“Основание” серіктестігінде тарихтан сыр шертетін мұражай жұмыс істейді. Алғашқы кезде мұражайға тек құрылыс құралдары ғана қойылса, қазір ол жерден өткен ғасырларда тұрмыста қолданылған заттарды да кездестіруге болады.
Кәсіпорын қызметкерлері оларға тарихтың өзі, өткеннің көзі деп қарайды.
Музейде шамамен осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын тұрмыста қолданылған заттар сақтаулы.
– Осыған ұқсас музейді екі жыл бұрын Қызылжар ауданына қарасты Соколовка елді мекенінде көрдім. Кейін неге осындай мұражай ашпасқа деген ой келді, – деді “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Сергей Тимофеев. Оның айтуынша, жәдігерлердің қатарынан орын алған вена орындығы осыдан 100 жыл бұрын қолданылған. Оны Сергей Петрович ескі үйлерді бұзу барысында тауып алыпты. Кейін қалпына келтірген екен. Одан бөлек, мұнда сағат, телефон, самауырлар, фотоапараттар және тағы да басқа дүниелер бар.
Бүгінде музей жаңа экспонаттармен толығуда. Мұражай дүйсенбі мен жұма күндері аралығында жұмыс істейді.
Нұрбол БАЛҒАБЕКОВ.