Өңірімізде заманауи спорт кешендерінің саны артып келеді. Бұл тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстануына, жастардың спортпен айналысып, шымыр болып өсулеріне айтарлықтай ықпал жасайды. Бүгінгі таңда облыс аумағында 2993 спорт ғимараты жұмыс істесе, бірқатары соңғы жылдары бой көтерді. Әлі сыры кеуіп үлгермегендер қатарында Қызылжардағы “Қуаныш” волейбол клубының спорт кешенін айтуға болады.
“Қуаныш” спорт кешені сыртқы келбетімен де, ішкі жарақтандырылуымен де ерекше көз тартады. Жоғары лигада сәтті өнер көрсетіп жүрген волейболшы қыздарға арнайы салынған бұл нысан мемлекеттік-жекелік әріптестік аясында бой көтерді. Оны клубтың негізін қалаушы, белгілі меценат Қайырбек Хамзин тұрғызды.
Кешеннің жалпы аумағы – 2500 шаршы метр. Астыңғы қабатында орналасқан әмбебап екі залда 220 адамға шақталған жанкүйерлер орны да қарастырылған. Сондай-ақ, мұнда әлемдік деңгейде кең таралған спорт түрлері – бодибилдингпен, кроссфитпен айналысатын жаттығу залдары да бар, онда волейболшылар физикалық дайындақтарын пысықтайды.
Кешенде киім ілгіштен бастап, жуынатын, жаттығудан кейін демалатын, сондай-ақ жаттықтырушылар мен медицина қызметкерлеріне арналған бөлмелер де қарастырылған. Екінші қабатта конференц-зал мен демалыс орындары жасақталған.
– Отанымыздың тұғырлы, ғұмырлы болуы – бүгінгі өскелең ұрпақтың қолында. Білімді, ойлы, ақылды, спортты сүйетін, жаны таза, денсаулығы мықты жас буын қалыптастырсақ, мақсатымыздың орындалғаны, ойымыздың жүзеге асқаны деп білемін. Зәулім ғимарат волейбол спортын сүйетін жастардың жиі келетін, бас қосатын ордасына айналарына сенімдімін. Келешекте осынау еңселі нысан қабырғасынан еліміздің намысын қорғайтын, сонымен бірге Азия, әлем, Олимпиада чемпиондары қанат қағып ұшады деген үмітіміз де жоқ емес, – дейді “Қуаныш” клубының директоры Қайырбек Сәдуақасұлы.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: “Спортқа, дене тәрбиесіне басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт кешендерінің санын арттыру қажет”, – деп айтқан болатын. Теріскейдің спортын, соның ішінде волейболды дамытуда “Қуаныш” кешені өзіндік қолтаңбасын қалдырары анық. Спорт мекемесі басшылығының айтуынша, мұнда кез келген байрақты бәсекені өткізуге болады.
– Командамызға үнемі моральдық, материалдық қолдау көрсетіп, Қазақстан, Ресей қалаларында өтетін сайыстарға бастап баратын, теңдессіз спорт кешенін салып берген кәсіпкер Қайырбек Хамзинге алғысымыз шексіз. Облыс намысын қорғайтын деңгейге дейін көтерілдік. Бұл команда басшылығының, жаттықтырушылар мен демеушілердің және волейболшылардың біріккен еңбегінің жемісі, – дейді “Қуаныш” волейбол командасының капитаны Татьяна Алдошина.
Жерлестеріміздің ұлттық лигада өнер көрсетіп жүргендеріне биыл төртінші жыл. “Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға” дегендей, алғашқы қадамдары 7-ші орынмен түйінделіп, кейін 5-ші, 4-ші орындарға тұрақтаса, өткен маусым өте сәтті аяқталды. Облыс тарихында тұңғыш рет Қазақстан кубогы үшін болған додада қола жүлдені қанжығаға байлады.
Алда сан алуан сайыстар күтіп тұр. Ел чемпионатының кей турлары Қызылжардағы жаңа спорт кешенінде ұйымдастырылуы мүмкін. Заманауи кешен жерлестерімізді жаңа жетістіктерге бастап, үлкен жеңістерге жол ашады деген сенімдеміз.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.