Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында оқыс оқиға орын алды. Полицей Рүстем Кәрімнің отбасы түннің бір уағында тыстағы шудан оянып кетеді. Терезеден үйлерінің жанып жатқанын көреді. Құжаттары мен бағалы заттарын тез жинап, Рүстем, зайыбы мен екі жасар қызы пәтерден жүгіріп шығады. Өртке оранып жатқан үйдің екінші жартысында зейнеткер әжейдің тұрып жатқанын білетін офицер оған көмек көрсетуге асығады. Кіреберіс есік өртке оранғандықтан терезені сындырып кірген ол қою түтіннің ішінен үй иесін тауып алады. Әжей өз бетімен қозғала алмаған. “Мен жалғыз тұрамын, ол уақытта ұйықтап жатқанмын. Рүстем мені жалындап жатқан үйден қауіпсіз жерге алып шықты”, – деген Валентина Васильевна облыстық полиция департаментінің басшылығына жазған хатында.
Жедел жеткен өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтаған, алайда үйдің шатырын аман алып қалу мүмкін болмаған. Қазір зейнеткер осы ауылдағы ұлының үйінде тұрып жатыр.
Әсет ҚАНАФИН.