«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жәрдемақы төлемдері көбейтілді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда республикалық бюджеттен тұрғындарға мемлекеттік жәрдемақылардың 40-тан астам түрі, сондай-ақ базалық және ынтымақты зейнетақы төленеді.

Мемлекеттік бюджеттен жүзеге асырылатын әлеуметтік төлемдердің мөлшерін белгілеу үшін елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі және айлық есептік көрсеткіш жүйесі қолданылады. Бұлар инфляцияның болжамды деңгейі ескеріле отырып, жыл сайын белгіленеді. Осылайша Үкімет халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуін болдырмау мақсатымен тұрақты шаралар қолданып отырады. Мәселен, 2020 жылы елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ЕТК мен АЕК мөлшері екі рет, атап айтқанда, 2020 жылы – 10, 2021 жылы 5 пайызға индексацияланды.

2021 жылдың екінші желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының “2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеті туралы” Заңына орай 2022 жылдың 1 қаңтарынан ЕТК және АЕК мөлшері 5 пайызға индексацияланып, тиісінше 36018 және 3063 теңгені құрады. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған ынтымақты зейнетақы көлемі өткен жылға қарағанда 7 пайызға көбейді. 2022 жылдың 1 қаңтарынан тағайындалған ең төменгі зейнетақы мөлшері – 46302, ең төменгі базалық зейнетақы төлемі 19460 теңге болды. 101 мыңнан астам зейнеткердің зейнетақы төлемдері қаңтар айында өсірілген көлемде төленуде.

Күнкөріс мөлшерінің өзгеруіне орай мемлекеттік базалық зейнетақы, мүгедектігі және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 5 пайызға жоғарылады. Мысалы, бірінші топ мүгедегінің жәрдемақысы былтыр 65860 теңге болса, биылдан бастап 69155 теңгеге жетті. №1 және №2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылар мен арнайы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерлері де ұлғайды.

2021 жылы баланың тууына байланысты біржолғы және бала бір жасқа толғанға дейін күтіміне тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде 3063 теңге мөлшеріндегі айлық есептік көрсеткіш қолданылады. Мәселен, 1,2,3 бала туғанда төленетін біржолғы жәрдемақы – 38 АЕК (116394 теңге), 4 және одан көп бала туғанда – 63 АЕК (192969 теңге).

Мүгедек баланы күтіп отырған ата-аналарға және бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға күтім жасаушыларға төленетін жәрдемақы 5 пайызға көбейіп, 50426 теңге болды.

Былтыр облыс бойынша әлеуметтік төлемдерге ай сайынғы қаржыландыру 12 млрд. теңгені құраса, биылғы мөлшері – 13 млрд. теңге.

Мереке МҰХАМЕДИЯРОВ,

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp