«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Туған жерді аялауды, сүюді үйретіп, онда туған қарапайым адамдардың еңбегін бағалап, мақтан тұтуға тәрбиелеп отырған, ұлттық дәстүр, әдеби-мәдени құндылықтарды насихаттап келе жатқан Қызылжар ауданына қарасты Соколовка елді мекеніндегі тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына бүгін 50 жыл толды.

Соколовка тарихи-өлкетану му­зейі ардагер ұстаз Виктор Огне­войдың есімімен тығыз байланысты. Балалар жазушысы Аркадий Гай­дардың “Тимур және оның коман­дасы” кітабын жанынан тастамайтын Виктор Акимович Соколовка елді мекенінде оқушыларымен “Гайда­риана” штабын құрды. Олардың штабы бір жылдай жасырын жұмыс істеді. Өйткені бас кезінде көрсететін және айтатын ештеңе болмады, екіншіден штаб – тәжірибелі ұстаз бен оқушылардың ортақ құпиясы еді. Бұл жасөспірімдердің қызығушы­лығын арттыра түсті. Виктор Акимо­вич­тің арқасында ауыл балалары көптеген Гайдар отрядтарымен, қызықты адамдармен, жазушы­лар­мен танысып, байланыс орнатты. Штабқа хаттар, ашық хаттар, фото­суреттер, кітаптар түсе бастады. Нә­тижесінде Аркадий Гайдар мұра­жайын құру идеясы пайда болды. Осылайша штабтың негізінде 1972 жылы 22 қаңтарда “Гайдариана” музейінің негізі қаланды. Қазір жарты ғасырлық тарихы бар музейде Вик­тор Огневойдың қызы Наталья же­текшілік етуде.

“Әкем 1925 жылы бұрынғы Ақмо­ла қаласында туған. Соғыстан кейін педучилищеге түсіп, бастауыш сы­нып мұғалімі мамандығын алып шы­ғады. 1947 жылы еңбек жолын бас­тап, Ақмола облысында мұғалім болды. Кейін Ново-Палестиновка және Гайдар елді мекендерінде мектеп директоры қызметін атқарды. Ауылда бұрын-соңды болмаған пионерлер поштасын құрды. 3-4 сынып оқушылары пошташылардың қызметін атқарып, газет-журналды, хаттарды үйді-үйге таратты. Ал пошта бөлімшесін 4-сынып оқушысы “басқарды”. Балалар бұл жұмысты жауапкершілікпен атқарды.

1969 жылы біз отбасымызбен Соколовка елді мекеніне көшіп кел­дік”, – дейді қызы Наталья Огневая.

“Гайдариана” бүгінде Соколовка ауылының тарихи-өлкетану музейі­не айналған. Ол 26 бөлімнен құрал­ған, 5 мыңдай жәдігер бар. Музейде тәуел­сіздік, өлкетану, жауынгерлік даңқ және мектеп залдары жұмыс істейді.

1977 жылы Соколовка маңында археологтар қазба жұмыстарын жүр­гізіп, осыдан 2500 жыл бұрынғы жә­дігерлерді тапты. Солардың ішінде ерекше бойтұмар да бар.

“Музейде еңбек адамдарына арналған бұрышымыз да бар. Соко­ловка жөндеу-механика зауыты – елді мекендегі байырғы кәсіп­орындардың бірі. Келесі жылы зауыт өзінің тоқсан жылдығын тойлайды. Бүгінде ол “Дизель” ЖШС деп атала­ды. Осы зауытқа қатысты қызықты бір мәліметті айтайын. 1935 жылы АҚШ-қа оқуға жұмысшылардың тобы – электр дәнекерлеуші және автоген­шілер жіберіледі. Солардың бірі – Ф.Е.Чайко деген азамат, музейге АҚШ-та түскен фотосын сыйлады. Оның ұрпағы әлі күнге дейін Соко­ловкада тұрады”, – дейді Наталья.

Наталья Огневая әке жолын қуып, ұстаздық мамандықты таңда­ды. Оның ағасы мен сіңлісі де мұға­лім. Жалпы бүгінде Огневая отба­сылық ұстаздар династиясының ор­тақ еңбек өтілі 4 ғасырға жуықтапты.

Соколовка тарихи-өлкетану му­зейінің құрылғанына 50 жыл толуына орай мектепте салтанатты іс-шара өтті.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp