Жамбыл ауданында 14 кітапхана бар. Ауданның орталықтандырылған кітапханасы мен 13 ауылдық кітапхананың есігі оқырмандар үшін әрдайым ашық. Өткен жылы аудандық кітапхана карантиндік шектеулерге байланысты көбіне онлайн режімде жұмыс істеді. “Facebook” және “Instagram” әлеуметтік желілері арқылы жұмыс жүргізілді, жағдай тұрақтанған соң шығармашылық үйірмелер мен клубтар жұмысын жалғастырды.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудан кітапханаларында “Тәуелсіздіктің құрдасы” атты шара, Жеңістің 76 жылдығына, Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына арналған челледждер, оқырмандар арасында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған мәнерлеп оқу байқауы өтті. Әлеуметтік желілерде кітапхана оқырмандары үшін жаңа әдебиеттерге шолу жасайтын топ құрылды. Аудандық кітапхананың балалар бөлімі мектепке дейінгі мекемелермен тығыз байланыста жұмыс істейді.
– Кітапханашылар онлайн режімде түрлі аудандық және облыстық байқауларға, челлендждерге белсене қатысты. Өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін үйренуге арналған “Ғасырлар құпиясын сақтаушы – тілім менің!” атты сайыс өтті. Мақсаты – қазақ тілін тереңдетіп оқуға ниет білдірген басқа этностар өкілдерін және мемлекеттің тіл саясатын қолдау, сондай-ақ қазақ тілін насихаттау болып табылады. Қатысушылар өз бейнероликтерінде Абай Құнанбаев, Қасым Аманжолов, Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқыды, – деді ауданның орталықтандырылған кітапхана директоры Айнагүл Сарымсақова.
Сарқылмайтын бұлақ көзі – кітапхана мектеп қабырғасында оқып жүрген оқушыға да, кәсіптік білім алушы студентке де, оқырманға да екінші үйіндей. Айнагүл Нажарқызының айтуынша, “Бір ел – бір кітап” акциясы аясында танымал қазақстандық авторлардың поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы 30 үздік туындысы “30 кітап – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы” деген атпен таңдалыпты. “Жыл кітабы” челленджі ұйымдастырылып, Уәлиханов аудандық кітапханасынан қабылдап алған эстафетаны Тимирязев аудандық кітапханасына табыстаған. Челленджге аудандық орталық кітапхананың кітапханашылары қатысып, олар акцияның 30 кітабы тізіміне ұсынылған Мұқағали Мақатаевтың “Өмірдастан” атты поэмасын жатқа оқыған.
– “Ізгі істер марафоны” жалпыұлттық жобасы аясында аудандық кітапхана “Кітап сыйла” акциясына қатысты. Кітаптарды Преснов әлеуметтік қызмет көрсету орталығына сыйға тарттық. Өткен жылы облыс орталығында “Кітапханашы – 2021” байқауы өтіп, оған біздің кітапханашымыз А.Тумурзина қатысып, “Тәуелсіз Қазақстанның кітапхана жолы” атты көрмеде кітапханамыздың жұмыс нәтижелерін көрсеттік. Сондай-ақ облыстық семинар барысында “Парасат жолы” жобасының жұмысы және балалар үшін оқу жылының басталуына арналған іс-шараларды өткізгеніміз үшін Алғыс хатпен марапатталдық, – дейді кітапхана басшысы.
Игілік РАХМЕТОВ.
Жамбыл ауданы.