Мамлютка қаласының іргесінде орналасқан Воскресеновка ауылында 775 тұрғын тұрады. Аудан орталығына жақын орналасқандықтан болашағы жарқын елді мекендер қатарында. Осы ауылдық округке тағы екі ауыл қарайды, Искра тұрғындарының саны – 224, Становоеда 171 адам түтін түтетіп отыр.
Воскресеновка ауылында оңтүстік өңірлерден көшіп келген отбасыларға арналып 7 үй салынған. Ағайындар биыл бірінші жыл қыстап жатыр. Бір әттеген-айы, ауылда қазақ мектебі жоқ. Қаймағы бұзылмаған қазақы ортадан келген, орыс тіліне шорқақ олар балаларын қайда оқытпақ? “Аудан орталығындағы мектеп-интернатқа бергіміз келмейді. Ересек бала болса бір жөн, қабырғасы қатпаған бастауыштың оқушысына интернатта тұру қиын”, – дейді қоныс аударушылар. Түркістан облысынан көшіп келген Еркінай Жамалова екі немересін амалсыздан орыс мектебіне беріп, сабақ үлгерімі төмендеп кеткенін айтады.
– Ордабасы ауданынан өткен жылы қазанда көшіп келдік. Жолдасым екеуіміз де зейнет демалысындамыз. Үлкен ұлым мен қызым Ордабасында тұрады. Қолымдағы кенже ұлым бала кезінен кемтар. Екі жасында қатты ауырып, соның әсері ме, сөйлей алмай қалды. Кез келген жұмысты істей алады. Келінім де сөйлей алмағанымен, жоғары білімді, есепке жүйрік, балаларының оқуын өзі қадағалайды. Бастапқыда немерелерімізді амалсыздан орыс мектебінде оқыттық. Ұзақ жыл ұстаздық қызмет еткен мен қазақша тәрбиеленген баланың бірден орыс сыныбына түскені қиын болатынын жақсы білемін. Бір айдай оқып, қатты қиналды. Мектеп директоры да баланың үлгерімі төмендеп кеткенін, қазақ мектебінде оқыту керектігін айтып, ақыл-кеңесін берді. Сосын Мамлюткадағы санаторлық мектеп-интернатына орналастырдым, – дейді Еркінай апа қынжылып.
Бұл жаққа келудегі мақсаты – балаларын осы өңірге жерсіндіріп, кәсіппен айналысуына жәрдемдесу. Мемлекеттің тиісті көмегін алып, өздерінің жеке шаруашылығын ашпақ ойлары бар. Ұлы мал бағуға, келіні кондитерлікпен айналысуға ынта танытып отыр. Шаштараздықты да оқып алған. Қазірдің өзінде үйде нан пісіріп, көршілеріне сатады. Бұл бизнесті дамыту үшін жоғары кернеулі электр тоғы керек екен. Қайтарымсыз грант алып, ойлаған ісін кеңейтпек. Көктем шықса, жылыжайда көкөніс өсіруді қолға алмақ.
– Тұрғылықты жеріміз бойынша тіркелу мәселесі шешілмей тұр. Аудан әкіміне бірнеше рет барғаныммен “үйдің құжаттары толық біткен жоқ” деп шығарып салды. Үйдің құжаттары жоқ болса, оған қалай адам кіргізеді деген заңды сауал туындады. Біз мұнда қоныс аударғанда су да, электр жарығы да болмады. Үйді пайдалануға беруге жауаптылар “істеп береміз” деп уәдесін үйіп-төкті. Алғашында электр қуатын көршіден уақытша алдық. Электр сымының жерде жатқаны да балалар үшін қауіпті. Ойнап жүріп ұстап алуы мүмкін ғой. Әйтеуір, бұл мәселе шешімін тапты-ау. Үйдің төбесін де өзіміз жылылап, кіреберісті қоршадық, – дейді Еркінай апа.
Осы ауылдың тұрғыны Аршат Жатқанбаев болса, өткен күзде Жамбыл облысынан көшіп келіпті. Қайтарымсыз грант алып, шаштараз кәсібімен шұғылдануға ниетті. Сондай-ақ мал ұстағысы келеді. “Екі баламның үлкені биыл мектепке барады. Бірақ қай мектепке берерімді білмеймін. Мұндағы орыс мектебінде оқытқым келмейді. Аудан орталығындағы интернатқа жатқызып оқыту балаға қиын болатын сияқты. Келіншегім Искра елді мекенінде фельдшер болып жұмыс істейді. Күйеу балам мен қарындасымды қасымыздағы үйге орналастырдық. Үшінші үйге Алматыдан келгендер қоныстанды, бірақ жарық болмағандықтан, уақытша басқа үйде тұрып жатыр”, – дейді Аршат Жатқанбаев.
Ауыл мектебінің директоры Инна Могунова оңтүстіктен келген қазақ отбасыларының балалары тіл білмегендіктен мектеп бағдарламасын меңгере алмағанын, мұндай жағдай оқушының сабақ үлгеріміне кері әсерін тигізетінін байқап, олардың ата-анасына тиісті ақыл-кеңесін айтқан. Мектеп директорының сөзінше, Воскресеновкадағы 464 балаға арналған білім ордасында қазір 131 оқушы бар. Биыл бірінші сыныпқа 14 бала барса, 4 түлек мектеп бітірмек. Көрші ауылдан келіп оқитын 15 бала үшін мектептің үшінші қабатын интернат етіп жабдықтаған. Мектепте қазақ сыныптарын ашу ұсынысы болғанымен, білікті маман жоқ болғандықтан қолдау таппаған көрінеді. Оның үстіне аудан орталығы жақын болғандықтан интернатқа тасымалдау туралы шешім қабылданған. Бұл тұрғыда аудандық білім бөлімі қазақ мектебінде сабақ беретін кадр мәселесін шешіп, білім ошағын аралас мектепке айналдырса, онда оңтүстіктен келетін қандастардың қарасы да артары анық. Топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, іргесін көлдің суы шайған, мамыражай ауылға қоныс аударғысы келетіндер тіптен көбейер еді.
Ауылда мектептен басқа да мәселе баршылық. Мысалы, Целинная көшесінде тұратын ағалы-інілі Қойшыбековтер Түркістан облысының Төлеби ауданынан мұнда мал шаруашылығымен айналысу мақсатында келіпті. Алты баланың әкесі, механизатор Болатбек Қойшыбеков 2020 жылы жазда келіп, мемлекет берген үйдің кем-кетік жерін жөндеп, қора салып алған. Алғашында он сиыр, он ешкі сатып алған. Бірақ мал азығын дайындау кезінде қатты қиналған. Әрі төрт түлікті көбейтіп, егін егейін десе ауыл іргесінде бос жер жоқ.
Балаларымен бірге мал өсірумен айналысқанына біраз жыл болған Шамуддин Гайнуддинов те жердің тарлығы аяққа тұсау болып отырғанына қапалы. Осыдан 9 жыл бұрын арнайы бағдарлама аясында 6 пайызбен несиеге 90 тұяқ қой сатып алыпты. Жыл сайын төлін сатып, кеткен шығынды жауып отыр. Қазір қой саны 250-ге, жылқы-сиыры 40-қа жеткен.
– Былтыр конкурс арқылы 30 гектар жер алғым келген, бірақ маған бұйырмады. Өткен жылы 2 мың килограмм қара малдың, тағы сондай көлемде қой етін өткіздім. Егер жайылым кең болса, қой басын мыңға дейін жеткізуге болады, – дейді ол.
Жайылым тапшылығы мәселесін, көшіп келушілерге арналған үйлердегі кемшіліктерді айтып, Воскресеновка ауылдық округінің әкімі Виктор Мищенкоға жолықтық. Әкім қоныстанушыларға арналып салынған үйлердің сапасына шағымның жоқтығын алға тартты. Ал құжаттарын бітіріп, тіркеу мәселесін жеделдетуді жергілікті сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне сілтеді.
– Мұндағы әр отбасы өзіне жеткілікті мал және құс асырайды, олар жерден таршылық көріп отырған жоқ, – деп қысқа қайырды. Әкімнің мал басын арттыруға мүдделі шаруаларды жердің тарлығы тығырыққа тіреп отырғанына үстірт қарағаны қалай?
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.