Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада ішкі саясат басқармасының алқа мәжілісі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысты. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов ұжымның 2021 жылы атқарған жұмыстарымен және 2022 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.
Басқарма жұмысының маңызды бір бағыты өңірдегі азаматтық қоғамды нығайту және дамыту болып табылады. Облыста 468 үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның 139-ы облыс аудандарында. Азаматтық сектордың басым бөлігі жастар мен балалар бастамалары, спорт және әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру салаларында жұмыс істейді. Сонымен қатар өңірде 14 қоғамдық кеңес бар.
– Бүгінде облыстың азаматтық альянсы халықтың әл-ауқатын арттыру, мұң-мұқтажын билікке жеткізу мақсатында жұмыс істеуде. Өткен жылы мемлекет тарапынан бірқатар қоғамдық ұйымдарға 200 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның аясында “Көші-қон” бағдарламасы, “Бақытты отбасы” әлеуметтік жобасы, жалғызбасты аналар мен аз қамтылған отбасыларға қолдау, саламатты өмір салтын насихаттау бағытында іс-шаралар атқарылды, – деді “Солтүстік Қазақстан облысының Азаматтық альянсы” қауымдастығының төрағасы Жанат Мұхаметжанов.
Өңірде мемлекеттік жастар саясатын іске асыруды 14 жастар ресурстық орталығы, 34 жастар үкіметтік емес ұйымы, 31 жастар ісі жөніндегі комитет қамтамасыз етеді. Өткен жылы Жастар ресурстық орталықтары 2 мыңға жуық іс-шара өткізді. “Жасыл ел” жобасы аясында 686 адам жұмыспен қамтылды. NEET санатынан және тұрмысы нашар отбасылардан 99 адам жұмысқа орналастырылды. Еріктілер қозғалысын дамыту саласында да көптеген жұмыстар жүргізілуде. Күн сайын 300-ге жуық волонтер мұқтаж жандардың күнделікті мәселелерін шешуге көмек көрсетеді.
– Атқарылып жатқан жұмыстарды бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде көрсетіп отыру керек. Бұл тұрғыда аудан әкімдіктері мен жастар ресурстық орталықтарын да белсенді болуға шақырамын. Тәуелсіздіктің 30 жылында жастарға арналған көптеген жобалар қолға алынды. Әлеуметтік жобалар мен бағдарламалар жайлы білмейтін жандар бар. Үстіміздегі жылы аудандарға арнайы автобустар жіберетін боламыз. Мамандар жастарға кеңес беріп, мемлекеттік бағдарламар жайлы ақпараттандырады, – деді Ғани Нығыметов.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.