«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қазақ мектебіне қатынау қиын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақерке Икматуллаева отбасымен “Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасы бойынша көшіп келіп, Мамлютка қаласына қоныстанған екен. Үш баланың анасы облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің редакциясына жолдаған хатында жанайқайын былай жеткізіпті:

– Бізге берілген үй қаланың шетіндегі Жұмысшы кентінде орналасқан, мектеп пен үйдің арасы өте алыс. Бірінші сыныпта оқитын қызымның мектепке қатынауы қиын болып тұр. Көлік болмаса шынашақтай баланың күнделікті жаяу барып-келуі қыстың көзі қырауда өте қауіпті. Бұл жайында Мамлют қазақ мектеп-интернатының директоры Берік Тұрғынұлы хабардар.

Бірде оқушылар арасында туындаған түкке тұрғысыз мәселенің соңы ата-аналар арасында өкпе-реніштің белең алуына әкеп соққан болатын. Енді ғана әріп танып, оң-солын ажырата бастаған қызымыз мұндай келеңсіз жағдайды жүрегіне ауыр қабылдады. Осыдан соң интернатта жатқызып оқытуды құп көрмедік. Бастапқыда жеке көлік жалдап жүрдік. Жолақыға күніне 3200 теңгеге дейін жұмсадық. Тапқан-таянғанымыз қызымыздың тек сабаққа қатынауына кетіп отырса, қалай күн көрмекпіз?! Кейде таксимен жіберуге алаңдаймыз. Обалы нешік, көрші қария жеке көлігімен тегін тасып жүрді. Ол кісі сырқаттанып қалып, такси іздеуге тура келгенімен, таба алмадық.

Аудандық білім бөлімінің сол кездегі басшысы Данияр Шәкеновке қазақ мектеп интернатының “ГАЗель” көлігін бөлуін өтініп, хат жазсақ та, тиісті көмек болған жоқ. Маңайымызда оңтүстік жақтан көшіп келген біраз отбасы тұрады. 2019-2021 жылдары 12 жаңа үй салынды. Өткен күзде көшіп келген көпбалалы отбасы мектептің алыстығын қиынсынды ма, келген жеріне қайта кетіп тынды. Қалған төрт отбасының екі-үштен балалары бар. Жақында көшіп келген бір отбасы мектеп жасындағы екі баласын қазақ мектебіне бере алмай біраз әуре-сарсаңға түсті.

Амалсыздан үйге жақын жердегі орыс мектебінде оқытуға мәжбүр болды. Тағы бір отбасы өз көлігімен қатынап жүр. Балалары үшін жұмыстан шығуына тура келді. Теріскейге келген ағайындардың балаларын орыс мектебінде емес, қазақы ортада тәрбиелегісі келетін ниетіне осындай тосқауылдар бөгет болып отыр.

Үйге жақын орналасқан №2 орта мектеп директорының орынбасары Мәдина Ақпановаға хабарласып, мән-жайды айтқан болатынбыз. Ол мұнда қазақ сыныбының жоқ екенін, қазақы отбасында тәрбиеленген бала орыс мектебінде оқуға қиналатындығын, сабақ үлгерімі де ойдағыдай болмайтынын, бірінші сынып мұғалімдері орыс ұлтынан екенін айтты. Енді қайтпек керек? Мамлют қазақ мектеп интернаты 400 оқушыға лайықтап салынғанымен, онда қазір 105 оқушы ғана білім алады. 1-сыныпта 8 оқушы бар. Ал 300 балаға шақталған №2 орыс мектебінде 250-ге тарта оқушы бар.

Газет оқырманының сауалына төмендегідей жауап алдық.

 

Еркін САМАРҚАНҰЛЫ,

Мамлютка қаласының әкімі:

– Кентте 8 мыңға жуық тұрғын бар. Бұрындары қала ішінде қоғамдық көліктер кесте бойынша тұрақты түрде қатынап тұрған. Коронавирустық індетке, тағы басқа себептерге байланысты қызметін тоқтатты. Бүгінде маршруттарды қайтадан жаңғыртуды ойластырып отырмыз. Оның алғы шаралары қолға алынып, жақын арада тұрақты түрде қатынайтын болады.

 

Берік АХМЕТОВ, Мамлют қазақ мектеп-интернатының директоры:

– Мектептің балансында “ГАЗель” көлігінің бар екені рас. Ол интернатта жатып оқитын 56 баланы үйлеріне тасып-жеткізумен айналысады. Аптасына бір рет Белое-Покровка, сосын Меңгесер – Бексейіт – Леденово – Дубровное бағыттары бойынша қатынайды. Ал қала ішінде тасуға қаражат қарастырылмаған. Аудандық мәслихат депутаттары шығын көздерін өтеу жайлы шешім қабылдап, бұл мақсат үшін қаражат бөлсе, ешқандай қарсылығымыз жоқ.

 

Айгүл ОСПАНОВА, облыстық білім басқармасының жауапты маманы:

– Хат иесі бізбен хабарласып, мән-жайды түсіндіргенбіз. Тағы да қайталап айтамын, қазақ мектеп-интернаты аудандық білім бөліміне қарайды, ал Мамлют қала мәртебесіне ие. Сондықтан “ГАЗелдің” кент ішінде қызмет көрсетуге заңдық құқығы жоқ. Аудандық оқу бөліміне ұжымдық түрде хат жазуға кеңес бергенбіз. Соған орай оң шешім қабылданады. Мәселе бақылауда тұр.

Айгүл Елубайқызының кей уәжі түсініксіздеу көрінді. Ол қала ішінде орналасқан №1 мектеп ұжымы оқушыларды тасып-жеткізу ісін қалай ұйымдастырып отыр деген сұрағымызға мектеп директоры арнайы бұйрық шығарған деген жауап берді. Қазақ мектеп-интернаты да осы үлгіні таңдап алса, ешкім қолын қақпас еді. Екіншіден, өткен жылы аудандық білім бөліміне ата-аналар хабарласып, көмек қолын беруді өтінгенмен, мәселе сиырқұйымшақтанып кеткен. Соған қарағанда, қағазбастылықтың, бюрократтықтың салдарынан теріскейге ана тіліміздің көсегесін көгертеміз деп келген ағайындарымыз “сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың” кебін киіп отырған жайы бар.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp