Қазақ – бейбіт халық. Жарасымды бірлікті шаңырақтың, отбасының, елдіктің алтын діңгегіне, темірқазығына балаған. Ұрпағын татулыққа, сыйластыққа әркез үндеп отырған. “Ырыс алды – ынтымақ”, “Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді” деген секілді сүттей ұйыған ұйымшылдыққа шақыратын мәндес сөздер аз емес. Қазіргі тілмен айтқанда, іс-әрекетінен де, көңіл күйінен де, психологиялық мінез-құлқынан да самала желдей есіп тұратын толеранттылық қасиетті кең пішілген киімдей молынан бере салған.
Қазақстан көп этнос қоныстанған мемлекет болғандықтан, қазақ басты ұлт, жердің иесі, елдің киесі ретінде жұртшылықты аузына қарататындай, соңынан ертетіндей сарабдал, мәмілегерлік саясат ұстануы заңды. Бүгінде беріктік, уағдаластық, бітімгершілік деген түсініктер айрықша маңызға ие. ЮНЕСКО-ның бас конференциясы бекіткен толеранттылық принциптері қоғамның жалпы және саяси мәдениеті деңгейінің көрсеткіші ретінде бағаланып, басқа ойға, көзқарасқа төзімділік, шыдамдылық өлшемдерімен ерекшеленсе де, қазақтың қонақжайлық, бауырмалдық секілді ұғымдарымен мағыналас екені даусыз. Осындай жарасымды сыйластықты өмірінің мәніне, сәніне айналдырып, ауызбіршіліктің жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан ауылдық округтердің бірі – Ақбұлақ. Округ облыс орталығынан алыс орналасқанына қарамастан өркениет көшіне ілескен, жақсы дәстүрлер орныққан.
– Округ орталығы – Ақбұлақ елді мекенінде төрт жүзден астам адам тұрады. Олардың 85 пайызы – қазақтар, 7 пайызы – орыстар, 2,5 пайызы – татарлар мен украиндер. Президентіміздің айқындап берген этносаралық келісімнің, қара шаңырағымыздың тұрақтылығы мен өркендеуінің негізгі бағыттары мен талаптарын дәйектілікпен жүзеге асыру шаралары жан-жақты қарастырылған. Жалпы толеранттылық – барлық өркениетті елдерге тән құбылыс. Мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқы түрлі саяси қысымшылықтардың, қудалаулардың зардабын көп тартқандықтан, толеранттылықтың қоғамдағы мәнін жақсы түсінеді. Кезінде тағдырдың жазуымен туған жерлерінен Қазақстанға еріксіз көшірілген халықтарға қорған болып, жарты құртты бөліп жеген. “Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес” дегендей, ондай құрмет сезімді қуғынға ұшыраған отбасылардың ұрпақтары ұмытпақ емес, – дейді Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Қуаныш Темірханов.
Егемендігіміздің қысқа жіп күрмеуге келмейтін қиын жылдарында осында қалыптасқан мәдени-рухани құндылықтар жайлы сөз етсек, алғашқылардың қатарында Галина Винниченконың есімі мақтанышпен аталады. Ол “Сударушка” славян мәдениеті орталығының негізін қалай отырып, маңайына Т.Слюсаренко, В.Хрулева, С.Тюленова, В.Чернова сияқты өнерпаз құрбыларын топтастыра білген. Салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жаңғырту бойынша көптеген жұмыстар атқарған. Біз марқұм Галина Николаевнаның мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып істейтін қызы Лариса Юрьевнаны сөзге тартқанымызда ол өткен күндерді былай тебірене еске алды.
– Бірлестіктің мүшелері негізінен зейнеткерлер болатын. Олар зейнетақыларына қажетті маталарды сатып алып, костюмдер тіктіретін. Алақан жаюды, тілемсектенуді ұят, ар санайтын. Бойларын ертеңге деген сенім билеп, жанарларынан от ұшқындап тұратын. “Забава” қуыршақ театры, “Истоки” қолөнер, “Возрождение” драма үйірмелері рухани ортамыздың шамшырағы іспеттес-тұғын. Балалар мен үлкендер айрықша шабытпен қатысатын. Клуб үйінің шамы түн ортасына дейін сөнбейтін. Бізді олардың қоғамдық белсенділігі, үйірмелерді ақысыз жүргізетіні таңғалдыратын. Аудандық байқауларға дайындалу, қатысу мерекеден кем түспейтін. Сайыстардан жүлдесіз оралмайтын. Ежелгі славян мейрамдарын өткізумен қатар қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғыртуға, бірге өткізуге белсене атсалысатын. Менікі-сенікі деген болмайтын, әркез біз деп сөйлейтін, – деп еске алды.
Оның айтуынша, анасы орыс болғанымен өзге халықтардың рәсімдерін жетік білген. Мәселен, рождестволық кэролдардың беташары – салттық ән айту дәстүрі болған. Крещение – шомылдыру рәсімінде судың беретін күші дәріптелген. Масленица – ең қызықты, көңілді мереке саналған. Оның басталуы туралы жарлық оқылып, кең аулаға боялған шанамен кірген. Пасхада балалар сырғанаумен және жұмыртқаны ұрумен сайысқа түскен. Троицада қайыңға табыну рәсімі еске түсірілген. “Сударушка” славян мәдениеті бірлестігінің саз ойыншықтарын жасау бойынша өткізген шеберлік сыныптарын үлкендер жағы әлі күнге дейін қызығушылықпен еске алады. Бір жағынан, сәндік-қолданбалы өнердің ежелгі түрлерін жетілдіре отырып, “қозылар”, “кокерельдер”, “ысқырықтар” жасау балалардың сүйікті ісіне айналған.
– Боялған жұмыртқалар пасха мерекесінің ажырамас атрибуты саналған. “Писанки”, “драпанки”, “крашенки” – бұлар жұмыртқалардың әртүрлілігін ерекшелеп тұрады. Шеберлік сыныбын Галина Николаевнаның өзі жүргізген. Әсем етіп боялған жұмыртқалар көздің жауын алатын, тұрғындарға үлестірілетін, – дейді әкімдікте бұқаралық-мәдени жұмыстарға жауапты маман Зәуре Нұржанова.
Үйлену қуыршақтары, “сороки” бас киімін жасау шеберлік сыныптары, отбасын асырау салты жергілікті тәжірибелермен, үйлену тойларымен шынайы түрде сабақтастырылған. Іргесі берік шаңырақтар өзгелерге үлгі етілген. Орталық жұмысының бір бағыты карнавалдық, кештік костюмдер тігуге арналған. Бұдан бөлек, аудандық, облыстық халық шығармашылығы көрмелеріне өздері дайындаған тоқыма бұйымдарын ұсынып отырған. “Возрождение” драмалық өнер үйірмесі ауылдастарына “Патша Иван қалай үйленді?”, “Иванушка”, “Рождество алдындағы түн”, “Шыбын-Цокотуха” тәрізді классикалық шығармаларын ұсынған. “Забава” қуыршақ үйірмесінің қойылымдары – өз алдына бөлек әңгіме. Олардың арасында бірталай белгілі ертегілер бар. “Истоки” сәндік-қолданбалы өнері арқасында сударушкалықтар “Достық-Дружба” фестивалінің жеңімпазы атанған.
А.Чехов атындағы мектептің директоры Маржан Әбілкәрімованың айтуынша, Галина Винниченко және Сәуле Әубәкірованың жетекшілігімен “Сударушка”, “Шапағат” ұлттық мәдени ұйымдарының жұмысы айрықша жанданған. Оның жанында бірнеше үйірме жұмыс істейді. Л.Винниченко, Т.Слюсаренко, Е.Тұрышева, Д.Жылқайдарова, К.Кабланова, Ж.Досымова, Ү.Ескендірова, тағы басқалары бірлестіктің белді мүшелері саналады.
– Мектепте оқитын 77 оқушы округ аумағында ұйымдастырылатын бірде-бір мәдени шаралардан қалған емес. Ауыл тұрғындары ынтымақты, еңбекқор, ұйымшыл. Біз Болатов, Махметов, Басов, Мақыбаевтар секілді әулеттермен мақтанамыз. Жастарымыз осындай отбасыларға қарап бой түзейді. Кезінде өзім де ұлттық мәдени отралықтардың жұмысының бел ортасында жүрген едім. Жақсы істің жалғасын табуы бәрімізді қуантады, – дейді Маржан Мұхамеджанқызы.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Уәлиханов ауданы.