«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘДЕНИЕТ – ЕЛДІҢ МӘЙЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің облысымызда азаттық таңы үшін күрескен тұлғалардың есімдері өз деңгейінде ұлықталмай отыр. Мәселен, облыс орталығында Абылай хан, Құлеке батыр, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Мақтай Сағдиев, Бәйкен Әшімов, Жұмабек Тәшенев секілді тұлғалардың есімдерін иеленген көшелер жоқ. Биыл Петропавл қаласы әкімдігімен бірлесе, облыс орталығында жоғарыда аталған тұлғалардың есімдерін ұлықтау бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысқан мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының алқа отырысында айтылды.

Қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшы­лары, мәдениет саласының қызмет­керлері, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралда­рының өкілдері қатысқан жиында аталмыш салада өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, биылғы міндеттер сараланды. Сон­дай-ақ бұл шараға аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, аудан­дық, қалалық кітапхана, музей, архив мекемелерінің қызметкерлері “Zoom” платформасы арқылы қосылғанын айтып өткен жөн. Алқа отырысында аталмыш басқарма басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдірейі­сов баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінде сала қызметкерлерінің орташа еңбекақысы 145 мың теңгені құ­райды. Мәдениет ұйымдарында бірқатар кадрларға қажеттілік бар. Бұл орайда 2025 жылға қарай шығармашылық мамандықтар бойынша облыс әкімінің грантын иеленген 75 жас дарын еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарында білім алатын болады.

– Облыстың мәдениет нысанда­рының инфрақұрылымын дамыту мәселесі ерекше бақылауда тұр. Өткен жылы осы бағытта үлкен жұмыстар атқарылды. 2021 жылы “Nur Otan” партиясының “Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!” сай­лауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасы аясында мәдениет ошақтары салынып, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жал­пы облыс бойынша өткен жылы 20 жобаны іске асыруға 1 млрд. 619 млн. теңге қарас­тырылды. Соның ішінде республикалық бюджеттен 756 млн. теңге, жергілікті бюджеттен – 863 млн. теңге бөлінді, – деді Досбол Нұржанұлы.

Жиында елімізде тілдік мұраны сақтау және қоғамдық өмірдің барлық саласында қазақ тілінің қолданылуын қамтамасыз етіп, оның барынша дамуына қол жеткізу – бүгінгі күннің басты талабы екені айтылды. Осы мақсатта біздің облысымызда да ауқымды іс-шаралар қолға алынып, мемлекеттік тілді оқып-үйрену, еркін әрі тегін меңгеру үшін барлық материалдық-техникалық жағдайлар жасалуда. 2021 жылы тілдерді оқыту орталығында 140 топта 2500-ден астам тыңдаушы тіл үйренсе, қалалық және аудандық бюджеттерден 64 топта қазақ тілін оқыту ұйымдастырылды.

Мемлекеттік тіл саясатын наси­хаттау бағытында 1 республикалық, 20-ға жуық облыстық, 400-ден астам аудандық, қалалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Биыл Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аясында қазақ әліпбиінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілетін болады. Жалпы облыс бойынша аталған мереке аясында 300-ге жуық шара өткізу жоспарланып отыр. 2022 жылы елімізге танымал бірқатар тұлғалардың мерейтойлары аталып өтеді. Көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің 120 жылдығы, Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығын өз деңгейінде ұйымдастыру көзделуде.

Отырыста облыстық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызметі орталығының директоры Жанболат Мұқанов, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрының көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаров, Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Құралай Бекпаева, 2020 жылғы “Рухани қазына” республикалық байқауының жеңімпазы, Аққайың аудандық кітапханасының директоры Мариям Шәріпова баяндама жасады. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов та сөз сөйлеп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Ол ономастика, тіл мәселелері туралы ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, перинаталдық және халыққа қызмет көрсету орталықтарында қазақ балаларының есімдерін ана тілінде жаздыруды қолға алу, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, мектептерде қаракөз ұлдар мен қыздардың ана тілдерінде сөйлеуін насихаттау, балалардың жас ерекшелігіне сәйкес түрлі ынталандыру шараларын ұйымдастыру көзделуде. Отырыста облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов “Қазақ тілі” қоғамы тарапынан алда атқарылатын шаралар қолдау табатынын айтты.

– Облыста мәдениет саласына үлкен көңіл бөлінуде. Бұл саладағы барлық бағыттар бойынша оң көрсеткіштер байқалуда. Мәдени нысандар саны артып, инфрақұрылым жақсаруда. Бұл салаға жыл сайын бөлінетін қаржы да қомақты. Қазақстан қоғамын нығайтатын мерекенің бірі – Наурыз мейрамын тойлау биыл аса маңызды оқиға болмақ. Осыдан 30 жыл бұрын біздің мемлекетіміз алғаш рет Наурыз мейрамын кеңінен атап өтті, – дей келе, Ғани Сақтағанұлы осы салада абыройлы еңбек етіп жүрген барша мәдениет қызметкерлеріне алғысын жеткізіп, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың жұмы­сына оң баға берді. Отырысты қорытындылай келе, кадрлар тапшы­лығын жою, осы сала қызметкерлерін әлеуметтік ынталандыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты алда бірлесе атқаратын шаруалар аз емес екенін жеткізді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp