Бейжіңде өтетін Олимпиада ойындарына конькимен жүгіруден Қазақстан құрамасының атынан 5 спортшы қатысады. Арасында солтүстікқазақстандық Иван Аржаников та бар. 27 жастағы спортшы 500 және 1000 метр қашықтықта сынға түспек.
Жерлесіміз – конькимен жүгіру спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ел чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінген. “Қытай елінде пандемияға байланысты тексерістер қатаң. Оның үстіне елімізде де коронавирустың өршуіне байланысты жабық кешенде дайындалып жатырмыз. Екі апта бойы ешқайда шыққан жоқпыз. Жеңіске деген ұмтылыс жоғары. Өзіме жүктелген үмітті ақтауға бар күшімді саламын”, – дейді Иван Аржаников.
Бүкіл әлем көз тігетін дүбірлі дода 4 ақпанда басталады. Конькимен жүгірушілер сол айдың 12-ші және 18-ші күндері өнер көрсетеді.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.