«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Медицинада мәселе көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде облыста 28 мемлекеттік медициналық ұйым, соның ішінде 13 аудандық аурухана бар. Денсаулық сақтау ұйымдарының мәліметі бойынша, 1322 дәрігер, 4981 орта буын медициналық қызметкер еңбек етуде. Десе де өңірде 285 дәрігер жетіспейді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысында айтылды. Медициналық кадрлар тапшылығы, тұрғындарды вакциналау, ана мен бала өлімі және өзге де мәселелер қарастырылған жиынға облыс әкімінің орынбасары Тимур Сұлтанғазиев қатысты.

Күн тәртібінде қаралған кадр тапшылығы мәселесі бойынша облыс­тық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Еркебұлан Баязитов баяндама жасады. Оның айтуынша, психикалық денсаулық, облыстық фтизиопульмонологиялық, ЖИТС-пен күрес, “Жедел жәрдем” орталықтарының дәрігерлік кадрмен жасақталу көрсеткіші 80 пайыздан төмен. Ал 2021 жылы Аққайың, Жамбыл, Қызылжар, Тимирязев аудандары мен облыс орталығындағы бірқатар емдеу мекемелерінде жас мамандардың жұмыстан шығып кетуі орын алды. Оған – мамандардың көрші Ресейге қоныс аударулары және еліміздің алдыңғы қатарлы медициналық ұйымдарына жұмысқа орналасулары себеп. Оңтүстіктен қоныс аударған жас дәрігерлерге тиісті әлеуметтік жағдайдың жа­салмауы да бірқатар мамандардың өңірден кетіп қалуына әсер еткен.

– Өткен жылы өңірге 99 дәрігер келуі тиіс еді. Бірақ соның 49-ы ғана келді. 121 дәрігер бірреттік көтер­меақыға ие болды. Соның ішінде 82 дәрігер – 1,5 миллион, 39 дәрігер 2,5 миллион теңгеден алды. Мамандарға берілген көмектің жалпы сомасы 220,5 миллион теңгені құрайды. Жүз­ден астам маман “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша көтермеақыға ие болды. Одан бөлек, бір­қатар емдеу мекемелерінде жас мамандар үшін түрлі қолдау шаралары қарастырылды, – дей келе, Еркебұлан Баязитов биыл жас мамандарды көтермеақымен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 250 миллион теңге бөлінгенін атап өтті. Сондай-ақ баяндамашы өңірде кадр тапшы­лығын жою мақсатында жергілікті бюджет есебінен жоғары медициналық оқу орындарында 146 резидент білім алып жатқанын, соның 66-сы өткен жылы оқуға түскенін жеткізді. Биыл 60 дәрігерді резидентураға оқуға жіберу көзделуде.

Жиында медициналық ұйымдардың басшыларына жұмысқа орналасқан жас мамандарға қолдау шараларын қарастырып, әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізіп, тәлімгер тағайындау тапсырылды. Медициналық қызметкерлер үшін облыс орталығында 9 қабатты тұрғын үй кешені салынуы тиіс еді, алайда қаржыландырудың болмауына байла­нысты бұл жоба бүгінде жүзеге асырылмаған.

Облыс әкімінің орынбасары Тимур Сұлтанғазиевке дәрігерлер атынан өтініш білдірген Еркебұлан Баязитов осы мәселені шешуге ықпал етуді сұрады. Сондай-ақ ол Ғабит Мүсірепов атындағы, Тайынша, Қызылжар, Айыртау аудандарында медицина мамандары үшін екі-үш қабатты “Дәрігерлер үйі” салынса дейді. – Денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы өзекті. Жас мамандарды жұмысқа тартуда облыста бірқатар оң бастамалар қолға алынуда. Өткен жылдан бастап көтермеақы мөлшері көбейді. Ауылдық жерге жұмыс істеуге барған дәрігерлерге – 2,5, қаладағы мамандар үшін 1,5 миллион теңге қаржылай қолдау қарастырылды. Бұл біздің облыста ғана жүзеге асырылған оң жоба, – дей келе, Тимур Сламжанұлы жас мамандардың жұмыста тұрақтап қалуына жағдай жасауға кез келген медициналық ұйым мүдделі болуы тиіс екенін атап өтті.

Жиында облыс тұрғындарын коронавирус инфекциясына қарсы иммундау шарасы туралы да әңгіме өрбіді. 2021 жылдың 1 ақпанынан 2022 жылдың 26 қаңтары аралығында қауіпті инфекцияға қарсы облыста 287 мың 693 адам екпе алған, бұл тұрғындардың шамамен 77 пайызын құрайды. Соның ішінде 268 мыңнан астамы толық вакциналау курсынан өтті. Алайда облыстағы кейбір емдеу мекемелерінде екпе егу жұмыстары сылбыр жүргізілуде. Мәселен, облыс орталығындағы №3 қалалық емхана, “Денсаулық” коммерциялық емес жекеменшік мекемесі мен Қызылжар ауданында тұрғындарды иммундау көрсеткіші төмен. Қазір өңірде коронавирус инфекциясына қарсы 86,906 доза вакцина бар. Ал 50-59 жастағы облыс тұрғындары арасында екпе алу қарқыны жоғары болғанымен, жүкті және сәбиі бар аналар арасында вакциналау көрсеткіші көңіл көншітпейді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Нұржан Тағаниязовтың айтуынша, 32 мыңнан астам бала мен жасөспірімге, 4,5 мыңдай жүкті әйелге, 6 мыңнан астам сәбиі бар анаға “Файзер” вакцинасы қойылуы тиіс. Алайда аталмыш екпенің алғашқы компонентін 9682 адам, екінші компонентін 6067 адам ғана алды. Соның ішінде 139 жүкті әйел ғана вакциналаудың толық курсынан өткен. Ал бүгінде тұрғындарды ревакцинациялаудан өткізу үшін өңірде екпенің 79 мыңнан астам дозасы бар. Бірақ қалалық №1, 2, 3 емханалар мен Қызылжар аудандық ауруханасында ревакцинациялау көрсеткіші төмен.

– Коронавирус инфекциясының жаңа штамдарының таралуына байланысты қазір ауру жұқтыру көрсеткіші күрт өсті. Бұл ретте қорғаныш механизмі ретінде вакцина өзінің тиімділігін көрсетуде. Тұрғындарды вакциналау арқылы ғана ауруды тежеуге болады. Екпеден бас тарту өлім-жітімнің көбеюіне ықпал етеді. Сондықтан тұрғындар арасында әлі де ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізу қажет, – дей келе, Тимур Сұлтанғазиев созылмалы ауруы бар науқастар мен жүкті әйелдер арасында екпе егу көрсеткіші төмен екенін сынға алды. Бұл орайда өткен жылы тамыз айында коронавирус инфекциясынан қайтыс болған тайыншалық жүкті әйелді мысалға алып, қайғылы жағдайдың себеп-салдары анықталатынын айтты. Бүгінде бес бала анасыз аңырап қалғанын, бұл мәселе облыс әкімінің жіті назарында екенін жеткізген ол тәуелсіз сараптама жүргізілетінін атап өтті.

Алқа отырысында облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Белоног инсульт алған науқастарға медициналық көмек көрсету бойынша баяндама жасады. Облыс орталығындағы көпбейінді қалалық және Тайынша ауданаралық ауруханасында компьютерлік томограф болғанымен, тұрғындар тиісті медициналық көмек ала алмауда. Әсіресе Ақжар, Уәлиханов, Айыртау, Аққайың ауданындағы тұрғындарға көмек көрсететін Тайыншадағы медициналық құрылғы жиі істен шығады. Ал соңғы жылдары өңірде инсульттік ауру көрсеткіші мен өлім-жітім көбейгенін айтып өткен жөн. Сондықтан алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарына жұмысты жандандыру қажет.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp