Туған жерді аялауды, сүюді үйретіп, онда туған қарапайым адамдардың еңбегін бағалап, мақтан тұтуға тәрбиелеп отырған, ұлттық дәстүр, әдеби-мәдени құндылықтарды насихаттап келе жатқан Қызылжар ауданына қарасты Соколовка елді мекеніндегі тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына бүгін 50 жыл толды.
Соколовка тарихи-өлкетану музейі ардагер ұстаз Виктор Огневойдың есімімен тығыз байланысты. Балалар жазушысы Аркадий Гайдардың “Тимур және оның командасы” кітабын жанынан тастамайтын Виктор Акимович Соколовка елді мекенінде оқушыларымен “Гайдариана” штабын құрды. Олардың штабы бір жылдай жасырын жұмыс істеді. Өйткені бас кезінде көрсететін және айтатын ештеңе болмады, екіншіден штаб – тәжірибелі ұстаз бен оқушылардың ортақ құпиясы еді. Бұл жасөспірімдердің қызығушылығын арттыра түсті. Виктор Акимовичтің арқасында ауыл балалары көптеген Гайдар отрядтарымен, қызықты адамдармен, жазушылармен танысып, байланыс орнатты. Штабқа хаттар, ашық хаттар, фотосуреттер, кітаптар түсе бастады. Нәтижесінде Аркадий Гайдар мұражайын құру идеясы пайда болды. Осылайша штабтың негізінде 1972 жылы 22 қаңтарда “Гайдариана” музейінің негізі қаланды. Қазір жарты ғасырлық тарихы бар музейде Виктор Огневойдың қызы Наталья жетекшілік етуде.
“Әкем 1925 жылы бұрынғы Ақмола қаласында туған. Соғыстан кейін педучилищеге түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шығады. 1947 жылы еңбек жолын бастап, Ақмола облысында мұғалім болды. Кейін Ново-Палестиновка және Гайдар елді мекендерінде мектеп директоры қызметін атқарды. Ауылда бұрын-соңды болмаған пионерлер поштасын құрды. 3-4 сынып оқушылары пошташылардың қызметін атқарып, газет-журналды, хаттарды үйді-үйге таратты. Ал пошта бөлімшесін 4-сынып оқушысы “басқарды”. Балалар бұл жұмысты жауапкершілікпен атқарды.
1969 жылы біз отбасымызбен Соколовка елді мекеніне көшіп келдік”, – дейді қызы Наталья Огневая.
“Гайдариана” бүгінде Соколовка ауылының тарихи-өлкетану музейіне айналған. Ол 26 бөлімнен құралған, 5 мыңдай жәдігер бар. Музейде тәуелсіздік, өлкетану, жауынгерлік даңқ және мектеп залдары жұмыс істейді.
1977 жылы Соколовка маңында археологтар қазба жұмыстарын жүргізіп, осыдан 2500 жыл бұрынғы жәдігерлерді тапты. Солардың ішінде ерекше бойтұмар да бар.
“Музейде еңбек адамдарына арналған бұрышымыз да бар. Соколовка жөндеу-механика зауыты – елді мекендегі байырғы кәсіпорындардың бірі. Келесі жылы зауыт өзінің тоқсан жылдығын тойлайды. Бүгінде ол “Дизель” ЖШС деп аталады. Осы зауытқа қатысты қызықты бір мәліметті айтайын. 1935 жылы АҚШ-қа оқуға жұмысшылардың тобы – электр дәнекерлеуші және автогеншілер жіберіледі. Солардың бірі – Ф.Е.Чайко деген азамат, музейге АҚШ-та түскен фотосын сыйлады. Оның ұрпағы әлі күнге дейін Соколовкада тұрады”, – дейді Наталья.
Наталья Огневая әке жолын қуып, ұстаздық мамандықты таңдады. Оның ағасы мен сіңлісі де мұғалім. Жалпы бүгінде Огневая отбасылық ұстаздар династиясының ортақ еңбек өтілі 4 ғасырға жуықтапты.
Соколовка тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 50 жыл толуына орай мектепте салтанатты іс-шара өтті.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.