Бейсен шал екі сиыры мен он шақты қой-ешкісін өріске шығарғасын, күндегі әдетімен үйге кірмей, есік алдында жүріп алды. Белі құрғыр сыр бере бастағалы екі қолы артында. Үйге кіруге асығар емес. Күн де арқан бойы көтеріліп қапты. Балағы таңғы шыққа малынып, дымқыл тартыпты. Мәсінің сыртынан киетін жұмсақ галошының басына сиырдың жапасы жұғып қалған ба, қаз отына үйкелеп кетірмек болып еді, онысынан ештеңе шыға қоймады. Шөппен сүртпекші болып еңкейе бергені сол еді, көзінің алды қарауытып, басы айналып кетті. Екі-үш аттап барып бойын тіктеп алғанымен, өзін жайсыз сезінді. Содан не керек, үйдің іргесінде жатқан бөренеге отыра кетті. Уһілеп біраз отырды. Маңдайын көлегейлеп огород жаққа көз тастап еді, шарбақтың үстінде біреу отырғандай көрінді. Отыз-қырық қадам жердегінің өзі бұлдырап көрінетін болғалы қашан… тағы да ешкі шығар. Пәле болды. Былтырдан бері ауылда иесіз ешкі қаптап кетті. Кейбіреулері үш-төрт лақтан ертіп жүреді. Мұндайды алғаш көруі. “Шәк, шәк, әкеңнің!..”.
Екінші ұмтылғаннан әзер тұрды. Қолына қаз үркітетін ұзын талды алып, шарбақты айнала қуалай жөнелді. Бұл жеткенше мүйізі қарағайдай көк теке қоршаудың ішіне кіріп, картоптың сабағын отауға кірісіп те кетіпті. “Өй, әкеңнің, құртатын болдыңдар ғой!”.
Бұл ауылда ешкісін іздейтін ешкім жоқ. Үйір-үйір болып жүреді өздері. Әр үйде кем дегенде он-он бес ешкі бар шығар. Былтыр ауылдағы қойларды әкетеді дегенді естіген пысықайлар осы иесіз жүрген ешкілерді сойып, істәгін шабандармен келісіп қойға айырбастап, бір қарқ болып еді. Соның өзінде азаятын түрі жоқ. Тіпті көбейіп бара жатыр. Ауыл адамдары осы күнге дейін “Есі кеткен ешкі жияды” деген қағидамен өмір сүріп келген екен. Бір кездері ешкі еті бай-бағланның таңғы асы деп дәріптелсе, ауыздан ақ май-көк май ағызған аста-төк заманда ешекеңнің қадір-қасиетіне ешкім мән бермеп еді, енді қой орнына жүріп, абыройы асқақтағасын, “ешкі жиған есін жияды” деген ұстанымға көшкен. Әр үйдің шашпасындағы бақылдауықтар соның айғағы. Тек, бақпай, бетімен жіберетіні жаман.
Бейсен темір торға үйкеніп тұрған қара ешкіні бақ еткізіп таяғымен салып қалды да, қайтадан үй жаққа беттеді. Шарбақтың ішіне кіріп қумаса, көк текенің соңынан басқалары да секіре бастайды. Мұны тыңдай қоятын көк теке ме, әрлі-берлі секеңдеп маңына жолатпайды. Осылай “шәк, шәк” деп көк текені қуалап, сүт пісірім уақыт жүрді. Ақыры, “шәк-шәктаған” осы шалды шаршатып қайтемін деп ойлады ма екен, шарбақтан бір ырғыған көк теке үйіріне қосылды.
– Мына мақұлықтың мазақ қылуын-ай, ә-әәә.. Тағы келем деп кеттің ғой, иттің малы. Бейсен әбден қалжырағанын енді ғана сезе бастады. Көршісі Серік ат жегіп жатыр екен. Шалдың мына тірлігін сырттай қарап тұрған-ау, сірә, баласымен жасты болса да, кішімін деп, көршімін деп қарайласуды білмейді-ау бұл бала. Ешкінің рахатын көргендердің бірі осы. Былтырдан бері қорасында он шақты аппақ меринос қамаулы тұр. Әкесінің ешкінің істәгін совхоздың биязы жүнді қойына айырбастап алғанын баласы айтып қойған. Бірақ жасыратын да ешкім қалмады ғой, ауылдың тең жартысы солай істеді. Осыдан кейін кімге ренжисің…
Еңкейе басып үйге келе жатқан шалға Серік ернінің ұшымен сәлем берді.
– Жол болсын!
– Әлей болсын! Базды бұзамыз. Соған бара жатырмын.
– Не дейді?
– Мал қалған жоқ, енді баз кімге керек. Ертең біреу келіп әкеткенше өзіміз бұзып алайық деп шештік. Саған да тақтай мен шипыр әкеп берейін, қораңның төбесін жауып ал. Әйтпесе, оқу қуған ана балаңнан қайыр болмайды-ау.
Серік көтерме айылды байлады да, делбенің ілмегін ауыздықтың шығыршығына ілектіріп, арбаға секіріп мінді. Бейсен шал айтарға сөзі, атарға оғы болмай аузына құм құйылып қала берді. Көршісінің соңынан тағы да бес-алты ат-арбалы адам баз жаққа тартып бара жатты.
* * *
Үйге кіргеннен кейін қалжырағанына қоса, басының сынып ауыра бастағанын сезді. Өзін қанша күштесе де, екі кеседен артық шәй іше алмады. Кемпіріне бір ауыз тіл қатпастан пеш түбіндегі төсегіне киімшең қалпында бүк түсіп жата кетті. Күнде осы уақытта сүт пісірімдей көз шырымын алушы еді, өткені есіне түсіп, ой құшағына енді де кетті.
Алғаш артель құрылғанда Бейсен он үш жаста еді. 1929 жылы ауылдың жігіттері бас қосып, қолдағы малын ортаға салып, егін екті. Жеті жылдан соң колхоз болды. Есілдің бойындағы тоғайларды қоныс қылып келген ағайынның отырықшылық өмірге бейімделуі ұзаққа созылды. Техника деген жоқ, бәрін қолмен істеді. Егін егу, ору, бастыру деген азап. Жиғаныңды қамбаға деп белсенділер алып кетеді. Соғыс басталды. Ауылдың тепсе темір үзетін жігіттері кете барды. Дәм-тұзы таусылмағандары ғана оралды ғой, несін айтасың… Өзінің де ағасы қалды емес пе Белорусияның бір батпағында. От еді-ау, жарықтық, алғаш колхоз құрғанда белсенділердің арасында жүрді, трактор да айдады, бригадир де болды. Сыймай кетті ғой, артында ұрпақ та қалмады. Өзінің де көрмегені жоқ, Сталинград түбіндегі бір шайқаста жараланды. Қорғандағы госпитальда жарты жылдан астам жатты. Сол қолы бүгілмей қалғасын, жарамсыз деп қырық төрттің соңында елге жіберді. Ауылдың да жағдайы оңып тұрған жоқ. Кәрі әкесі мен өлмеші шешесі отыр аңырап. Бұғанасы бекімесе де шешесіне еріп, масақ теріп жүрген жалғыз ұлын көргенде жүрегі қан жылады. Ауылда басқарма мен бригадир мінетін екі аттан басқа жылқы да қалмапты. Ыңыршағы айналып, тулақтай болған қос мәстекпен не қатырасың? Соқаға жегілген буаз сиырдың іш тастағанын көргенде, қол созым жерде жарылған снарядты көргеннен бетер төбе құйқасы шымырлап еді. Әйтеуір, ел іші, аман-есен жеткеніне шүкіршілік етіп, жұмысқа жегілді. Аяғынан, қолынан айырылып келген жерлестерін көрген сайын тәубесінен танған жоқ. Елуінші жылдардың ортасында кеңшардың құрамына еніп, жағдайлары түзеле бастады. Ауылға биязы жүнді қой әкелді, ірі ферма құрылды. Осы баздардың бәрін өздері тұрғызды. Сақманы бар, жаздағы қырықтығы бар, бәрі той еді. Алғашқылардың бірі болып бір отар қойға ие болды. Жүз саулықтан жүз елу қозы алып, озат шопан атанды. Бұл бармаған жиын, съезд де қалмады. Қайда бармасын, отырғаны төр болды. Енді, міне, ауыл құт боп келген қойдан айырылғасын, тоз-тозы шығып, тұралап қалды. Осының бәрі көз алдынан тізбектеліп өте шықты. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр деп, күрсінді. Ауыр ойдан ба, әлде ешкі қуалап шаршағанынан ба, қол-аяғынан әл кетіп қалғандай дел-сал. Ет пісірім уақыт жатса да кірпіктері айқаса қоймады. Қайтадан есік алдына шықты. Азын-аулақ құсқа жем шашып, қорадағы қойды суарды.
Бас аяғы үш-төрт күннің ішінде арам өлген қойдың қаңқасындай арбиып, он бес баздың қабырғалары ғана қалды. Оны өздері “клюшка” деп атайды. Есесіне, бәрі қорасын шипырлап алды, сыймай бара жатқан малы бардай қалбитып сарай салғандары да бар. Салмағандарының үйлерінің жанында тау-тау болып үйілген тақтай жатты. Қарағайдың майы әлі тамып жатқан тақтайдың үстінде ешкі қаптап жүретін. Жаздағысынан да көбейіп кетті.
* * *
Бір жыл өтті. Баяғы қаптап жүрген ешкі көрінбейді. Серік сияқты жылпостар қыс бойы сойып, базарға апарып ақша қылды. Баздың да орны қалған. Енді ауылдағылар темір бетон сүйеулердің өзін уатып, ішіндегі темірлерін өткізіп жатыр. “Бір “клюшкадан” тура қырық сегіз келі арматура шығады екен, неткен дәлдік”, – деп қарқ-қарқ күліп отырғандарын талай естіді. “Еее, заман-ай… жалғыздың бүгін де келетін түрі көрінбейді ғой…”.
Ескі ферманың үстіне ілініп, қызара бөртіп батып бара жатқан күнге қарап бір күрсінді. Қолын артына қайырып ұстаған қалпы үйіне қарай аяңдады. Былтырғыдан да бетер бүкірейіп қалыпты.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.