қиып алып қойып едім, сол бойынша кен барлау факультетіне барлық документтерімді, орта мектепті күміс медальмен бітіргеніме сүйеніп, Мәскеуге жібердім.
Әрине, оның бәрі тегінге түскен жоқ, алыста жатқан меңіреу, сұрғылт жабайы ауылдан қыж-қыж қайнаған, есің кетердей жайнаған Мәскеуге – ел төріне қалай барамын, оқуына үлгеру қалай болады деген де секем ойлар келді. Бірақ ақын атам айтқан асыл есім – Қаныш Сәтбаев жарқын жұлдыздай алыстан қол сілтеп, дем беріп тұрғандай тәуекелге шақырды Құлагершіл мінезім сол тәуекелге сеніп, ішкі намысты ұлғайтты. “Қош бол, Сырымбет, саған рақмет!” – деп кете бардым.
Шота Уәлиханов Мәскеудің архитектура институтына түспекші болды. Тағы бір сыныптасымыз Айша Біркенова мен баратын институттың металлургия факультетін таңдады. Ақыры осылай болды да, Молдекең шығарып салуға келгенде қолыма жүз теңгелікті ұстатты. Туғалы поезға мініп көрмеген қазақтар – Айша екеуміз Мәскеуге тура кеттік. Шота Алматы арқылы оқуға алынды. Осылай Сырымбеттегі мектебімнен Мәскеуге жол түсіп, балалықпен қоштасып, жастық шақпен достасып, сәтбаевшыл инженер боламын деп жоғары оқу сапарын бастадым.
Кәкімбек САЛЫҚОВ.